Ұлтын әлемге танытқан алғашқы спортшы Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірбаяны — Қазақстан жаңалықтары

0

Қажымұқан туралы ақиқат та, аңыз да көп. Ол әлемді өзінің күшімен таңғалдырған қарапайым қазақ баласы. Ұлтын шетелге танытқан алғашқы спортшы, күш атасы, деп жазады Stan.kz палуанның өмірінен сыр шерте отырып.

Ұлтын әлемге танытқан алғашқы спортшы Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірбаяны

Тарихи деректерге сүйенсек, Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезіне қарасты Қараөткел деген ауылда дүниеге келген. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданып жұмыс істеп ер жетеді. Сөйте жүріп күреске түсіп, той томалақтарда елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болады.

Ол кезде байға жалданып, күн көріп жүрген бала Мұқанға жұмыстың ауыры жоқ еді. Мұқан арбаны да өзі сүйреп, ауырқапты да бұйым көрмей ұршықша иіріп әкететін. Бес адамның жұмысын өзі жалғыз атқаратын. Осылайша, бала кезінен бастап Мұқан туралы аңыз ауыл арасын кезіп кетеді. Балалар оның күшіне нығып, үлкендер оның күшін пайдаланып, қызықтай бастайды. Барлық той-томалақ, жиын Мұқансыз өтпейді. Ауыл адамдары оны баламен де, үлкенмен де белдестіріп, қызықтай беретін болды. Кейін халық оны бала палуан деп еркелете бастады. Алып күштің иесі бала кезінен-ақ бөлектеніп тұрды. Жауырыны қақпақтай, қолы күректей, еңгезердей ер жігіт болып жетіле берді. Сөйтіп, ешбір қазақтың табаны тимеген әлемнің 28 елін аралып, өнер көрсетіп, өзіне қаратты. Ешбір қазақ тақпаған 56 алтын мен күміс медальды кеудесіне тақты. Әлемнің ең мықты палуандарымен белдесіп, жерге жықты. Жауырыны жерге тимеді, қазақты мойындатты. Міне, атақты күш атасы Қажымұқанның күреске толы өмір жолы осындай болды.

Қажымұқанның арғы аталары да қарулы, айбатты батырлар болған. Қажымұқан Қобыланды батырлың 11 ұрпағы деген де деректер бар. Алып атадан туады демекші балуанның анасы да, әжесі де осал болмаған. 

«Сады батырдан батыр болып туылған ұрпақтарының бірі Ернақы. Кейбір кітаптарда Ержан деп беріледі. Ержан батырдан туған батыр алып Мұңайтпас, ал оның ұлы Қажымұқан. Жалпы Ернақы батырдың өзі жауға қарсы шапқан, қасқырдың жүрегін жұтқан адам болған деген аңыздар көп. Ернақы батыр сол өзінің заманында жігіт кезінде серілік қылып, Қараөткелге барғыштап жүріп, Айсары әжемізге үйленген. Айсары да алыптың қызы болған. Айсары әжейдің денесі де ірі, бойшаң болған деседі. Оның бойында да күреске деген бейімділік болған. Ал Мұңайтпас атамыз жауырыны жер иіскеп көрмеген, ауыл тойларында, жәрмеңкелерде күреске қатысқан үлкен палуан болған. Ол кісі туралы да аңыздар бар. Оны жалпы Мұңайтпас емес, «Жуан аяқ» деп атаған. Аяғының өте ерекше жуан болғаны соншалық, ол кісі қыстың күндері киізден, көннен аяқ киім тіктіріп киген. Соның өзін қонышынан басып жүретін ерекше кісі болған»,- дейді Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұрпағы, музей экскурсоводы Меруерт Ескермес.

Мұңайтпастың таңдаған жары Қабира батырдың ұрпағынан еді. Қабираның әкесі зәулім ағашты түбірімен жұлып алатын балуан болған екен. Қабира Мұқанға дейін өмірге Асан және Үсен есімді егіз ұл әкеледі. Дегенмен, егіздердің көрер жарығы аз болды. Екеуі бірдей белгісіз аурудан шетінеп кетеді. 

4-5 жасар кезінде көзге көрініп қалған балалардан, оның үстіне бір емес, екі бірдей тұңғышынынан айырылған ауырпалықты ана жүрегі көтере алмай, Қабира ана қатты ауырып, біраз жыл құрсақ көтермейді. Сонда Айсара әжеміз келінім осы бойда құрсақ көтермей кете ме, Мұңайтпасым ұрпақсыз қала ма деген уайыммен бүкіл әулие әмбиелерді аралап, 10-20 күндеп бабардың басында түнеп, ниет қылып, Алладан тілек тілеп, келіні құрсақ көтерсін деп ырым етеді. Сөйтіп, өмірге Мұқан келеді. 

