Ұлттық құрылтайда мәселе айтамын десең, ешкім аузыңды жаппайды — Асқар Жұмаділдаев
Jibek Joly телеарнасының мобильдік студиясында қонақта болған Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев Ұлттық құрылтайда қандай мәселе көтергенін айтты, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
«Ұлттық құрылтайда мәселе айтамын десең, ешкім сенің аузыңды жаппайды. Бірінші отырыс былтыр Ұлытауда болды. Ол Жошы ханның ұрпағы қазақтың мемлекетін құрған жер. Алғашқы құрылтайдың сонда өтуінің үлкен символдық мәні болды. Онда мен сөйледім, ғылым туралы ойымды айттым. Содан академия құрылып, биыл жұмыс істеп жатыр. Енді екінші құрылтай қасиетті Түркістан жерінде өтті. Оның тарихи терең. Бұл жерде Қожа Ахмет Ясауи бабамыз, хандарымыз бен билеріміз жатыр. Сондықтан, мұның да аса маңызды символдық мәні бар. Бұл жерде мен қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде сөз сөйледім. Оны Президент те көтерді. Қазақ тілі тек отбасы, ошақ қасында қалмауы керек. Ол білім мен ғылымның тілі болуы қажет. Мәдениет және спортты түсінетіндер көп. Ал, ғылымның тілін кім түсінеді?» — деп мәлім етті Асқар Жұмаділдаев Jibek Joly телеарнасына сұхбат бере отырып.
Спикердің айтуынша, кейінгі жылдары қазақ ғылымына қажетті жағдай жасалып, ерекше көңіл бөлініп жатыр.
«Соңғы кезде ғылымға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Оның барлығы бірінші тұлғаға байланысты. Жалпы, ғылым мен технологияның дамуы заңды құбылыс. Біздің елімізде бұрынғымен салыстырғанда гранттың саны көбейді, ғылыммен айналысатын адамдарға мүмкіндік жасалып жатыр», — деп түйіндеді математик.