Ұлттық құндылықты дәріптейді | «Айқын» газеті

0

Жақында ғана жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсінуге шақырды. Президентіміздің бұл мақаласы барша қазақтың жүрегіне жол тартты. Көптің көкейінде жүргенді айтты. Жеті саны – қазақ үшін киелі. Елбасы осы жеті арнаны терең толғап, үлкен кемелділікпен бізге көрсетіп берді.

Құндылықтарымызды қолымызға ұс­та­ғандай болдық. Енді оны ары қарай да­мытып, ондағы бағыттарды, басымдық­тар­ды жүйелі жүзеге асырып, сол жолда жұмыс істеу – әрбіріміздің міндетіміз.
Ендігі жерде кім екеніміз туралы, кім болғанымыз жайындағы сұраққа мүлдем орын жоқ. Тарихы тасқа, шежіресі құмға сің­ген ел тарихының өткенін бағамдап, бо­лашағын бағдарлайтын болдық. Рухани жаңғыру арқылы ұлттық кодымызды та­нып, әлемге өзімізді таныта бастаймыз. Біз кім екенімізді айқындап қана қоймай, бүкіл әлемге де белгі бердік. «Ұлы даланың жеті қыры» арқылы біз айқындалу жолын нақты белгілеп алдық. Біздің халық – ғұн­дар мен сақтардың, түркі этностар тобы­ның мұрагері. Әсіресе, қазір бұл өте ма­ңызды. Мені қуандырғаны, ондағы басым­дықтарды жүзеге асыруға Мемлекет бас­шысының сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясы да тікелей атсалысып отыр. Жас ақын-жазушыларға арналған «Ұлы дала» шығармашылық байқауын ұйым­дастыру арқылы бұл мәселенің ма­ңызын арттыруда. Міне, енді біздің жас қалам­герлеріміз осы байқау арқылы Елба­сының мақаласында айтылған құнды­лық­тар мен идеяларды дәріптеуге және олар­ды жүзеге асыруға өз үлестерін қосады.
Біле білгенге, жаһанданудың адам­затқа берер пайдасы өте көп. Тек оны өзімізге ла­йықтап, пайдалана алуымыз керек. Жа­һандануға қадам бастық деп жапатармағай елік­теп, жұтылып кетуге тағы болмайды. Өзі­міздің ұстанған айқын бағытымыз болу ке­рек. Ол қоғамға да өз рухани байлығы­мыз­бен, ұлттық идеоло­гия­мызбен қадам ба­суымыз қажет. Біз үшін ең негізгі мақсат – осы.
Шыны керек, осындай байқау ұйым­дастырып, әдебиеттің дамуына, жастардың көрінуіне мүмкіндік жасау біз үшін де ерекше жаңалық болды. Енді оған сынға түсетін, жаңадан жазылатын немесе жа­зылып жатқан шығармалар науқан­шылыққа бой алдырмаса екен. Бұл бас­тамаға партия тарапынан ерекше көңіл бөлінгендіктен, оның тек есеп үшін емес, елге нақты пайдасы тиетіндей ұйымдас­тырылатына сену керек.
Мұндай байқаулардың әдебиетке бере­рі мол. Шыны керек, өткен ғасырдың 60-70 жылдарына дейін қазақ әдебиетіндегі балалар әдебиеті кенжелеп қалған бола­тын. Бердібек Соқбақпаев, Сапарғали Бегалин, Мұзафар Әлімбаев сияқты қадау-қадау тұлғалар қалам тартатын. Ал 70-жылдары «Жалын» альманахы жарық көрді. Кейін «Жалын» баспасы ашылып, жыл сайын балалар мен жастарға арналған шығар­­­маларға байқау жариялау дәстүрге айналды. Міне, осының арқасында ай­на­ласы жи­ырма шақты жыл ішінде қазақтың мықты балалар прозасы мен балалар поэзиясы қалыптасты. Міне, әдебиетке, өнерге, мәдениетке осындай жанашырлық керек. Сондықтан «Нұр Отан» партия­сының бастамасымен қолға алынған істің міндетті түрде жақсы жеміс беретініне сенемін.
Байқаудың басты мақсаты – рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарын дәріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және соған қолдау көрсету. Сондай-ақ өз шығармаларында еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, қазіргі заманғы шындықты түсінуге және қазақстандықтардың дү­ниетанымын қалыптастыруға ықпал ете­тін талантты жас әдебиетшілерді анық­тай­ды. Нәтижесінде, «Проза», «Поэзия», «Дра­матургия, көркем фильм­дер мен те­лесериалдар сценариі», «Пуб­лицистика» және «Балаларға арналған шығармалар» сияқ­ты бес бірдей аталым бойынша же­ңім­паздар мен жүлдегерлер анықталады. Әр аталым бойынша жеңімпаз бен екінші және үшінші орын алған қатысушыға қо­мақты қаржылай сыйлық тағайындалған.
«Нұр Отан» партиясының бұл бай­қа­уы – ең маңызды қадамдардың бірі. Мұндай іске зиялы қауымды, оның ішінде жас қаламгерлерді жұмылдыруы – құп­тарлық дүние.

Берік ӘБДІҒАЛИ,
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы

Дереккөз: Айқын