Ұлы даланың жеті қыры. Елбасы қойған міндеттерді жаңа серпінмен жүргізуіміз қажет

0
184
24 Қараша 2018, 17:53 175 0

Фото: azattyq.org

Астана, BAQ.KZ. 21 қарашада Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрген болатын. Осы мақалаға орай «Нұр Отан» партиясының Стратегиялық бастамалар институты, Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің аға сарапшысы Ықылас Аян Сәулетұлы пікір білдірді.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы арқылы үшінші мыңжылдық табалдырығында әлемдік географиядағы «жаңа ел» – Қазақстан өзінің ежелгі шығу тегін, тамырын күллі әлемге паш етті.

Тамырын сонау ежелгі замандардан бастау алатын Қазақ елі әр дәуірде де ұлы оқиғалар мен жаңалықтардың ортасында болып, әлем, адамзат тарихының даму кезеңдерін бастан өткерді. Соның ішінде «тарих ақтаңдақтары» деп аталып кеткен ел басына күн туған сонау Ақтабан шұбырындыдан бастап, ХХ ғасырдағы отаршыл саясаттың салдарлары – ашаршылық пен репрессия сияқты зұлматтардың тарихымызда өшпес із қалдырып, халқымыздың дамып, өркендеуіне едәуір тосқауыл болғаны анық.

Оның үстіне жетпіс жылдан астам санамызды улаған отаршыл саясат тамыры тым тереңде жатқан Қазақ елінің тарихын евроцентристтік көзқараста оқытып, өз тарихымызды ұмыттыруға тырысты. Көк байрақты тәуелсіз еліміздің өзінің тарихын жаңғыртып, тек қана Қазақстан халқына ғана емес, күллі әлемге бұлтартпас дәлелдер мен нақты тарихи оқиғаларға негізделген шынайы тарихын ұсынды.

Елбасы осы арқылы алдағы уақытта кәрі құрлық – Еуразияның кіндігінде орналасқан, Ұлы жібек жолының күре тамыры, күллі Түркі әлемінің орталығы болған Қазақ елін әлемдік сахнада жаңа деңгейде әр қырынан да таныту үшін қаншама жұмыстар атқару қажеттігін атап өтіп, жаңа міндеттер қойып отыр.

Тарихқа сүйенсек, біздің еліміздің аумағында адамзаттың эволюциялық дамуына елеулі үлесін қосарлық жаңалықтар – атты қолға үйретуден бастап, тас пен металдан қажетті бұйымдар, қару-жарақ пен әшекей бұйымдар жасау қолға алынып, көршілес елдерге тарала бастаған.

Бүгінгі әлемге таныған жаңа Қазақстан мемлекетінің арғы негізі – Ғұндар, сақтар мен үйсіндер мемлекеті, беріде құрылған Қазақ хандығы болса, әлемдік білім мен мәдениеттің ошағы болған Отырар, Сығанақ, Сауран, Жанкент, Тараз, Түркістан сияқты қалаларымыз біздің тек қана көшпелі мәдениетті ғана емес, отырықшы мәдениетті де дамытқандығын дәлелдейді.

Жаңа әлемдегі жаңарған Қазақстан халқының алдында ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған ұлан-байтақ жерімізде дамыған, өркениетті елдердің алдыңғы легіндегі мемлекетті қалыпастыру мақсаты тұр. Ол үшін осы кезге дейін елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың өз деңгейінде жүзеге асырылуы тиіс.

Соның ішінде өз тарихымызды жаңғырту осыған дейін-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде қолға алынған болса, қолға алынған жұмыстарды алдағы уақытта Елбасының мақаласында көрсетілген бағыттарда жаңа серпінмен жүргізуіміз қажет.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