Ұлының туған күнін тойлап, 5 минутқа сыртқа шыққан: Лифт шахтасына құлап көз жұмған азаматтың туыстары мән-жайды айтты
Алматыда лифт шахтасына құлап, мерт болған ер адам онда алты сағаттан артық жатып қалған. Марқұмды жер көктен таппай іздеген туыстары, істен шыққан жедел сатының үңгіріне түсіп кеткенін ойламапты да. Өйткені алтыншы қабатта есігі ашық тұрды дейді. Егер, көршілері екі күнде бір бұзылатын лифті жауаптыларына хабарласпаса, тағы бір күн жатар еді деп жылауда. Одан кейін құтқарушыларды шақырған. Олар да түн жарымда әрең жетіпті. «Алғабас-6» ықшамауданының жұрты түннен бері үрейлі.
Алтыншы қабатта тұратын ауған соғысының ардагері лифтіні әуелі сонда шақырған. Келіп болмаған соң бесінші қабатқа түскен. Жедел сатыны тағы шақырған. Мұнда да көп күткен. Одан кейін лифтінің істеп, не істемей тұрғанын тексерсе керек, есігін аяқпен тебеді. Есік ашыла бергенінде өзі аунап шахтаға бір-ақ құлаған, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».
Ұлының туған күнін тойлап сыртқа бес минутқа шыққан Талғат Жастықбаев сол бойы үйіне оралмады. Сағат түскі төрттер шамасында шахтаға құлаған. Ешкім көрмеген де, білмеген. Тек үш сағаттан соң, тұрғындар жедел сатының істемей тұрғанын көріп, мамандарға хабарласыпты. Ал ол кезде ауған соғысы ардагерінің туғандары әкелерін жер көктен шырылдап іздепті. Бірақ жер астына түсіп кетеді деп ойламаған да.
«Құтқару қызметін әлі күтеміз, жоқ. Денесінің жатқанына үш сағат болды. Арнайы топты күтіп тұр. «Енді қашанғы жатады, шығарайық. Таңға дейін жатпайды», — дедік. Осылардың қатысуымен денені шығарып, осы жерде тексерді», — дейді марқұмның туған інісі Доғдыр Жастықбаев.
Кешкі жеті жарымда шақыртылған мамандар түнгі онда бір-ақ келген. Шахтада алты сағат қансыраған ардагерді ең бірінші солар көріп, бірден жан-жаққа хабарласыпты. Көршілері төтеншеліктер де екі сағатқа кешігіп жетті дейді. Оқ пен оттың ортасынан аман келген батырдың ажалы лифтіден болды деп өзектері өртенуде.
«Екі қызыл жұлдызы бар. 79 жылы кірген кісі. Енді лифтіден ажал тауып отыр», — дейді марқұмның көршісі Ғабит Рымқұлов.
Кешелі бері айналасы сары жіппен қоршалған лифті сол алтыншы қабатта тоқтап тұр. Ал, бесінші қабаттағы есігі ашық-шашық күйі әлі тұр. Жөндеген жан жоқ. Тұрғындар да үрейлі. Лифті түгілі подъездегі сатыдан жүруге де қорқады. Осыған дейін талай бала есігіне қысылып, талайы ішінде қалып қойған қараңғыда. Тіпті, былтыр өртенгенде де бәрін қатырамыз деп жылы жапқанына ашулы.
«Балаларымыздың қалып қалуы, орта жолда тоқтап қалуы… Ішіне кірген кезде іші шайқалады. Қысым жоғарлаған сайын көтермейді ме? Ішіне кірсең сезінесің», — дейді марқұмның көршісі Айдана Сүйіншіәлива.
Ал, жауаптылар лифтінің еш ақауы жоқ деп өздеріне шаң жуытар емес. Керісінше тұрғын есігін теуіп, мастықтан теңселіп ішіне құлағанын айтады. Әйтпесе, 25 жылдық кепілі бар жедел саты үш жыл бұрын ғана алынды, халықтың өзі салақ қарайды, дейді.
Ал, марқұмның туыстары оның 100 грамм ұрттағанын жасырмайды. Тек екі күнде бір сынатын лифтілерін уақытында ауыстырса адам шығыны болмас еді, дейді. Адам өлімінен соң ғана қозғалатын жауаптылар да енді күнде тексеретін боламыз деп жұбатуда. Ал, Алғабастағы бұл үйлер соғыс ардагерлерінен басқа, көпбалалы отбасылар, жетімдер мен жесірлерге үкіметтен тегін берілген баспана екенін айта кету керек.