Ұлттық тестілеу орталығының басшысы ұсталды – ҰБТ-ға әсер ете ме?

0
46

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге жауапты орталықтың бұрынғы және қазіргі басшылығына пара алды деген айып тағылып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр — Sputnik. Ұлттық тестілеу орталығы басшысының ұсталуы ҰБТ-ны өткізуге әсер етпейді, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Ұлттық тестілеу орталығы бас директорының делдал арқылы жүйелі негізде аса ірі көлемде пара алып отырғаны анықталды. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, орталықтың бұрынғы басшысына да 9 миллион теңгенің автокөлігін пара ретінде алды деген айып тағылып отыр.

Білім және ғылым министрлігі  Ұлттық тестілеу орталығының қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын және бұл фактінің 2019 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге еш әсер етпейтінін мәлімдеді.

«Гранттарды үлестірудің автоматтандырылған жүйесі әрдайым бақылауда, құпиялылық режимінде жұмыс жасайды және адами факторға тәуелді емес. Тергеу органдары Ұлттық тестілеу орталығының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кінәлілік дәрежесін сот анықтайды. Білім және ғылым министрлігі сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік қағидасын қолдайды», – деп жазылған хабарламада.



sputniknews.kz