«Ұлттық волонтерлік желі» — жастардың жолын ашқан жоба
Zhas project жастар корпусын дамыту – Дүниежүзілік банк пен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы.
– Үйлестіру агенттігі алдыңғы жылы қанатқақты жобаны Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында жүзеге асыруды қолға алған болатын. Сөйтіп осы 4 аймақта 18-29 жас аралығындағы екі мыңға жуық жасты қамтыды. Олар әлеуметтік идеялардың негізінде 589 жоба ұсынды. Гранттық байқауға қатысу үшін жастар 3-5 адамнан тұратын топтарға бірігіп, біздің сайтта орналасқан талаптарға сәйкес электронды түрде өтініш бере алады. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталар болсақ, жастар жоба жүзеге асырылатын аймақта тұруы қажет. Олардың жас мөлшеріне, қолға алған бастамаларына қажетті құжаттарының түгел болуына қатысты да талаптар бар. Әрине, ең бастысы, ынта-ықыласына келіп тіреледі. Былтыр Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда сынды 6 облыс қосылды. Биыл қалған төрт облысты және Астана мен Алматыны тартамыз. Осылайша, үш жылдың ішінде Қазақстан жастары мүмкіндігінше «Zhas project» жобасының қайтарымсыз гранттарына ие бола алады, – дейді бірлестік төрайымы Вера Ким.
Былтыр грантқа үміткер адамдардың жас шектеуіне аздаған өзгеріс енгізіліп, 14-29 жас аралығы қамтылды. Айта кетерлігі, грантты алу үшін керемет инновациялық жаңалық табу қажет емес. Қарапайым мысал үшін айтсақ, ауылда шағын наубайхана ашуды ұсынған жастарға да қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, елге де, іскер азаматтың өзіне де пайдасын тигізсе болғаны. Жоба жүзеге асырылатын алты ай ішінде жастар шәкіртақымен қамтамасыз етіліп, тиісінше ауыл тұрғындарына нанды ақысыз таратуы керек. Жобаның әлеуметтік деп аталуы да осыдан келіп туады.
Мал және құс шаруашылығы, ағылшын тілін оқыту, тігін цехтары, басқа да көптеген әлеуметтік бағыттағы жобалар бар. Берілген грантқа сатып алынған жабдықтар немесе төрт түліктердің бәрі өздерінде қалады. Яғни, олар өз ісін әрі қарай дамытуға мүмкіндік алады.
– Бір қызық жоба болды. Алматы облысында еті тірі жастар бірігіп, біраз сиыр сатып алып, сүтін ауыл тұрғындарына таратыпты. Бір қарағанда жай ғана мал шаруашылығы сияқты. Кейін зерттеп көрсек, бұл ауылда кальций мен басқа да дәрумендердің жетіспеушілігіне байланысты сүйек жүйесі ауруларына шалдыққан адамдар басқа өңірлермен салыстырғанда көп екен. Демек, оны қолдау керек, – дейді Вера Александровна.
Иппотерапия, яғни салт атпен жүру арқылы емдеу әдісін қолға алғандар да бар. Жалпы, медицинаға қатысты кез келген жобаға үйлестіруші топ ерекше сақтықпен қарайды. Тексере келгенде, иппотерапияны қолға алушы азаматтың барлық тиісті құжаттары түгел екендігі анықталды. Жас жігіт Мәскеуде медициналық университет бітірген білікті маман болып шыққан. Ауылдық жерлерде осындай арнайы білімі бар мамандардың болуы өте маңызды. Қазір оның көмегіне жүгінген біраз науқас балалар дертіне шипа тауып, ата-аналары алғысын жаудырып тұрады.
– Осындай пайдалы істер өз нәтижесін беріп жатқанын көргенде бекер жұмыс істемейтінімізді түсінеміз. Біз әрбір қатысушы өмірінің оң бағытқа өзгеруіне және олардың армандарына жету үшін алғашқы қадамдарын бастауына, қоғамның мәселелерін шешуге атсалысуына ықпал еткіміз келеді, – дейді В.Ким.
Әр жоба жастардың өзіне ғана емес, олар өмір сүретін қоғам үшін маңызды. Жобада жұмыс істеген алты ай ішінде жастар өздеріне пайдалы көп нәрсені үйренеді. Ал қабілеті бар азамат әрі қарай басқа да қызметте өзінің жұмысын көрсете алатыны сөзсіз. Демек, оларды қолдау үшін атқарылған жұмыс, төгілген тер текке кетпегені.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/