Ұлттық спорттың үздіктері марапатталды

0

2018 жылғы 21 желтоқсан 23:30 520

Ұлттық спорттың үздіктері марапатталды


АСТАНА. ҚазАқпарат — Астанада ұлттық спорт саласындағы «Алтын тұғыр — 2018» сыйлығы табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен айтулы марапат кеші ұлттық спорттағы үздіктерді анықтап, жылды қорытындылауға арналды.

Биылғы «Алтын тұғыр» ережесі бойынша 14 номинация және 5 арнайы сыйлық табыс етілді.

«Биыл ұлттық спорт үшін ерекше жыл болды деп айтуға болады. Өйткені, халықаралық бәсекелерде біздің саңлақтарымыз сан мәрте дара шықты. Атап айтсақ, аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатында, теңге ілу мен құсбегіліктен ІІ Азия чемпионатында, жамбы атудан XIV әлем чемпионатында, көкпардан, тоғызқұмалақтан, асық атудан, қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген спортшыларымыз баршылық. Сол сияқты биыл Оңтүстік Кореяда жамбы атудан өткен әлем чемпионатында 23 елдің ішінен спортшыларымыз І орын иеленді. Бүгінгі сый-құрмет сол ұлттық спорт бәсекелерінде ел намысын асқақтатып жүрген азаматтарымыздың есімін ардақтауға арналады», — деді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан.

Ұлттық спорттың үздіктері марапатталды

Оның айтуынша, бүгінде ұлттық спортқа айрықша көңіл бөлінуде. Жуырда ғана көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан ұлттық құрама Түркияның Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынынан оралды.

Сонымен қауымдастық тағайындаған ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оған қосқан үлесі үшін берілетін «Елімжан» төс белгісімен Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев марапатталды.

Ұлттық спорттың үздіктері марапатталды

Сондай-ақ, бірқатар спортшыларға «Ұлттық спорт ардагері» төс белгісі және «Ұлттық спортқа қосқан үлесі» үшін алғыс хаттар табыс етілді.

Сонымен қатар, «Наурыз-думан» тележобасында ұлттық спорт түрлерін насихаттағаны үшін елімізге белгілі әзілкеш әртіс Тұрсынбек Қабатов арнайы сыйлыққа ие болды.

Ұлттық спорттың үздіктері марапатталды

Одан бөлек, ұлттық спортқа ақпараттық қолдау көрсеткен бірнеше БАҚ өкілдеріне де сый-сияпат көрсетілді.

«Алтын тұғыр-2018» сыйлығының иегерлері:

«Үздік мерген» — Абзал Тұрлыбеков (Жамбыл облысы);

«Үздік бәйге аты» — «Қаракөз» жүйріктің иесі Артығали Миразов, шабандозы Бекзат Сәдуақас (Алматы облысы);

«Үздік көкпар командасы» — «Құлагер» (Түркістан облысы);

«Үздік көкпаршы» — Асланбек Сайдулла (Түркістан облысы);

«Үздік шабандоз» — Бауыржан Мырзабаев (Алматы облысы);

«Үздік аударыспақшы» — Шыңғысхан Ержанов, Азамат Серғазин (Ақтөбе облысы);

«Үздік теңге ілуші» — Мағжан Сапарбек (Түркістан облысы);

«Үздік құсбегі» — Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы);
«Үздік қазақ күресінің палуаны» — Ерсұлтан Мұзаппаров (Шымкент қаласы);

«Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» — Әсел Дәлиева (Қызылорда облысы);

«Үздік асық атушы» — Мұхтар Ахметов (Қостанай облысы);

«Үздік төреші» — Нұрлан Додай (Ақтөбе облысы);

«Үздік жаттықтырушы» — Гүлнар Базарханова (ШҚО);

«Үздік жетекші» — Ербол Еділбаев (Алтай республикасы).

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz