ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҚУАТЫ | «Айқын» газеті

0

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» күні мерекесіне орай елімізде қос бірдей ірі нысан пайдалануға берілді. Отандық «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдік газ құбырында «Арал» компрессорлық стансасы, сондай-ақ «Қазақстан – Қытай» магистральдік газ құбыры «С» желісінде №5 және №7 компрес­сорлық стансалары іске қосылды.

Салтанатты рәсім Астана қаласында, жаңа индустриялық объектілердің жұмысын бастау сәті онлайн режимінде «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Бірыңғай диспетчерлік орталы­ғы­нан жүзеге асырылды. Іс-шараға Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасы төр­ағасының орынбасары Қайрат Шәріпбаев және республиканың газбен қамтамасыз ететін кәсіпорындарының басшылары тікелей байланыс арқылы тамашалады.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қатысушыларды стансалардың іске қосылуымен құттықтады.
– Бүгін газ саласындағы маңызды оқи­ғаның куәгері болып отырмыз. Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында орталық Азия өңірінің екі маңызды ма­гистраль газ құбырындағы заманауи ком­прес­сорлық стансалары пайдалануға бе­рілді. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магис­траль газ құбырын салу еліміздің ішкі на­рығын газбен жабдықтау тиімділігін қам­тамасыз етумен қатар республиканың бар­лық стратегиялық маңызды газ құ­быр­ларын біртұтас жүйеге біріктірді. Осы газ құбыры өткен жылдың соңынан бастап қа­зақстандық газ экспортының жаңа ба­ғытын ашты. Қытайдың жылдам дамитын на­рығына экспорт басталды. «Қазақстан – Қытай» магистраль газ құбырының №5 және №8 компрессорлық стансасын пай­далануға енгізу «С» желісін өткізу қабілетін жылына 20 млрд текшеметр газдан 25 млрд текшеметр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл ретте «А», «В» және «С» үш желісінің жиынтық қуаты жылына 55 млрд текше метр газды құрайтын болады. Осы­лайша, транзиттік әлеуетімізді ұтымды пайдалана алдық. Сонымен қатар аталған компрессорлық стансаларды іске қосу қолданыстағы газ көлік қуатын ұлғайту, сондай-ақ газды тасымалдау бойынша экспорттық және транспорттық бағыттарды әртараптандыру бойынша Қазақстан үшін үлкен әлеует ашатынын атап өткім келеді. Осындай айтулы оқиғамен тағы да құт­тық­тауға рұқсат етіңіздер. Барша­ларыңызға ден­­саулық пен табыс тілеймін», – деді ми­нистр.
Мұнан соң №5 және №7 компрессорлық стансаның дайындығы туралы «Азия газ» компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Ғалымжан Сағынтаев айтып берді.
– Алматы және Жамбыл облыстары аймағында орналасқан №5 және №7 компрессорлық стансаларының құрылысы толығымен сәтті аяқталды. Газ тасымалын цифрлы технологиялары арқылы тиімді басқару мүмкіндігін беретін SCADA жүйесі де салынды. Осылайша Қазақстан газ құбы­ры­ның үш желісі де жобалық қуатына шық­ты. Бірлескен кәсіпорын қызметкерлері осы­нау мега жобаны сәтті аяқталуымен бар­шаңызды шын жүректен құттықтаймын. Компрессорлық станса мен SCADA жүйесін іске қосуға дайынбыз», – деді Ғалымжан Таймасұлы.
Арал компрессорлық стансасының ашы­лу салтанатында Қызылорда облы­сы­ның әкімі Қырымбек Көшербаев «Қаз­Мұнай­Газ» ұлттық компаниясының ұжы­мына Сыр өңірі халқының атынан алғыс айтты.
– Бүгін Арал өңірінде «Арал» ком­прес­сор­лық стансасының іске қосылу рә­сіміне куә болдық. Ұлы даланың қуатын ел игі­лігіне жұмсау мүмкіндігін тәуелсіз елі­міздің қар­қынды дамып келе жатқанының бір дә­лелі ретінде атап өтуге болады. «Қаз­Транс­Газ» АҚ қызметкерлері жеті айда, ре­кордтық уақыт ішінде өте маңызды ны­санды іске қосып отыр. Сонымен қатар жа­қын арада «Қорқыт ата» компрессорлық стансасы іске қосылады. Тәуелсіздік мере­кес­інің қарсаңында «Қараөзек» ком­прес­сорлық стансасынан бастап Астанаға қарай Сарыарқа магистраль газ құбы­ры­ның құры­лысы басталып, Елордамызға кө­гілдір отын жет­кізу жобасының баста­луы­на куә­гер бо­ла­мыз. Осының барлығы халқы­мыз­дың ауызбіршілік, ынтымағының және Елбасы сая­сатының арқасында, – деді облыс әкімі.
Осы жерде айта кететін бір жайт, Қы­зылорда облысының әкімдігі мен «Қаз­ТрансГазАймақ» АҚ арасындағы мемо­ран­думға сәйкес Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарын және Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Биыл Энергетика министрлігінің қолдауымен қалған 3 аудан орталығын Жосалы, Тереңөзек және Жалағашты газ­дан­дыру жұмыстары басталды. 2020 жылы бар­лық 7 аудан орталығына көгілдір отын қо­су жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда өңірде облыс халқының 63%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2020 жылға қарай газдандыруды 95%-ға жеткізу міндеті қойылып отыр. Өз кезегінде «ИнтерГазОрталықАзия» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұқатай Шаң­ба­тыров Арал компрессорлық станса уа­қы­тынан қысқа мерзімде салынып жұмыс­қа қосылуға толығымен дайын екенін айтты.
«Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құ­бырында «Арал» компрессорлық стансасын іске қосу елдің оңтүстігін газбен тұрақты қам­тамасыз етуге және отандық газды Қы­тайға экспорттауды ұлғайтуға мүмкіндік береді.


