Ұлттық сананы жаңғыртудағы архивтердің рөлі

0
127

Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында шетел архивтерінен, ғылыми меке­ме­лері мен кітапханаларынан Қазақ­станның тарихы мен мәде­ниетіне қатысты құнды құжат­тар іздестіріліп, оның көшірме­л­ері алынды. Алайда ел тарихына қатысты мұндай маңызды жәдігерлерді толығымен түгендеп алдық деп айтуға әлі ерте, әрі сол кездерде елге әкелінген құжат­тардың көбі әлі күнге ғылыми айналымға енгізілмей отыр. Осы орайда Президент өз мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын бар­лық отандық және шетелдік архивтерде іргелі зерттеулер жүр­гізу мақсатында «Архив − 2025» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды.

Бұл бағдарлама арқылы Мем­лекет басшысы архив ісінің негізгі бағыттарының бірі болып табылатын ғылыми және әдістемелік жұмыс түрлеріне ерекше назар аударып отыр. Бағдарлама отандық архив мекемелері мен шетелдік архивтердің археографиялық жұ­мыс бағытын өзара тығыз бай­ланыста құжаттарға тарихи-де­рек­танулық сараптама жасайтын мекеме – ғылыми-әдістемелік орталықтар ретінде айқындай­ды. Қазіргі күнде мемлекеттік архивтерде сақтаудағы құжаттар мемлекеттің заңнамалық және нормативтік-құқықтық саласында қалыптасатын және қызмет ететін құжаттар кешенінің аз ғана бөлігін құрайды. Архившілер­дің қалыптасқан тәжірибесі­не сүйенсек, бұл қоғамда пай­да болатын жалпы құжаттардың 3-4 пайызынан аспайды. Осы тұр­ғыда біздің тарихымызға қа­тыс­ты құжаттарды айқындау бойын­ша ғылыми-зерттеу жұ­мыс­та­рын жүргізу, өткеннің құжат­тық ай­ғақт­арын ғылыми айна­лымға енг­ізу және осы арқылы қазақ­стан­дық­­­тар­дың тарихи сана­сының қа­лып­­тасуына ықпал етудің маңызы зор.

Елбасы өз мақаласында бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құралған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ­мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүр­гізу міндетін қойып отыр. Бұл топтардың іздестіру жұмыс­тары­ның тиімділігі архив­шілердің анықталған архив құжаттары­на қажетті ғылыми-әдістемелік және анықтамалық құралдарды дайындауы және ол құжаттар­ға көпшіліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуіне тікелей бай­ланысты болмақ. Ал бұл өз кезегін­де, қазақстандық архившілер тарапынан цифрлық технологияларды қолдану арқылы, құжаттық мұраның ұзақмерзімді сақталу міндетімен қатар, құжаттарға жаппай қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша мәселені шешеді. Президент архиві соңғы бес жыл көлемінде құжаттарды жаппай цифрландыру жұмысын жүзеге асырып келеді. Қазіргі күнде архив қо­рын­да сақтаудағы цифрлы құ­жат­тар кешені Интернет технологиялары арқылы жұртшылыққа қолжетімді.

«Архив − 2025» бағдарламасын жүзеге асырудағы тағы бір маңыз­ды мәселе – аталған ауқымды жобаны лайықты деңгейде жүзеге асыратын мамандар. Қазіргі күнде Қазақстанда тек қана мемлекеттік мекемелердің құжаттарының 75 пайызға жуығы электронды құжат айналымының әртүрлі ақ­па­раттық жүйелерінде түзі­леді. Орта есеппен алғанда жылы­­на елдегі мемлекеттік архив­тер­ге 1 млн-нан аса құжат өткі­зіле­ді. Мекемелерде цифрлы құ­жат­­тар­дың қалыптасуы құжат­та­малық қамтамасыз ету және архивтік сақтау қызметі мамандарының біліктілігіне деген ерекше талаптарды қажет етеді. Республика бойынша архив ісі және құжат­тану саласының мамандарына деген қажеттілік жыл сайын 3 мыңға жуық адамды құрап отыр. Ал Қазақстанда осы сала бойынша мамандарды дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті жылына 35-40 адамды дайындайды. Сондықтан аталған бағдарламаның табыс­ты жүзеге асуы үшін елдегі архив ісі мамандарын дайындау бағдарламасына түбегейлі өзге­рістер қажет деп санаймын.

Н.Ә.Назарбаевтың «Архив − 2025» бағдарламасын да­йындау туралы бастамасын біз­дің әріптестеріміз, жалпы архив қауымдастығы Елбасының архившілердің жұмысына деген ерекше назары деп қабылдады. «Ұлы даланың жеті қыры» − қазақ халқының бай тарихи бастауын негізге ала отырып, қоғамдық сананы жаңғыртудың, әлемдік өркениет кеңістігінде қазақ ұлтының орны мен рөлін анықтауға бағытталған Елбасы бастамаларының заңды жалғасы болып табылатыны сөзсіз.

Жәмила Әбдіқадырова,

Қазақстан Республикасы

Президенті архивінің директоры

АЛМАТЫ