Ұлы дала тамыры | «Айқын» газеті
Уақыт дейтін асау ат жалына қолды бір тигізіп, бір тигізбей заулап келеді!
Ойға, жанға тыным берер емес…
Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялағаны күні кеше ғана секілді еді.
Енді, міне, көзді ашып-жұмғанша 27 жыл өте шығыпты.
Қазақстанды замана сынына аямай салған, ерін әлемге танытып, елін өркениет дейтін ұлы кеңістікке алып шыққан жылдар ғой, бұл…
Алаштың ұлы қаласы – Алматы теңіздей теңселіп, азаттықтың ақ жал толқынымен алысқан күндер қаз-қалпы жады төрінде жаңғырып отыр. «Тәуекел дейтін жел қайық, мінесің де өтесің, мұратыңа жетесің…» дейтін ескінің сөзі еске түседі. Әлемнің алтыншы бөлігін жайлаған адамзат тарихындағы алтыншы империяның аласұрып алысып, қозғалысқа түсіп кеткен уақыт дейтін алып маховикті тоқтатпақ болған қасіретті сәт-сағаты, аянышты халі көз алдымызда тұр…
Көп айтылып, көп жазылған өткен ғасырдың соңғы онжылдығы жайлы жаңа сөз тауып айту қиын.
Дегенмен…
Ақиқат жалғыз болғанымен, ақиқатты айғақтап айтар, әр жұмырбас пенденің жүрегін жарып шығар өз шындығы бар…
Әр жыл сайын қабырғалы жұртымыз Тәуелсіздік мерекесін атауға қызу кірісе бастағанда менің көз алдыма екітүрлі көрініс пен екітүрлі өмір, қоғам, дәуір ақиқаты елестейді. Біріншісі – бүгінгі жас ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейтін, білгенінің өзі тоқырауы мен топалаңы мол сол тоқсаныншы жылдар туралы жазылған мақалалармен, тарихи киноленталармен шектелер өмір, қоғам, дәуір шындығы; екіншісі – әлемнің алты құрлығы танып, мойындаған, төріне ару қала – Астана қонған, жеңісі мен жемісі ел сеніміне қанат бітірген тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі шындығы!
Екі шындықтың екеуі де – бір бүтін ұлы жұрттың тәуелсіздік дәуіріндегі өрісі мен өркенін айғақтар, бастан кешкен қиындығы мен қызуы мол жылдарға қанат бітірер тарихтың тағылымды тараулары, баянды беттері.
Біз – соның екеуін де көзімен көріп, көкірек таразысы арқылы өткізген буынның өкіліміз. Сондықтан екі кезеңнің екеуі де біз үшін аса қадірлі, қымбат. Әрі-беріден соң тарих алдында ақ сөйлеп, ойыңды адал өріп, елге, ел тағдырына қатысты өз пікіріңді жаңылмай айту – парыз.
Өткенсіз бүгін жоқ…
Бүгінгі ұрпақ – кешегі әкелер мен аталардың жалғасы.
Уақыт айтар ел болу мен елдікті тұтастықты сақтаудың қарапайым тарихи аксиомасы – осы.
Осылай ой өріп, сөзімізді де еркін кеңістікке осы тұрғыда бағыттасақ, тарихи ақиқат дейтін қастерлі ұғымға көз жеткізеріміз күмәнсіз.
Иә…
Тоқсаныншы жылдар ұсынған сын мен емтихан Қазақстан үшін оңайға түскен жоқ. Бұл қиындықтарды Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің баламалы негізде сайланған ХІІ Шақырылуының депутаты ретінде жан-жүрегіммен сезіндім. Әсіресе, тәуелсіз ел болу жолын таңдаған Қазақ елі үшін ауырдың ауыры жерінің асты мен үстінде жатқан байлығы болды. Бұл – бір теңіз. Екінші қиындық – өз жерінде өзі қырық пайызға жетер-жетпес ұлт болып, тіл мен ділдің таршылығына ұшырағаны. Үшінші қиындық – алып империяның әскери-стратегиялық күштері мен ядролық қондырғыларының қазақ жеріне жайғасқаны. Айналып келгенде, осы тақілетті қиындықтар қазақ даласының аса күрделі геосаяси ахуалын қиындата түскені анық еді.
