Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаудағы жаңа леп

0
140

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы қаласының әкімдігі Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы шын мәнінде ұлттық руханиятымыз бен құндылықтарымызды ұлықтаған, қоғамдық сананы оятқан тың үрдіс болды.

Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен биылғы жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың оқушылары арасында Алпамыс батыр жырын жатқа айтудан өткен әдеби және тарихи-танымдық бұл шара ең алдымен жалпыхалықтық сипат алуымен есте қалды.

Байқаудың нәтижелері көз сүйсіндіреді. Оған қатысу үшін қала мектептерінің 6-10 сынып оқушыларының арасынан 1300 бала өтінім беріп, оның 1000-нан астамы дүбірлі додаға түсіпті. Ерекше атап өтетін жағдай, Алпамыс батыр жырын жаттаған оқушылардың 50-ден астамы өзге ұлт өкілдері екен. Бәйгеге қатысушылар арасынан оңтүстік мегаполистің 8 ауданынан үш-үштен іріктеліп шыққан 24 оқушы байқаудың қалалық кезеңінде бақ сынасты. 110 беттен тұратын «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтқан оқушылар арасында орыс та, ұйғыр мен корей этностарының өкілдері де болған екен. Тіпті, Наурызбай ауданынан келген Николай Шут жырды жатқа айтып, тыңдармандарын тәнті етті.

Айшықты шараның қорытындысы бойынша байқаудың үш жеңімпазы да Алматы қаласының Алатау ауданынан шықты. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан I oрын иегері Аружан Әбсаттарға 1 500 000 теңге, II oрын иегері Абылай Бердашевқа 1 000 000 теңге және III oрын иеленген Бекзат Шардарбекке 500 000теңге қаржылай жүлде қоры табыс етілді. Сарапшылардың айтуынша, осындай көлемдегі қомақты жүлде қоры бұған дейін білім саласына қатысты байқауларда болған емес.

Сонымен қатар, шәкірт дайындап, оқушылары жүлдегер атанған тәлімгер-ұстаздар Майра Айыпханқызына, Фарида Сүлейменоваға, Айжан Оспанбековаға Оксфорд (Англия) университетіндегі Тіл білімін жетілдіру орталығында 1-3 ай мерзімге ағылшын тілін оқып үйренуі үшін сертификаттар берілді.

Ел ішінде ерекше қолдауға ие болған жобаның әділқазылар алқасына академиктер Өмірзақ Айтбаев пен Уәлихан Қалижанның, әдебиетші-ғалымдар Тынысбек Қоңыратбаевтың, Темірхан Тебегеновтің, Серік Қорабайұлының, белгілі қаламгер Қали Сәрсенбайдың төрелік етуінен-ақ бұл шараның биік деңгейін бағамдауға, мазмұн-мағынасын саралап-салмақтауға болар.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасымен үндесе, үйлесе, қоғамдық сананы селт еткізген бұл ұлттық жоба расында да рухани салаға жаңа леп, үлкен серпіліс әкелген шара болды. Оқушылар арасында кітап

оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттай отырып, олардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын оятуды, жасөспірім буынды халық поэзиясына деген іңкәрлікке және патриотизмге тәрбиелеуді мақсат еткен жоба республика жұртшылығының да көңілінен шыққанын бағамдадық. Байқаудың және бір ерекшелігі, сынақ барысында «Алпамыс батыр» жырын балалармен бірге олардың ата-аналары да жатқа айтып, көзге түсті. Лездемде республика өңірлеріне таралып кеткен бұл рухани бәйгеге зиялы қауым өкілдері, өнер жұлдыздары қолдау көрсетіп, әлеуметтік желілерде ел-жұрттың көңілінен шыққан жыр жарысын ұйымдастырды.

Танымал тұлғалар «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасы бойынша күллі түркі халықтарына ортақ «Алпамыс батыр» жырынан үзінділер оқып, оны бір-біріне жолдап, эстафетаға тіпті министрлер мен облыс әкімдері, депутаттар, мемлекеттік қызметшілер және қоғамның өзге де салаларының өкілдері, жалпы саны 270-тен астам адам қатысты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «Тұлпар мініп ту алған» жобасы балаларды халық поэзиясына, жалпы кітап оқуға баулудың, қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен асыл мұраларын,батырлық эпостарын насихаттау арқылы қайсарлық қасиеттерді, ұлттық кодқа негізделген намысшылдықты, ұлттық сезімді оятудың, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытудың, жас ұрпақты мемлекетшілдікке, патриотизмге тәрбиелеудің өнегелі мектебін қалыптастырды деп батыл айта аламыз.

Байқаудың тағы бір тағылымдық қыры бар, егер қала әкімдігі оны өткізуді дәстүрге айналдырса, халқымыздың мәдени ьұрасын жаңғыртып, ұлттық кодымызды сақтаудың, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаудың жаңа биігіне көтерілеріміз хақ.

«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасының басты құрмет- құндылығы да осы болмақ.

«Қамшы» сілтейді