Ұлы даланың өркениетке қосқан үлесі
Жиналған қауым көптен көкейде жүрген мәселенің тамырын тап басқан тарихи маңызы зор мақаланы болашаққа жасалған берік бағдар деп есептейді. Онда айтылған: «Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс» деген жолдарды мысал ретінде келтірген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев өткен күнге із қалдырған Ұлы дала өркениетін айна-қатесіз танып білу, болашақ ұрпақтың рухани кемелденуіне жол ашатынын айтты. Оның сөзінше, мақаланың арқалаған жүгін, мән-маңызын тереңнен түсіну тамырында қан ойнаған әр азаматтың парызы болуға тиіс.
Тарихымыздың кей тұстары әлі де жіті зерделеуді қажет етеді. Соны толыққанды айшықтауымыз керек деген қаламгерлер, бүкіл әлем ерте заманның өзінде-ақ өркениетке өзгеше өрнегін салған бабаларымызды, салт-дәстүрімізді, даламыздың қасиетін танып білуі керек. Елбасы мақаласы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жолға қоюға үлкен қозғау салады, дейді.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановтың айтуынша, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында адамзат тарихына және ұлттық тарихқа мүлде жаңа көзқарас ұсынып отыр. Әлем елдерінің барлығында да тарихи көзқарастың, мысалы, еуроцентристік немесе шығысқа тән көзқарас әлдеқашан қалыптасқандығын ескеретін болсақ, әлем тарихы бір ғана ұлттың тарихымен өлшенбейтіндігіне көз жеткіземіз.
Жер бетінде көнеден келе жатқан әрбір өркениеттің өзіндік ерекшелігі бар. Ал Ұлы дала тарихы қандай? Өркениетке қандай жаңалықтар әкелді? Ұлы даланың адамзат өркениетіндегі орны қандай? Бұл – тарихқа деген жаңа тұжырымдамалық көзқарас. Яғни, жалпы адамзаттың тарихын негізге ала отырып, өз тарихымызға тәуелсіз көзқараспен қарауды ұсынады. Мақаланың бірінші бөлімінде «Ұлт тарихындағы Кеңістік пен Уақыт» туралы айтылады. Ал осы Кеңестіктегі Ұлы даланың рөлі қандай, мұнда қандай өркениет бар? – дегенге тоқталсақ, мұнда көшпенділердің атқа міну мәдениеті ғана айтылмайды. Ғалымдарымыз Ботай мәдениеті арқылы бүкіл әлемге жылқының Ұлы далада қолға үйретілгенін дәлелдеді. Онда жүздеген ғана емес, мыңдаған жылқылардың сүйегі табылды. Атқа міну мәдениеті жылқыны қолға үйретумен ғана шектелмейді, ауыздықты, жүгенді, үзеңгіні ойлап тапқан біздің бабаларымыз.
Мұның барлығы елімізде ауыл шаруашылығы өркениетін дамыту дегенді білдіреді. Алатау, Қаратау, Алтайдың баурайындағы ежелгі дәуірдегі металл қорытуға келсек, мысалы, қазақ даласынан табылған Алтын адамда бейнеленген жолбарыстың бейнесі қалай көркемделген?.. Қандай өнер десеңізші?.. Алтыннан жұқалтыр-қаптама жасау технологиясын көне ғасырдың өзінде енгізген. Ал Берелден табылған жылқының ертоқымындағы өрнекті тіккен жіптің неден жасалғаны әлі күнге дейін белгісіз. Сондай-ақ «Аң стилі» әлемдік өркениетке кірігіп кеткен ғылыми терминнің түп-тамыры тегі біздің даламызда, тауларымызда жатыр. Ұлы Жібек жолына тоқталатын болсақ, мұны үнемі Қытаймен байланыстырып жатамыз. Қазақстанның барлық аймақтарында Ұлы Жібек жолы болған. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы тарихи сананы қалай жаңғырту турасында үлкен міндеттер қойып отыр. Бүгінде көне түркі тарихы жазба ескеркіштерінің әлем архивтерінде жатқандығы белгілі. Біздер көп жағдайда Ресей архивімен шектеліп қаламыз. Ұлыбритания музейінің өзінде Түркістан қақпасының бір бөлшегі бар деген болжам бар. Лувр музейінде қазақтың сәукелесі тұр. Петерборда 12 ханның шапаны мен біздің музейлерде жоқ 4 сәукеле сақталған. Ұлы дала есімдеріне келетін болсақ, Ясауи туралы дұрыс толыққанды нұсқасы шықпады. Әл-Фарабидің еңбектері әлі де толық зерттелуі керек. Ташкентте Түркістан уәлаятының басылымдары 700-ден астам томнан тұрады оны да әкеле алмай отырмыз. Тоныкөк, Күлтегін толық дала фольклоры игерілмей жатыр. Елбасы мақаласының елдігіміз бен тарихымызды ояту үшін үлкен мәні бар. Осы мақала арқылы үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Осыны көппен бірге жүзеге асырайық, дейді қатысушылар.
Басқосу барысында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арқау болған басты тақырыптардың бірі де айтылмай қалған жоқ. Жиылғандар, ең бастысы, мұны тереңнен түсініп, өмірімізге дендеп енгізуіміз керек деп есептейді.
Қазыбек ИСА,
«Қазақ үні» ЖШС президенті:
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барша қазақстандықтарға үлкен ой салып отыр деуге негіз бар. Елбасы Қазақ елі үшін ауқымды міндеттер жүктеп отыр. Тарихи тамыры көне дәуірлерге кететін қазақ жұрты өзінің өркениетке қосқан үлесін мектеп қабырғасынан бастап меңгеруі қажет. Елбасы бір ғана атқа міну мәдениетінің өзінде қаншама Ұлы дала өркениетінің жатқандығын, көшпенділер әлемінің жетістігін көрсетеді. Ұлы дала өркениеті Ұлы дала музейінің жарқын көрінісі. Ал Ұлы дала музейі ұлттық туризмді өркендетудің қайнары. Мысалы, бір ғана Отырарды айтатын болсақ, аймақ тарихи нысан ретінде туристік өрісіміздің кеңеюіне жол ашатыны сөзсіз. Ұлы даланың тарихын зерттеуге үлес қосу баршамызға ортақ міндет.
Қазақбай Қасымов,
«Ахыска» Түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары:
– Ұлы дала төсінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқаны тәуелсіз еліміздің тарихтан тағылымды тәлім алғанын танытса керек. Дархандығы даласымен өлшенетін, баршаны бауырына басқан қазақ – текті халық. Елбасының көреген саясаты елдің көшін алға сүйреп келеді. Бүгінде әлем халқы санасқан арманы асқақ бәсекеге қабілетті ел болдық. Мақсатымыз бір, мұратымыз ортақ. Елбасының «2050» бағдарламасын іске асыра отырып, Мәңгілік Ел ретінде, өркениет көшінде салтанат құратынымызға сенім мол. Аталған мақаланы осыған жетудің берік көпірі деп есептеймін.
Арман ОКТЯБРЬ,
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