Бұл қиындықтарды Жоғарғы Кеңес құрамында жүріп, депутат мандатын ұстамасам, толық ұғына қоямын деп айта алмас едім…
1990 жылғы аласапыран оқиғалар мен 1991 жылғы СССР Жоғарғы Кеңесінде жүріп, империяның ыдырауын өз көзіммен көрмегенде, бәлкім «Құралайдың салқыны» дейтін жыр жинағындағы сол кезең туралы ащы жырлардың жазылар-жазылмасы екіталай еді?!
«Азатпын мен…
Байқашы, өзгешемін,
өзгешелеу ойым да, сөз де, сенім.
Әйтсе де әлі кеудемде бір күдік бар,
Ауық-ауық сонымен кездесемін.
Сескенердей көңіл де көше неден,
Не көрмекпіз тағдырдан, пешенеден?
Еркіндігім – жас сәби…
Тәй-тәй басқан,
ойлап соны кеудемен көшеді өлең…
Ой – ну орман,
Батамын мұңға бөтен,
жырларыма жүректі құндақ етем.
Жасырмаймын, алаңмын, күдіктімін,
«Дайын ба, – деп, – мынау ел сынға бекем?!»
Мида күрес жүруде жүректерде,
шайқалуда шаңырақ – тірек төрде.
Көзде жалын, көңілде бір алапат,
ұйытқып-ұйытқып тұрғандай бір от-перде.
Бұлдырайды болашақ көк аралы.
Дауыл тұрса…
Белгісіз не болары?
Сақта, Пірім!..
Әйтеуір анық білем:
көп нәрсенің сұраусыз жоғалары.
Сол үшін де аспаннан, Күн, Айдан да
күрсінгенде сұраймын, мұңайғанда:
Сол сағатты соқтыра көрмесін деп,
Адамнан да сұраймын, Құдайдан да.
Асу – қиын, әрине… Жол – шұбалаң…
Еркін жел боп кеудеме енші, ғалам.
Періден де, сұраймын періштеден
Азаттығым аяулы болсын аман! – деп өз тағдырын құдыреті күшті ұлы Жаратушыға, қала берді Нұрсұлтан Назарбаев есімді ұлттың қайсар тұлғалы перзентіне сеніп тапсырған қалың қазақстандықтың бірі ретінде уақыттың күдігі мен күмәнін арқалай жүріп, сенімді серік еткен төмендегідей «Азаттық жыры» да жазылып еді.
Көгімізге көкпеңбек қып ту ілдік,
көк түріктен қайта түлеп біз тудық.
Ой да,
Қыр да,
Ой-сана да жасарды,
Бостандықтың жаңбырына жуындық, көкпеңбек қып ту ілдік!
Төзім, жігер – қара қайыс, кендірдей,
аңсап жеткен Азаттығым өндірдей.
Жүрегімде ғасырлардың ұраны,
ойы терең,
асқақтығы сеңгірдей…
Азаттығым өндірдей!
Жүрегімде Жаратқанның ізгі үні,
жоқ демеймін тірлігімнің сыз, мұңы…
Қашан?
Кімге?..
Тиіп еді оп-оңай
Бостандықтың бас бермейтін тізгіні?!
Жаратқанның ізгі үні!
Әуелі «Жаңа дәуір қазақ үшін, қазақстандықтар үшін қашан, қалай басталып еді?» деген сауалға жауап іздеп көрелікші…
Шынында да қашан, қалай, неден басталып еді?
