Ұлыбритания парламенті Тереза Мэйге сенім білдірді

0

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй парламентте үкіметке сенім білдіруге қатысты дауыс беруде депутаттар қолдауына ие болды. Мэйдің Консервативтік партиядағы серіктері ұйымдастырған дауыс беруде премьерді 200 депутат қолдады, партиядан сайланған 117 депутат сенімсіздік білдірді. Мэй енді Ұлыбритания премьері болып қала береді. Оны қызметінен шеттету үшін парламенттің өкілдер палатасындағы Консервативтік партиядан сайланған 315 депутаттың кем дегенде 158-і қарсы дауыс беруі керек болған.

Дауыс беру нәтижесі жарияланғанға дейін Мэй партиядағы серіктеріне 2022 жылға белгіленген парламент сайлауына кандидатурасын ұсынбайтынын хабарлады. Оның сөзінше, торилердің (Консервативтік партия мүшелері — ред.) көпшілігі оның сайлауалды кампаниясын басқарғанын қаламайды.

Мэй өзін премьер қызметінен шеттетпеуді сұраған. Оның пікірінше, оппозиция өзінің қызметтен шеттетілгенін тиімді пайдаланып, Ұлыбританияның Еуропа Одағынан шығуына кедергі келтіргісі келеді.

Кеше таңертең консерваторлардың Тереза Мэйге сенім білдіру мәселесін күн тәртібіне шығаруға қажет 48 дауыс жинағаны жарияланған. Торилердің Мэйдің Ұлыбританияны Еуропа Одағынан шығару саясатына көңілі толмайды.

Ұлыбритания Еуропа Одағынан 2019 жылғы наурыздың соңында шығуды жоспарлап отыр. Одақ елдері Brexit туралы Лондонмен жасалған келісімді 25 қараша күні мақұлдаған. Британ парламенті ол келісімді қабылдай ма, жоқ па ол жағы әзірге белгісіз. Ұлыбритания үкіметі депуттардың келісімді аса қолдай қоймағанына байланысты оны дауысқа салуды 21 қаңтарға қалдырды.

Парламент өкілдерінің көбі келісімді мақұлдаудан бас тартып отыр. Кейбірі құжат шарттарымен келіспейді, кейбірі елдің Еуропа Одағынан шығуына қарсы және Brexit бойынша қайта референдум өткізуді ұсынады. Тереза Мэй екінші рет референдум өткізу мүмкін емесін айтады.

Дереккөз: Азаттық