Ұлы даланың жеті қыры: Ұлттық үрдістің ұйытқысы – дінтанушы
Астана, BAQ.KZ. Ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы туралы дінтанушы, профессор Досай Кенжетай өз ойын білдірді.
Қазақстан Республикасының Президенті, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, расында, кешегі «Рухани Жаңғыру» бағдарламасымен сабақтасып, толықтырып тұратын кешенді мақсаттарды қамтыды. Тарих философиясы тұрғысынан кеңістік пен уақыт және адам тұжырымдамасы осы мақалада ашық көрініс тапқан. Мемлекет басшысының, саясаткердің тарихқа деген көзқарасы, ол елдің тарихи рөлі мен болашағына деген бағдар екендігі белгілі. Тарихты өткен, бүгін және ертеңгі ракурстармен сараптау ұстанымы да тұтастыққа деген ұмтылыс. Бұл да кешегі «еуропацентристік» тенденциялар мен танымдарға деген жауап болса керек. Расында бүгінгі жахандық қысымдар мен нобайлардың жылдамдығына қарап ақ, бүгінгі жастарымыздың өз тарихы мен құндылықтарын деген жаттануын, өз қағынан жеруін көріп отырып, ой мен сөзді іске көшірмесек кеш болатыны белгілі болды. Сондықтан Елбасы тарихқа оң көзқарас қалыптастырудың кешенді іс қимылы мен ұсыныстарын «Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деп, тұжырымдап беріпті.
Сондай-ақ, Елбасы «Түркі әлемінің бесігі Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты» дей келе орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі — Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелгенін, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқанын әңгіме өзегіне айналдырады. Ұлы даланың ұлы есімдері Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелгенін айтады. Жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажеттігін алға тартады.
Расында да, адамзат тарихында «екінші ұстаз» атанған Фараби бүгінгі өркениеттік ойлаудың негізін қалыптастарған ойшыл болатын. Ол Алла әлем және адам үндесігі мен үйлесімділігінің философиялық моделін жасады. Мемлекет, дін және мәдениеттің уақыт пен кеңістіктегі құндылықтар бастауы ретінде маңыз берді. Адам мен таным арасындағы дәрежелер мен статустардың ой-сана мен білімге барып тірелетін кешен екенін тұжырымдап берді.
Ал Иасауи болса, барша түркі халықтарының түркі ислам өркениетіне барар жолдағы ар мәселесін, хәл ілімі ретінде негіздеп кетті. Сондықтан да оны барша түркі халқы дәріптеп, «Мәдинада Мұхаммед, Түркістан Қожа Ахмет» ретінде таныды. Хазини өзінің «Жауахир ал Абрар мин амуажил Бихар» деген еңбегінде Иасауиді «Ахмади Санидүр ол, Сұлтани Түрік» деп танытыпты. Навои болса, «Насаим ал Мухабба» деген трактатында «Пір и Түрк и стан», яғни түріктердің ұстазы ретінде жазып кеткен. Мына бүгінгі қаламыздың атауы да осы Иасауи атымен тікелей байланысты. Бұл жер рухани астана ретінде танылуы да тікелей Иасауи тұлғасымен байланысты құбылыс.
Сондай-ақ, Президент «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив — 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын» дейді. Елбасы айтқандай, алдағы уақытта бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек. Біз де, ел Президентінің бұл мақаласын былтырғы «рухани жаңғырудың» жаслғасы ретінде «тарихи сананы» жаңғыртудың кешенді жобасы ретінде қабылдадық.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