Ұлттық ұлан өнерпаздары мерекелік концерт өткізді
Алдымен тәуелсіздігіміз туралы сыр шертер деректі фильм көрермендер назарына ұсынылды. Артынша мінберге Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов көтеріліп, барша жұртты еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.
— Тәуелсіздік басты байлығымыз, құн жетпес құндылығымыз. 27 жыл ішінде еліміз барлық салада алға шығып, үлкен даму жолынан өтті, — деді аудан әкімі.
Құттықтау сөзден кейін аудан басшысы бірқатар әкімдік қызметкерлері мен аудандағы мекеме басшыларын «Астанаға 20 жыл» мерекелік медальмен марапаттады.
Алайда, бұл марапаттарды соңы емес еді. Сахнаға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов шығып, аудан тұрғындарына Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, ел алдында мерекеге орай Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов Ұлтық ұланмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ – дәрежелі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісімен марапатталды. Ұлтық ұланның Бас тәлімгері ел алдында аудан басшысының кеудесіне награданы өз қолымен тақты.
Салтанатты шара Ұлттық ұлан әскери-оркестрлік орталығының бастығы подполковник Асхат Мұхамедияров бастаған Үлгілік-көрсетімді оркестрі және Ән-би ансамблінің бастығы капитан Дархан Рахымғалиев жетекшілік еткен өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен ұласты. IV Жалпыресейлік байқаудың III дәрежелі лауреаты, Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің солисі Нематилло Зкруллаев, отандық эстрада жұлдызы Мұрат Қожа, ұландық әншілер, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Нұрғазиев, Денис Яковлев, Ғайни Жұмашева өнер көрсетсе, мың бұралған бишілер де өнерлерін ортаға салды.
Әртістердің сахнаға шығуы бір-біріне ұқсамады. Сәнді костюмдер, жарқын образдар, көркін ашар тақырыпты бейнероликтер көрерменді елжіретті.
Шара соңында ұландық өнерпаздарға Байқоңыр ауданының әкімі атынан ықылас гүлі ұсынылды.
Дереккөз: http://egemen.kz/