Ұлытау облысындағы Ақселеу Сейдімбектің мүсініне қатысты аудан әкімі пікір білдірді

0

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында қазақ даласының абыз тұлғасы Ақселеу Сейдімбекке қойылған ескерткіш қоғам наразылығын тудырды. Әлеуметтік желіні лезде шарлап кеткен ұсқыны келіспеген мүсіннің фотосы айналасында түрлі пікірлер жазылуда.

Журналист Мұқағали Сейтқазының ақпараты бойынша, аталған ескерткішті тұлғаның туған-туыстары өз қаражаттарына жасатқан. Бұл мәселеге орай Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин өзінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында пікір білдірген. «Ескерткішті Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаражаты есебінен жасатып, барлық құжаттары дұрыс екендігін жеткізген. Ақселеу мүсіні менің де көңілімнен шықпады. Осыған орай, ескерткішті тапсырыс берушілерге қайтару туралы шешім қабылданды. Орнына талапқа сай, тұлғаның бейнесіне сәйкес келетін ескерткіш қою үшін тиісті шаралар қолданылатын болады», — делінген жазбада.

Демек, жуырда Жаңаарқа даласында жазушы, тарихшы һәм этногроф, мұқым елге ортақ ұл Ақселеу Сейдімбектің еңселі ескерткіші бой көтеретін болады.