Қажымұқанның өмірге келген күні туралы деректер әр түрлі. Бір деректерде батыр 1871 жылы 7 сәуірде дүниеге келді деп көрсетсе, кей зерттеулер 1886 жыл деп дәйектейді. Балуанның өмірге келген жеріне қатысты да дау көп. Оңтүстік халқы Қажымұқанды Отырар ауданында туған деп мекшіктесе, енді бір топ зерттеушілер Мұқанды Ақмола уезі, Қараөткел ауылында туған деген деректі келтіреді. 

Мұқан сәби шағының өзінде ерекше алып еді. Алпамсадай баланы босану Қабираға өте ауыр болады. Бірнеше күн толғатып, әбден әлсіреген ана босану кезінде көз жұмады. Осылайша, шыр етіп дүниеге келген Мұқан ана сүтіне қанбай, мейірімін көрмей, жетімсіреп қалады. 

Анасы қайтыс болып кеткендіктен бала Мұқан әжесі Айсары мен әкесі Мұңайтпастың тәрбиесінде болып өседі. Бала кезінен өте ірі болған Мұқан 6 жасынан бастап әкесі Мұңайтпасқа еріп, жалшылықпен күн көреді. Бірақ, ол жалшылықты бойына ешқашанда ар көрмей өседі.

Сөйтіп, кедейлік, шоқшылық қамыты мойнына ерте артылады. Қайратты, қарулы бала Мұқан байдың үйінің отымен кіріп, күлімен шығады. Күнкөріс қамымен Қызылжарда бай татардың үйінде де жалданып жұмыс істейді. Ол уақытта Мұқан көп қиыншылық көреді.

«Сол заманда байға жалданған. Сонда бір бай екіншісіне: ей, менде бір мықты құл бар. Ал, енді ауқатты көп ішеді демесең, соны ал деген екен. Бес адамның ауқатын ішкенімен, бес жігіттің тірлігін жалғыз өзі істейді деген. Сол уақытта Мұқан 15-16 жаста болған деседі»,- дейді Қажымұқан ауылының тұрғыны Жандар Пердебаев.

Қажымұқан небірі 12-13 жасында вагон сүйреуден орыстың 6 бірдей мұжығымен жарысқан. Ол кезде күш, техника жетіспейді. Қызылжар жақта жүк тасушы болып жұмыс істеп жүрген кезінде бір өзі 1 вагонды сүйреп, 6 орыстан озып кетеді. Бұдан бөлек батып бара жатқан өгізді сүйреп алып шыққан. Түйені мойнына салып жүрген. Сөйтіп, Мұқанның мұндай өнерлері ел ішінде аңыз болып тарай береді. Уақыт өте келе жалшылық өмір алып күш иесіне тым таршылық етеді. Ол үлкен өмірді көргісі келеді. Осындай ізденіс кезеңінде «цирк» деген сиқыр әлемі туралы естіп, көргенше асығады. Бұл өнер балуанның өмірін түбегейлі өзгертеді. Алдымен, ол өнер шаңырағының ат қорасында жұмысшы болып еңбек етеді. Сөйтіп жүріп француз күресінің қыр-сырын меңгере бастайды. Сол уақытта аренадағы атақты әрі ең мықты балуан орыстың Андрей Злобині еді. Боз кілемде қарсы келгенді сұлатып, бұлшық еттерін ойнатып қоймаған палуанды көргенде қазақ батырының делебесі қозады. Осылайша, Мұқан Злобинмен бақ сынап көруге шаршы алаңға шығады. Ұзақ айқасады. Сонда Злобин Мұқанның табиғи күш-қайратын мойындайды. Сөйтіп, оған осы өнерді кәсіби түрде жалғастыруына кеңес береді. Тіпті, тиісті жерге хатын жазып, жолын ашып береді. 

Қажымұқанның әлемдік деңгейдегі палуан болып қалыптасуына Сантк-Петербургтегі Иван Лебедевтің күрес мектебі сеп болды. Ел арасында дядя Ваня аталып кеткен бапкерге балуан 1904 жылы келеді. Қыр бозбаласы білікті маманнан екі жыл дәріс алып, шеберлігін шыңдайды. Әлемдік деңгейде алғаш рет 1906 жылы көрінді. Осы жылы Германияда өткен дүниежүзілік сайыста қазақ палуаны өңіріне әлем чемпионының алтын медалін тақты. 

