«Ұлымды бір көруге зар болдым»: Бұрынғы күйеуі балаларын тартып алған әйел жанайқайын айтты
Қарағанды қаласының тұрғыны Мадина Сүлеймен бұрынғы күйеуі Марат Қалиевке қарсы өткен сот отырысында жеңіске жетті. 27 жастағы келіншек үш баласының екеуін бермей, ортаншы ұлын жарты жыл бойы өзіне көрсетпеген бұрынғы күйеуімен дауласқан болатын. Сегіз рет өткізілген сот отырысында судья балаларды анасымен, яғни, Мадина Сүлейменмен қалдыру туралы шешім шығарды. Ал бірнеше айдан бері ұлы мен қызын көруге зар болған келіншек KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат беріп, осы аралықта басынан кешкен қиындықтарын ешкімге де тілемейтінін айтты.
Айта кетелік, Мадина Сүлеймен әлеуметтік желіде үндеу жариялап, күйеуі Марат Қалиев пен оның отбасынан түрлі қысым көргенін, күйеуінің жиі таяққа жығып, тіпті, енесінің де соққының астына алғанын мәлімдеген болатын. Жас келіншектің тағдыры көпшілікті бей-жай қалдырған жоқ. Мадинаның айтуынша, заңды түрде ажырасса да, бұрынғы күйеуі тарапынан моральді және психологиялық қысым мүлде тоқтамаған. «Бұрынғы күйеуім мені мазалауын тоқтатқан емес. Әсіресе, ақпан айының соңында одан әрі үдете түсті. Телефоннан дауыс көтеріп, балағаттап, аузына келгенін айтты.
«Сен балаларды не істейсің? Сенің бала қарайтын мүлде жағдайың жоқ. Балалардан бас тарт» деп қоқан-лоққы көрсетуден шаршаған жоқ. Ал 5 наурыз күні оның балабақшадағы қызыма барғанын естідім. Қызым Жанияны да алып кетеді деген қорқыныштан қалтырап, балабақшаға қалай жеткенімді де білмей қалдым. Ол менің рұқсатымсыз қызыма келіп тұр екен. Оны алып кетпесе де, солай келгенінің өзі мені қатты қорқытты. Маған психологиялық шабуылдар жасаған соң, өзімді ұстай алмай, көлігін теуіп тастадым. Әрине, мұным дұрыс емес. Бірақ сол кезде қатты шарасыз едім. Басқа амалым болмады», — дейді Мадина.
Бұрынғы күйеуімен ажырасқан соң балалардың алдағы тағдырына қатысты сегіз рет сот отырысы өткен. Осы уақыт аралығында Мадина ортаншы ұлын көре алмай, оны елордадағы ауруханаларға бірнеше рет іздеп барады. Алайда, Марат Қалиев пен оның анасы Мадинаға ұлын көрсетпеу үшін бар амалды жасауда. «Ұлымның тілі кеш шығуда. Соған байланысты оны елордаға емдеуге апарғанын естіп, балам жатуы мүмкін барлық емханаларды шарлап шықтым. Таппадым. Сөйтсем, сол жолы пәтерде болыпты. Кейін оның қайда жатқанын ақыры тауып, бірнеше рет білдірмей ойыншық беріп жібердім.
Дәрігерлермен, қасында жатқан адамдармен байланысқа шығып, оның суретін, видеожазбасын жіберуді жалынып сұрадым. Түсінесіз бе, туған ұлымды көру үшін не істемедім? Өмірде мейірімді адамдар бар екен. Ұлыммен бір палатада жатқан келіншек бұрынғы енеме білдірмей, оны видеоға түсіріп жіберді. Ұлымның бейнесін көргендегі сезімімді жеткізе алмаймын. Оны маған мүлде көрсетпейтіні жанымды жегідей жеуде. Қазір сотта жеңсем де, бір-екі айсыз балаларымды көруге мүмкіндік жоқ. Адвокаттарымның айтуынша, Марат қайтадан аппеляция береді екен. Десе де, мен балапандарымды көретін күнді асыға күтіп жүрмін», — дейді Мадина.
Мадина отбасындағы кезекті ұрыс-керіс пен жанжалдан әбден шаршап, 17 қараша күні үйінен кетіп қалған. Ол балаларын бірден алып кетпейді, себебі, күйеуінің сәбилерді күштеп қайтаратынына сенімді болған. Сол себепті, ол заң жүзінде, сот шешімімен балаларын өзіне алу үшін күреске кіріседі. Мадинаның ортаншы ұлынан жырақтағанына 13 мамыр күні жарты жыл толады. Осы аралықта ұлын екі рет көрген. Бір рет сот белгілеген психологиялық экспертиза кезінде, екінші рет қызын алып кетуге барғанда дидарласады. «Мен қызымды алып кеттім. Кейін психологиялық тест кезінде Марат оны екі аптаға жалынып сұрап алды. Әрине, қызымды бермеуге болатын еді.
Бірақ, психолог маған теріс баға бермеу үшін әрі әкесінің шын сағынғанын көріп, балалардың да бір-бірін іздегенін ескеріп, қызымды бердім. Бірақ ол уәде етілген 25 наурыз күні Жанияны маған қайтарған жоқ. Оған 70-80 рет телефон шалдым. Жауап бермеді. Міне, енді мен екі баламды да сот арқылы алуға мәжбүрмін. Мұндайды ешбір ананың басына бермесін. Айтпақшы, сот кезінде Марат: «Қызым аш, арық, кір киім киген. Анасы мүлде қарамаған» , — деп айыптады. Мұның өтірік екенін психолог сотта растады. Ол қыз баланың ұқыпты киінгенін, тамағы тоқ болғанын және қарны ашып қалмасын деп менің қосымша құймақ пісіріп алып келгенімді айтты.
Марат мені жеккөрінішті ету үшін қанша амал жасаса да, мен балаларым үшін ең соңына дейін күресемін. Тоғыз ай көтеріп, бағып-қаққан анасынан балаларды тірідей айыру үшін қандай жүрек керек екенін білмеймін », — дейді ол.