№5 және №7 компрессорлық станса­ла­рын пайдалануға енгізу төрт мемлекетті – Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қы­тайды біріктіріп тұрған «Орталық Азия – Қытай» трансазиялық газ құбырын қа­лып­­тастыруды аяқтайды. Сондықтан осы оқи­ға Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ өңір­­дегі барлық мемлекеттер үшін де маңыз­ды. Жаңа компрессорлық станса­лар­дың жұ­мысы «С» желісінің өткізу қабілетін жылына 25 млрд текше метр газға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Енді барлық үш «А», «В» және «С» желілерінің жиынтықты қуаты жылына 55 млрд текше метр газды құрайды. «Қазақстан – Қытай» газ құбырын іске қос­қан сәттен бастап 250 млрд текше метрден астам ортаазиялық газ тасымал­дан­ды.
Мемлекеттік цифрландыру бағдар­ла­масының шеңберінде газ магистральд­а­рының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін объектілерде SCADA жүйесі орнатыл­ған. Бағдарлама компрессорлық станциялар функцияларының өлшемдерін бақылап отырады, бүкіл ақпаратты жинақтап, өңдеп, деректерді онлайн режимінде беріп оты­рады. Компрессорлық стансалар мен SCADA жүйесі General Electric, Siemens, Cummins, ABB, Huawei және басқалар сияқ­ты жетекші дүниежүзілік өндірушілерден шы­ғарылған заманауи жабдықтармен жарақталған.
«ҚазТрансГаз» АҚ – Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ өндіруші, та­сы­малдаушы және өткізуші және оның өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.
С-КС-5 және С-КС-7 компрессорлық стансаларын жобалаумен, сатып алумен және салумен Үндістанда және Тайландта халықаралық пайдалану бөлімдері бар жергілікті қазақстандық компания болып табылатын «ҚазСтройСервис» НГСК АҚ айналысты. Жоба тапсырыс берушінің бюджетінің аясында қауіпсіздік пен жоғары сапа стандарттарын сақтай отырып, бел­гіленген мерзімдерде іске асырылды. Ең жоғарғы кезеңдегі жобада 1 300 жергілікті қазақстандық мамандар жұмыс істеді. Бүгінде бірден үш жоғары технологиялық ком­прессорлық станса пайдалануға қо­сылуы осы мерейлі міндетті жүзеге асыруға жақындап қалғанын білдіреді.
Қырымбек Елеуұлы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтай отырып, күні кеше экология қиыншылы­ғы­на ұшырап, ел үдере көшіп кете жаздаған Арал өңірінің бүгінгі жасампаз жақсы­лық­тары туралы айтты. Нақтылап айтсақ, Арал аймағынан Қазақстанның орталығы мен оңтүстігіне «Бейнеу – Бозой» газ ма­гис­тралі өтіп жатыр. «Бейнеу – Сексеуіл – Жез­қаз­ған» теміржолы іске қосылып, батыс пен орталық Қазақстан аралығындағы алтын көпірге айналды. Сонымен қатар Елбасы пәрменімен жүзеге асырылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық авто­дәлізінің игілігін ел көріп отыр. Былай айт­қанда ебелек жортқан сар далада ұлы өмір басталды. Жаңа технологияның арқа­сын­да тап осы жерден жыл аяғына дейін «Қор­қыт ата» газ компрессорлық стансасы қо­сылады. Тәуелсіздік күні қарсаңында Жез­қазған, Қарағандыны басып өтіп ­Елор­даны көгілдір отынмен қамтамасыз ететін Қа­раөзек газ компрессорлық ор­та­лығы жұмысын бас­тайды. Осынау игіліктің бәрі – Елбасы­мыз­дың сарабдал саясатының жемісі. Аймақ басшысы сөзін осылай тұжырымдады.
Ауыл ақсақалдары құла дүзге келіп, болашақ Арал компрессорлық орталығының қазығын қаққан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жеті айда рекордтық көр­сеткішпен үлкен жобаны іске асырғанына таңданысын білдірді. Күні кеше Арал ауданы экологиялық ахуалдан тарай жаздап, ұлы теңіздің балықшылары Каспий мен Қапшағайға қармақ салып, ау құрып, тарыдай шашылып кеткен екен. Мемлекет басшысының қабылдаған шешіміне сәйкес кіші Арал қайта толып жатыр. Босып кеткен жұрт қайта оралды. Аралда ұлы өмір бас­тал­ды. Енді бұл жерден Қазақстанның барлық тар­мағына ел игілігінің шұғыласы тарап жа­тыр.

Нұрәли САҒАТ