Алайда, патшалық Ресейдің сықиған саясаты қазақ палуанын өз атымен атауға рұқсат бермеді. Батырдың бұратана халықтан шыққаны оларға ұнамады. Сөйтіп, Мұқан байрақты бәсекелерде түрлі лақап атпен шығуға мәжбүр болды. «Ямагата Муханури», «Қара Мұстафа», «Черный Иван» Мұқанның лақап аттары. Ол бұған көнді, күресті. Патшалық Ресейдің атынан шықты. Талай-талай айдарынан жел ескен жанпоздарды жер жастандырды. Африканың «Қара батырымен» айқасты, жапонның «Саракикиімен» белдесті, түріктің «Нұрлысымен» тіресті. Ең мен деген жуан жұдырықтылармен күресті. 

Мұқан 1912 жылы Стамбұл қаласында атақты түрік балуанымен кездеседі. Түріктің атышулы атақты Нұрлысын жеңгеніне қатты қуанған бай түріктің манаптары Мұқанды өз қаражаттарымен Мекке Медине сапарына алып барып, Қажы атағын алып береді. 

Қажымұқан жапонның атақты балуаны Саракикимен 1912 жылы Харбен қаласында өткен ережесіз күресте айқасады. Күрестің шартында, бір жақ өлсе де құн сұралмайтын болған. Осы өте ережеге бағынбайтын қауіпті күресте Қажымұқан атамыз көп жарақат алады. Неге десеңіздер, Саракики Қажымұқанға дейін бірнеше елдің палуанын мерт қылған өте айлакер балуан болған етін. Ол осы белдесуде бүкіл денесіне май жағып, шыны сынықтарын қолына, тырнақтарының арасына салып шығып, Қажымұқанға көп зардап шектіреді. Оның майлы денесін ұстау мүмкін болмайды және ол шыны тырнақтарымен балуан атамызды осып тырнап, аренаға шыққаннан-ақ Мұқанның сол құлағын шайнап тастайды. Осы айланың бәріне төтеп берген қазақ палуаны оңтайлы сәтті пайдаланып, жапон балуанын жерден көтеріп атып ұрып, маскасымен қосып үстінгі ернін желкеге дейін қабығын ашып жіберген екен. Бұл жеңіс Қажымұқан атын әлемге паш етті. Бұл кезде қазақ батырының әйелі бар еді. Қажымұқан бірінші зайыбы Надежда Чипковскаямен циркте танысады. Надя ат құлағында ойнаған цирктің белді әртісі болатын. Қажымұқан оған бір көргеннен ғашық болады. Поляк қызы Надяның да палуанға көңілі кетар емес-тін. 

Жалпы Қажымұқанның төрт әйелі болған. Бірінші әйелімен 1909 жылы Рига қаласында цирк труппасында жұмыс істеп жүріп танысып, үйленеді. Ол Надежда Николаевна Чипковская болатын. Қажымұқан әйелімен қазақша некеге отырып, мұсылманша неке қидырғаннан кейін, зайыбына қасиетті аналарымыздың бірінің атын қойып, Фатима деп атайды. Осы некесінен Халиолла, Абдулла есімді екі ұлы дүниеге келеді. Екі ұлы да соғысқа қатысқан, алайда Халиолласы аман келеді де, Абдулласы соғыстан оралмайды. Бүгінгі таңда Халиолладан тараған ұрпақтар Ресейдің Омбы қаласында тұрады. 

Қажымұқан төрт рет шаңырақ көтерген, ал кейбір деректерде оның 5 рет үйленгендігі айтылады. Ресей жерінде татар әйелмен көңіл жарастырып, Мұхтар есімді ұлды болғаны көп жерде көрсетілмеген, деректер сақталмаған. Тарихта қалғаны тек төрт әйелі ғана. Екінші әйеліне балуан 1925 жылы қосылады. Тыныбайқызы Ырысты батырға үш ұл, үш қыз сыйлайды. Бірақ, үш ұлы туралы деректер де бізге жетпеген. Екінші жұбайы туралы суреттер де, деректер де жоқ. Негізінде, ол кісіден Азия, София, Рашида есімді үш қыз өмірге келген деген деректер бар. Ырысты да екі қызымен белгісіз аурудан ерте қайтыс болып кетеді. Сонда жетім қалған қызы Азия Омскіде әкесінің бірінші әйелінде, Халиолла ағасының қолында тәрбиеленеді. Қажымұқан бірінші әйелімен ажыраспаған, бірақ айырылысуға мәжбүр болған. Атамыз қуғынға ұшырады ма, әйтеуір отбасы бір жаққа өзі бір жаққа бөлініп, белгісіз жағдайларға байланысты екіге айырылады. 

