Ұлы дала ұлағаты ұлықталды | «Айқын» газеті
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Тұңғыш Президент күні қарсаңында Түркия төрінде талданып, таразыланды. Мазмұнды мақала – көкейіміздегі көп жайттың жауабын жұптаған дүние болды.
Қарымды еңбек, ауқымды бағдарлама ретінде жоғары баға алған мақала Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Өкілетті Кеңес басқармасының мұрындық болуымен өткен алқалы жиында кеңінен талқыланды. Анығында, оқу орнына үстіміздегі жылы басшылыққа келген қос жетекші – Болатбек Абдрасилов пен Женгиз Томар мырзалардың Түркия Республикасына жасаған сапарлары Президент мақаласын талқылауға орайы келді.
Ыстамбұл қаласындағы төрт бірдей іргелі оқу орындары ғалымдарының басын қосып, үлкен ойталқының көрігін қыздырған басшылық, Анкарада да ауыз толтыра айтарлық жастар жиынын ұйымдастырды.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Өкілетті Кеңесінің Төрағасы, профессор Мұса Йылдыз мырза басшылық еткен мәжіліс мақаланы мазмұнды талдауымен дараланды.
Мағжан атамыз айтқандай, толқыннан толқын туып, толымды толғамдар тілге тиек, ойға өзек болды. Мұса Йылдыз мырза: «Нұрсұлтан Әбішұлы әуелі «Қазақстан – 2030» стратегиясын түзді. Кейін оны «Қазақстан – 2050» межесімен нығайтып, «Мәңгілік Ел» идеясымен бекемдеді. Дүркін-дүркін маңызды мақалалары жарық көріп тұрды. Мен әлемнің басқа жерінде мұндай кемел көшбасшыны көргенім жоқ», – деп, салмақты сөз саптады.
Университет президенті Болатбек Серікбайұлы мақаладағы басты бағыттарды бағамдап, жастарға кеңінен түсіндірді. Үзеңгілес басшы Женгиз Томар мырза болса, Елбасы мақаласындағы идеялардың Ясауи баба мұрасымен үндесіп жатқанын атап өтіп, оқу орнымыздың атқарып келе жатқан ауқымды жұмыстарының көбінің мақалада тұжырымды түрде көрініс тапқанын жеткізді.
Аға буын ғалымдар мен жас ізденушілер де мақаланың мән-мағынасын алуан тұрғыда талдап, өзіндік көзқарастарымен үндестіре отырып, пікірлерін баяндады.
«Озған ел – тарихын таспен жазады, тозған ел – тарихын жаспен жазады», – деген аталы сөзбен бағамдағанда, мақалада қозғалған татымды тақырыптар тарихи сананың жаңғыруына дем беретіні талқылау жиыны барысында айрықша атап өтілді.
Мәжіліс соңында қадірменді қонақтарға білімгер Анкара жастары атынан Алғыс хаттар тапсырылып, құрмет көрсетілді.
Елбасы мақаласы ғылым майталмандарына тың серпін беріп, жастардың ұшқыр қиялына қанат бітірді.
Мырзахан Байжанұлы,
Анкара Хажы Байрам Вели,
университетінің докторанты.