Еске түсіріп көрелік…
Шаңырағы шайқалмайтындай көрінген, достық пен бауырластық хақындағы ұраннан ұрпақтар құлағы тұнатын империяның нағыз кескін-келбетін танытқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын қалай ұмытуға болады? Кеңестер Одағының шынайы болмысын, түпкі мақсатын әлем Алматы төрінде бұрқ ете қалған қазақ жастарының қайсарлығы мен ерлігі арқылы танығанын ешкім жоққа шығара алмайды. Шынтуайтына келгенде, айбарлы империяның айбынын жасқап, жалынын басқан, тәуелсізденуге жол ашқан жаңа дәуірдің басы – осы Желтоқсан көтерілісі! Нұрсұлтан Назарбаев ол туралы: «Көне дүниенің көбесі содан бастап сөгіле жөнелді. Вильнюс, Тбилиси, Баку оқиғаларына жалғасты… 1986 жылғы желтоқсан қазақ жастарының ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетіп берді. Бір ғасыр бойы халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған өктемдік үрдісінің алдындағы қорқыныш алғаш рет еңсерілді. Жастар айдай әлемнің алдында кез келген ұлтқа тән ұлттық намыс бұдан былай ешқандай баса-көктеуге мойын ұсынбайтынын паш етіп берді», – деп жазады «Ғасырлар тоғысында» кітабында.
Өткен ғасыр оқиғаларының бел ортасында жүрген, жаңа дәуір ұсынар, күрмеуі қиын ғаламдық проблемалардың оң шешіліп, жаһандану жағдайындағы Қазақстанның өзін-өзі тәуелсіз ел ретінде сақтауының, сақталуының алуан-алуан жолдарын іздеумен бірге, аймақтық, құрлықаралық іргелі мәселелерге де тікелей араласып келе жатқан, есімі әлемге мәшһүр саясаткер аузымен айтылған мына сөздің төркінінен біз қазақ ұлтының ерлік тарихынан өз орнын ойып алар ұлы оқиғаға берілген әділ бағаны аңғарумен қатар, ойы ұлтым деп тебіреніп, жүрегі ұлтым деп соғатын, дүниелік құбылыстар мен әлемдік өзгеріс атаулыны кең ойлап, кең пішетін, ел болашағы мен ертеңін алдағы ғасырлардан көруге ұмтылатын еуразиялық жаратылысы берік тұлғаның ақиқат алдындағы адал сөзінің де куәсі болып отырмыз.
Еуразиялық жаратылыс дегеннен шығады… Қазіргі таңда Батыс, Шығыс түгел мойындайтын бір шындық бар. Ол – ғаламды сақтаудың бірден-бір жолы өркениеттер мен өркениеттер арасына дәнекерлік көпірін салып, дініне, тіліне, түр-түсіне қарап алаламай, адамзат баласын диалог пен тең дәрежелі түсіністік жағдайында ғұмыр кешу үлгісіне бейімдеу. Толеранттылық, яғни төзімділік деп жүрген өмір сүру салтын қалыптастыру. «Сабыр түбі – сары алтын» дейді данышпан халқымыз. Қазақтардың «сабыр» дейтін салмақты ұғымды өміріне серік етуі тегін емес. Тіпті, толеранттылықтың қазақы санадағы баламасы да осы сабыр сөзі болуы тиіс. Қазақ өміріндегі сабыр ұғымының объективті, субъективті факторлары бар. Объективті фактор – ұлан-байтақ жеріміздің Батыс пен Шығыс өркениеттерінің шекарасында жатуы. Соған орай, өмір, коғам, уақыт ұсынар проблемаларды шешудің сахаралық үлгісінің қалыптасуы. «Сабырлы жетер мұратқа» деген сөз соның айғағы болса керек.
Осының өзі…
Жаңа тарих сахнасына ұлттық тәуелсіздігімізді толайым тағдырымен, толық кескінімен алып шығып, әлемге жаңа тұрпатты Қазақ елін алғаш танытуда, осы жолда аса маңызды тарихи құжаттарға қол жеткізуде, ондаған ірі мемлекеттермен саяси, экономикалық байланыстар орнатуда, шек-шекарамызды белгілеп, оны түбегейлі бекітуде, Батыс, Шығыс қарым-қатынастарын таразылауда, қазіргі таңдағы күрделі геосаяси ахуалдар қорығынан аман шығып, жаһандану жағдайында әлем танып, мойындаған тәуелсіз мемлекет құруда қазақстандық үлгінің қалыпта-
суы – Тәуелсіздіктің ұлы жеңісі! Тәуелсіздік көшін бастаған кемел тұлғаның жеңісі!