Надежда Чипковкая, яғни Фатима Омскте тұра береді. Ал Қажымұқан үйленген екінші жары Ырыстының өмірі қысқа болды. Ол белгісіз аурудан өмірден ерте кетеді. Осы кезде батыр үшінші рет некеге тұруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, Қажымұқан әмеңгерлік жолмен қайтыс болған немере ағасының жесірі Мінәйімді әйелдікке алады. Бұл кісіден 1939 жылы Айдархан есімді ұлы дүниеге келді. Айдарханның ұл-қыздары бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысының ауылды-қалалы жерлерінде тұрып жатқан жайы бар. 

Қажымұқан көп қудалауға ұшырады. Әсіресе, «Азамат соғысы» мен «аштық» балуанның отбасын сансыратып тастады. Репрессияның қанды қасабы батыр Қажымұқанды айналып өтпеді. Шолақ белсенділер Қажымұқанның ісін майшаммен қарады. Ол патшаның адамы. Патша қолынан медаль алған. Патшаның сыбайласы деген желеумен айыптап, қамауға алды. Шетелге шығып Мұстафа Шоқайға ақпарат тараттың деген желеумен де желімдей жабысты. Осы кезде палуан отбасынан алыстап, Түркістан мен Өзбекстанға барып, бас сауғалайды.

Қажымұқан жасы келгенде күресті қойғанымен, палуандық өнерін өле-өлгенше серік етеді. Әсіресе, соғыс жылдары ауыл ауылды, ел-елді аралап, бар өнерін қайта жаңғыртуға көшеді. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Қажымұқан жасының егде тартып қалғанына қарамастан, ел аралап, цирк өнерін ұйымдастырып, өз өнерін көрсетіп ақша жинаған. 

Алып батыр бір қойдың етін қиналмай қылғыта салатын қомағай болған деген де ел арасында аңыз бар. Балуан бір қойдың етін тек бәстесіп қалғанда ғана жейді екен. Былайша, ел-жұртпен тамақ ішетін көрінеді. Ал етті көп жеген күндері Қажекең міндетті түрде өзенге түсіп тұрған екен. 

«Қажекеңді бала кезімнен білемін. Ол кезде 7-8 жасар кезім. Мен Қажымұқанның Айдархан деген баласымен қатарлас едім. Соған ойнауға барғанда, ол кісі көйлекшең бұлақта жатады. Сонда су бетінде май қалқып жататын»,- дейді Қажымұқанның көзін көрген қария Жоламан Ахметұлы. 

Батыр Қажымұқан 70 жасына қарамастан, майданға бірнеше рет сұранады. Кескілескен соғыста өзінің қам-қаперсіз жатқанын ар санайды. Бірақ, ол қанша барса да, әскери комиссиариат ақсақалдың өтінішін кері қайтарады. Осы кезде Қажымұқан өзім бармасам да, майдандағы жауынгерлерге материалдық көмек көрсетейін деп шешеді. Жатпай тұрмай ел аралап, өнер көрсетіп ақша жинайды. 

Қажымұқан жасы 70-тен асқанымен тың болады. Ауыл ақсақалдары алып, батыр, біртуар тұлғаның ұрпақтары көп болсын деген ниетпен балуан 75-ке келгенде төсек жаңғыртқызады. Қажымұқан бұл кезде 31 жастағы Бибіжан Бүркітқызын әкелдікке алады. Оның өмірінің соңғы жылдарында атақ іздеген кейбір палуандар батырмен белдесуге құмар болады. Сондағы ойы қартайған, қуаты қашқан Қажымұқанды жер қаптырып, өз атын шығару. 

Бабы келіскен балуан белдескенде де, өнер көрсеткенде де жасарып кетеді екен. Қажымұқан алып денесіне қарамастан, жаны нәзік болды. Ол өте қарапайым, әрі өнерге жақын еді. Майраның әнін сүйіп тыңдап, әншіні ерекше еркелеткен көрінеді. Қажымұқанның өзінің де анда-санда домбыра шертіп, ән айтатын өнері болатын. 

