Ұлы даланың жеті қыры. Елбасының ізгі бастамалары келешек үшін маңызды – Қаныбек Жұмашев
Астана, BAQ.KZ. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын қалың оқырман да, зиялы қауым да қызу талқылауда. Көптің көңілінен шығып, ұлттың болашағын бағдарлаған мақала туралы «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев өз пікірін білдірді.
Мемлекет басшысының “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы жарық көргенде біз ісспармен Въетнам социалистік республикасында болған едік. Партияаралық қарым-қатынасты дамытуды көздеген бұл сапарымыз барысында Въетнам коммунистік партиясының Хатшысы Во Ван Тхыонг мырзамен, ВКП ОК Халықаралық бөлімінің басшысы Хоанг Бинь Куан және Ұлттық жиналыс (Парламент) төрағасының орынбасары До Ба Ти мырзалармен кездесулер өткізіп, өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойдық.
Осы ресми кездесулер кезінде тәуелсіз еліміз туралы, оның экономикалық, саяси, әлеуметтік салалардағы жетістіктері жайлы көп сөз болды. Бір байқағанымыз, въетнамдық әріптестеріміз Қазақстанды жас, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде жақсы таниды екен, ал сан ғасырлық көнеден өрген мәдениетінен, салты мен дәстүрінен, мыңжылдық тарихынан бейхабар болып шықты.
Ел астанасы Ханой қаласында осыдан бір мың жыл бұрын ашылған императорлық мектеппен танысу кезінде Қазақстанда бір мың бес жүз тарихы бар, шежірелі Түркістан қаласы туралы айтқанымызда, въетнамдықтар таң қалғанын жасырмады. Сосын, шетелдегі әріпестерімізге Алтай мен қарт Каспий аралығын мекендеген екі мың жылдан астам тарихы бар сақтар мен ғұндар дәуірінен бастап ақпарат беруге тура келді. Ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын Ұлы даланы бүгінгі ұрпаққа аманат еткен батыр бабалардың ұрпағы екенімізді түсіндіріп, қазақ ұлтының тәуелсіздік жолындағы күресінің ұзақ және оңай болмағанын жеткіздік.
Сөйтсек, тура біздің делегация Ханой қаласының партия комитетінің Хатшысы Хоанг Чунг Хай мырзамен кездесуге барған сәтте, Елбасы партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы жарық көргендігін естідік, интернет желісінен алып, бірден онымен таныстық.
Ұлт көшбасшысының бұл мақаласы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының жалғасы екені бірден байқалады және сөзінің қорытынды бөлімінде президенттің өзіде оны айтып отыр. Ендеше бұл еңбектің қазақстандықтардың рухани өмірін жаңғыртудың негізгі тұғырының бірі болып табылатын — ұлт тарихына арналып отырғаны айқын.
Кез келген ұлттың ана тілі, ділі (салт-дәстүрі) және тарихы оны анықтайтын негізгі белгілері екені сөзсіз. Оларды көздің қарашығындай қорғап, сақтап, дамыту шарт екендігі анық. Десекте, қазіргі заманның даму векторларын, коммуникациялардың қарқынын, ақпарат толқындарының “жар бұзар” әлеуетін, кейбір есерсоқ лидерлердің еш негізсіз амбицияларын және т.б. теріс, деструктивизмге толы ойлар мен пиғылдарды ескерер болсақ, біз ұлтымыздың ерекшелігін анықтайтын белгілерді сақтап қана қоймай, оларды дәріптеп, насихаттауымыз аса маңызды. Міне, осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласының құндылығы, маңыздылығы зор.
Қазақ деген ұлт қандай, оның әлемдік цивилизацияның дамуына қосқан үлесі бар ма? Қазіргі қазақ ұлтына Ұлы даланы аманаттап кеткен дәуірлер тарландарының Еуразия кеңістігіндегі ұлттар мен этностар мәдениетінің қалыптасуындағы қолтаңбасы қандай? Бұл қолтаңбаны кімдер біліп, менсініп, дәріптеп жүр? Міне, талайдың көкейіне тұнып, жанын жүдеткен осы сияқты сауалдарға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мақаласы арқылы жауап беріп отыр.
Оңтүстік шығыс Азиядағы орналасқан, тіпті Қазақстанмен тікелей әуе қатынасы да жоқ Въетнам мемлекеті тұрғындарына тәуелсіз Қазақстан, ұлы даланы мыңжылдар бойы мекендеген қазақ ұлты туралы айтудың өзі жанымызды шабыттандырып, туған елге деген ерекше сүйіспеншілігімізді сезіндірді. Мүмкін, үш төрт күн жырақта жүріп Отанымызды сағынып қалдық па екен, әлде бәсекелестікте есе жібермеуге дайын екендігімізді көрсеткіміз келді ма, әйтеуір біраз ақпарат берілді. Алайда, Президент өз мақаласында сөз еткен әлемдік өркениетке көне түркілер енгізген атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам құпиясы, Алтай өңірінің маңызы, алма мен қызғалдықтың шығу тегі, ұлы даланың ұлы есімдері туралы мағұлматтардың, өкінішке орай, жетпей қалғандығын сезіндік. Мұндай жағдай шетелге шығып жүрген талай қазақстандықтың басынан өткен болар деген ой келді.
Ұлттың биіктігін дәріптей отыра мемлекеттің қуаттылығын көрсетуге болады. Өткенсіз келешектің болмайтындығын бүгін көпшілік түсінгендей, әсіресе, экономикалық қарқынды дамыған мемлекеттердің әрекеттері де қайта-қайта өткенге оралу арқылы, қоғамдағы тұрақтылық пен жасампаздыққа жетудің жолын іздегендей көрінеді. Мысалы, Еуропаның кейбір мемлекет басшылары соңғы жылдары екі үлкен тарихи оқиғаны бірлесіп атап өтті, тіпті бір бірін аяусыз қырған соғысты бастарынан өткізсе де, мұны қайталамауға өз ұлтының бейбітсүйгіштігі мен саяси санасының даму деңгейі жол бермейтіндігін байқатқысы келетіндей көрінді. Өткеннен сабақ ала білген, төзімді және толерантты ұрпақтарының өсіп жетілгенін көрсеткісі келетіндей.
Бізде есе жібермеудің қамын ойлап, Ұлы даланы мекен еткен ұлы халықты дәріптеу мен насихаттауды, өзге ұлттарды еш кемсітпей, жүйелі жүзеге асырғанымыз абзал. Ендеше, Мемлекет басшысы меңзеп отырған шараларды төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін келешек ұрпақтың жетілуіне тікелей әсер ететін ізгілікті бастамалар деп түсінуіміз қажет.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