«Ұлымды ұрмадым»: Шығыс айналма жолынан табылған баланың әкесі кінәсін мойындамады — новости Казахстана
Бүгін Алматы қалалық сотында ауыр жарақатпен Шығыс айналма жолынан табылған баланы ұрды деп күдіктелген туған әкесіне қатысты сот ісін қарау басталды. Алғашында, бүлдіршінді көлік қағып кеткені айтылғанымен, әкесі өз баласын ұрып тастағанын мойындаған еді. Енді Мұрат Асқар-оғлы өзінің бұл іске қатысы жоқ екенін айтып отыр деп хабарлайды Zakon.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Адам өлтіруге оқталғаны үшін айыпталған сотталушының айтуынша, ол өз баласын ұрмаған және осы уақытта жұмыста болған. Ал оның кінәсін мойындаған видеосы полицейлердің қысымымен түсірілген.
Сондай-ақ, ер адам өзінің есеңгіреп қалған жағдайын пайдаланып, оған белгісіз затты күштеп жегізгенін айтады.
«Өйткені, мен қылмысты істеген жоқпын. Мен Аллаға сенетін адаммын. Қалайша әкесі өзінің туған ұлына қол көтере алады? Ол жол апаты болған. Мен ұлымды ұрған жоқпын. Ол уақытта жұмыста болдым. Мұны адамдар да растай алады», — деді сотталушы.
Одан бөлек, азамат өзінің ешқашан ішпегенін және сол күні де сау болғанын айтады.
Күдікті Шығыс айналма жолында ұлын ілестіріп бара жатқан видеосына байланысты да өз шындығын айтты. Оның сөзінше, сол уақытта ол досына барған. Артынша азамат ұлын үйге апарып, жұмысына кетіп қалған.
Сонымен қатар, сотталушының қорғаушысы Нұрлан Үстеміров ҚІЖК-нің бұзылғандығы туралы мәлімдеп, оның қорғаушысы бастапқы жауаптан бас тартқанын айтты.
Оның сөзінше, ауруханадағы балақай жол талғамайтын қара көлік туралы мәлімдеген. Оден бөлек, денесінде жол апатын білдіретін белігелер табылған екен.
Қорғаушының сөзінше, баланың әкесі сегіз жылдан бері ораза ұстап келеді және ішімдік ішпейді. Оның айтуынша, бұл Мұрат Асқар-оғлының кінәсіз екенін толық дәлелдейді.
Нұрлан Устеміров істі қосымша тергеуге қайтару туралы өтініш берді. Нәтижесінде бұл өтінішті сот қанағаттандырып, іс тергеуге қайтарылды.
Ал басты талқылау белгісіз мерзімге ауыстырылды.
Алдымен Мұрат Асқар-Оғлыға денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру туралы бап бойынша айып тағылса, кейін іс кісі өлтіруге оқталу туралы бап бойынша қайта саралаған.
Бұл оқиға осы жылдың жаз мезгілінде орын алған. Шығыс айналма жолынан табылған төрт жасар баланы алғашында көлік соғып, жол бойына қалдырып кеткені айтылса, артынан әкесі ұлын таспен ұрғанын мойындаған.
Бейнежазбада азамат сол күні не болғанын толық айтып берген.
Ал ауруханадан шыққан балақай өзін әкесі ұрғанын жоққа шығарды.