Қажымұқанның ауырып жатқан баланы түкіріп аяқтан тұрғызатын әулиелік, емшілік қасиеті де болыпты. Бұл бәлкім сол кездегі елдің Қажымұқанға деген қалтқысыз сенімін де шығар. Палуан тіпті, өзінің қайтыс болатынын 9 күн бұрын білген деседі. 

Баһадүр балуанның айналасында аңыз көп. Сондай бір деректерде батыр Қажымұқан өмірінің соңғы күндерінде ішерге тамақ, жатарға орын таппай қиналып өлді дейді. Ат қорадан нан қоқымын теріп, шиеттей баласына пана бола алмады дейді. Үкіметке көмек сұрап, ақша сұрап, сиыр сұрап, хат жазып, ақыры онысы жауапсыз қалған делінеді. Дегенмен зерттеушілер халықтың сүйікті балуаны ел ішінде отырып, аш қалуы ақылға қонымсыз деп, қарсы дау айтады. Ал туыстарының бұл деректерге өзіндік дәйектері бар. 

«Ол кезде жан-жаққа хат жазған себебі, бұл кісі соғысқа кетіп оралмай қалған, асыраушысынан айырылған 20 шақты отбасыны өзі асырып, жауапкершілікті өз мойнына алып, соларды да өз қамқорлығына алады. Серілік қылып өнер көрсетіп келсе, тапқан малын бір күнде бәріне тарқатып беретін болған»,- дейді Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұрпағы, музей экскурсоводы Меруерт Ескермес.

Қалай болғанда да Қажымұқан жүрген жерде ойын-той болды. Ол тыным таппай өмірден өткенше ел аралап, өнерін көрсетіп, тапқан малын пұл қылды. Сөйтіп, 100 мың сом ақша жиып, бір тиынынан шашау шығармай майданға жіберген болатын. Сол ақшаға ұшақ жасатып, оған Амангелді Иманов есімін бергізді. Атымтай жомарт қолындағының бәрін таратып берді. Тарлық көремін деп қорықпады, өйткені ел ішінде отырды. 

Тамыз айының басында Қажымұқан таңғы ас уақытында балларына барлық нәрсенің соңы болатынын, өзінің де о дүниелік болатын уақыты жеткенін айтқан екен. Түсімде аян беріп, пірлерім табанымның толы жерінен тіліп кетті депті. Шынымен, өзі айтқандай-ақ Қажымұқан ауыл басшыларын жинап елімен, халқымен лайықты қоштасқысы келтенін жеткізіп, өзінің қанша өмірі қалғанын  айтып, дайындалған.  Осылай үйінде үлкен бас қосу жасағысы келіп, халқына өз қолынан сыбаға беріп, елімен қоштасқан. 

«Шын мәнісінде, 16 тамыз күні атамыз таңертең аудан орталығына жолға шықпақшы болып, атын ерттеткен екен. Ондағы ниеті, екі күн бойы тісі ауырған ұлы Айдарханды дәрігерлерге көрсету болады. Атамыз дайындалып, ерттелген атқа отырып, үйден ұзай бергенде мазасы болмай арбаның үстінде ұлдарына кері қайтаруын өтінеді. Үйге жеткенше-ақ атамыздың демі үзілген. Сонда ауыл азаматтары, көрші-қолаң жабылып атамызды арбадан түсіріп, қараша үйге әрең көтеріп, жатқызған екен. Сол кезде бүкіл ауыл жоқтап, сықтау айтып жатқан кезде Көкбоз атының өзі атамызға бауыр басқаны соншалық, қараша үйдің керегесінен басын кіргізіп, ұзақ кісінеп, көзіне жас алыпты»,- дейді Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұрпағы, музей экскурсоводы Меруерт Ескермес.

Көкбоз ат иесіз қалады. Кісінесе қалың елі жомарт, көпшіл, батыр балуынынан айырылып, маңырады. Қажымұқанның өз өтініші бойынша оның денесі үйінің маңына қойылды. Бүгінде бұл жер дүйім жұрттың тәу етіп келіп кететін қасиетті орны. Алып тұлға, алапат күш иесі қазақ атын бүкіл ғаламшарға мәшһүр еткен дарын иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы күреске толы болды. Боз кілемдегі күресте де, өмірдегі күресте де ол өзінің адалдығын, тазалығын ту етті.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz