«Ұлы дала квартиранттары»: депутат Дәулет Мұқаев мәжілісте баспана мәселесін көтерді
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев бүгінгі палата отырысында халықты үймен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, ұсыныстарын айтты. Ол өзінің сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады, деп хабарлайды Kznews.kz мәжілістің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.
Осыған дейін де баспана мәселесін көтеріп жүрген Дәулет Мұқаев мәжіліс отырысында тұрғын үйдің қолжетімсіздігін нақты деректермен келтірді. «Халқымыздың «ұлы дала квартиранттары» атанғаны да жанға қатты батады. Анығын айтқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр. Бүгінгі таңда тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отыр» ,- деді Мұқаев. Депутат халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін өз ұсыныстарын да айтты. Оның сөзінше, «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламаларын жаңарту керек. Сондай-ақ жастарға берілетін жалдамалы пәтер мәселесін де көтерді. Айтуынша, жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кемі 1 000 пәтерден 3 000 пәтер берілу керек еді. Алайда үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін 2022 жылы толық алмаған. «Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің мәліметі бойынша 2022 жылы 129 707 жұп некеге тұрса, 51 220 жұп ажырасқан.
Бұл дегеніміз үйленген жастардың 40 пайызға жуығы (әрбір үшінші жұп) ажырасады деген сөз. Ажырасудың басты себебі материалдық қажеттілік екенін ескерсек, баспана бірінші орында. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету біршама мәселелердің алдын алары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік деңгейде бастапқы жарнасы 10 пайыздан аспайтындай «Жас отбасы» бағдарламасын ұсынамын. Бүгінгі таңда Отбасы банкі тарапынан жүзеге асып жатқан «Жас отбасы» бағдарламасында бастапқы жарна – 50 пайыз. Мұндай қаражат жинау жастарға қиындық тудырады», — деді депутат. Бұдан бөлек Мұқаев «7-20-25» бағдарламасының халық үшін тиімсіз тұстарын да сөз етті.
«Бағдарлама ұйымдастырушылары «ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр» деп көрсетеді. Бірақ неге бұл жағдайда «7-20-25» бағдарламасы бойынша қазір Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді. Маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктер алдында түнеуге мәжбүр болып жатыр. Бұл тұрғыда «7-20-25″ бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау қажет. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады дегенмен, оған дейін аты бар заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр», — деді Мұқаев мәжіліс отырысында.