Ұлы дала мұрасы | «Айқын» газеті
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Дала өркениетінің адамзат дамуына қосқан теңдессіз үлесі бар екенін көрсетіп берді.
Адамзатты әуелі түркі, кейіннен қазақ мәдениеті өзінің терең де бай екенімен, әлемнің далалық келбеті көрініс тапқан даналық сәулет өнерімен, халықтық қолданбалы өнердің жауһарларымен, киелі ғимараттарымен, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары тәнті етті.
Ұлы дала туған мәдениеттер жүйелі түрде зерделеніп, қазіргі заманғы мәдениетте, сәулет өнерінде және басқа да салаларда неғұрлым кең қолданылып отыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы, мәдени-тарихи мұраны сақтау, ұлттың рухани жаңаруы аясында Ұлы дала құндылықтары ерекше маңызға ие болды.
Көшпенділердің Ұлы даланы және айналасындағы әлемді құндылық тұрғысынан бағалау ерекшеліктерін, материалдық игіліктерін жинақтаумен қатар, оларды еркіндік пен рухани дамудан да іздестіруіміз қажет. Мұны Мемлекет басшысы мақаласында айқын көрсетіп берді.
Сан ғасырлық Ұлы дала мұрасын қазіргі ұрпақтың және болашақтың жадында қалдыру үшін, цифрлы өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, тарихи сананы жаңғыртуымыз керегі мақалада орынды айтылған.
Мақалада тарихи сананы одан ары жаңғырту мақсатында алты бағыттағы бірнеше ірі жоба қарастырылған.
Атап айтсақ, «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» және «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі».
Ұлтымызға ұйытқы болар осы ауқымды шаралардың өз деңгейінде орындалуы заман талабына сай туындаған өркениет талаптарына сайма-сай және мемлекет ретінде ілгері басуымызға жол ашары анық.
Төлеміс КҮЛМҰХАМЕДОВ,
Еуразиялық интеграция
институтының директоры