«Мәңгілік ел» болуды мұрат еткен Қазақстан үшін басты мақсат – Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау болғанда, қазіргі таңдағы басты қажеттілік – елдің ішкі ынтымағы мен бірлігін қамтамасыз ету.
Айтулы ұғымның тамыры, сөз жоқ, тереңде жатыр. Ондаған жылдармен емес, ғасырлармен өлшенетін уақыт қойнауынан бастау алар «Мәңгілік ел» бабаларымыздың аманаты. Бұл – біздің дәуірімізге дейінгі ұлы дала төрін тұлпар тұяғымен шаңдатып, Батыс пен Шығыстың жазба тарихына енген еңсегей бойлы, ер тұлғалы аталарымыздың арманы! Бұл – аспан асты, жер үстінде жарасты ғұмыр кешіп, Алаш туын желбіреткендердің көксегені!
Үш мың жылдан асып жығылар тарихы бар ұлы байтақ басынан не кешпеді? Алмағайып заманалар азуын, ұлы Жаратушының пешенеге бұйыртқан жазуын көре жүріп, Алаш – Алаш болғалы,
қазақ – қазақ болғалы бұл кеңістік соғысты да, сойқанды да аз көрген жоқ… Қытай бумаларында қатталған, араб жазбаларында сақталған, тарихшылардың атасы Геродоттың кітабына енген, армян жазуларымен өрнектелген, тасқа қашалған, папирустың бетіне түскен ұлы тарихтың шешен тілді, көсем мінезді кешегісіне көз тоқтатқан кез келген білімді, парасатты адам екі мәдениет пен екі өркениеттің өлара тұсында жатқан ұлы дала туралы бөтен ойлап, бөгде сөз ойлауы мүмкін емес.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында әлемнің географиялық картасында тәуелсіз ел ретінде пайда болған Қазақстан мемлекеті, сөз жоқ, осынау ұлы далада өмір сүрген сол үлкенді-кішілі мемлекеттердің жалғасы! Мұрагері! Тәуелсіз Қазақстанның араға көп уақыт салып, әлем аренасына қайта келуі – феноменалды құбылыс. Көк пен жер арасында болатын космостық байланыстың барына сенер болсақ, бұл құбылыс, ең әуелі, екінші дүниедегі ұлы әруақтардың қолдауымен, мына дүниедегі жалғастардың жалғасы болған тегеурінді ұрпақтың жүрегінің қалауымен болғаны анық.
Бұл – тарихи объективті фактор.
Тәуелсіздік дейтін еш теңеу мен анықтауышқа тізгін ұстата бермес қасиетті ұғымның қадіріне бір жетсе, біздің қазақ жетуі тиіс деп ойлаймын. Қадіріне көкірек көзі мен жүрек сөзі жете алмаған ұғымның құны – көк тиын. Тәңірім содан сақтасын!
Бұл – қазіргі таңда ұрпақ, ұлт алдында тұрған өзін-өзі сақтау мен өзін-өзі қорғаудың басты міндеті.
Бұл – ұлттың ішкі діңгегі мен рухын тас-түйін бекітер басты қағидасы!
Ол туралы даму мен өрістеудің жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның бүгінгі тағдыры мен ертеңгі болашағын анықтау хақында Елбасының ұрпақ пен ұлт санасын жаңғырту туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында жан-жақты терең айтылған.
Тәуелсіздік – тағдырымыз!..
Тәуелсіздік – Мәңгілік ел болудың басты кепілі.
Тәуелсіздік – алпыс екі тамырында ыстығы бәсеңсу білмес ұлы даланың асау қаны!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Дереккөз: Айқын