Ұлттық құндылықтарды ұлықтау – парызымыз
– Нұрлан Асқарұлы, Елбасы мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру барысында Атырау облысында атқарылып жатқан қандай шараларды атап айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өңірімізде ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын зор мақтанышпен айтуға болады. Әдебиет пен өнердегі ел зиялылары облысқа шақырылып, әртүрлі алаңдарда түрлі форматтардағы шығармашылық жобалар жүзеге асты. Алғаш рет Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу және Алтай-Тарбағатай ән мектептерін бір арнаға тоғыстырған «Ән дария дүлдүлдері» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы, «Мәңгілік елдің алтын адамы» республикалық театрлар фестивалі, «Жайық нұры» республикалық академиялық әншілер, Д.Нұрпейісова атындағы «Бұлбұл домбыра» республикалық домбырашы қыз-келіншектер байқауы, бірнеше рет халықаралық, республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Биыл наурыз айында «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық форум өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау. Халықаралық форум аясында «Наурыз адамзаттың материалдық емес құндылығы ретінде» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, фестивальдар мен ақындар айтысы, дәстүрлі әндер байқауы, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар болып, атыраулықтардың рухани өмірін жаңғыртты. Форумға 12 мемлекет өкілдері, халықаралық «Түрксой» ұйымының басшылығы, 30 шетелдік шығармашылық ұжымдары, 700-ден астам өнерпаз қатысып, шараларды 20 мыңнан астам адам тамашалады.
Қазақ мәдениетін әлемдік кеңістікке насихаттау мақсатында өңіріміздің белді шығармашылық ұжымдары Үндістан, Македония, Португалия, Малайзия, Ресей, Түркия, Венгрия, Сербия, Аустрия, Франция, Тайвань, Италия мемлекеттерінде гастрольдық сапарлармен болды.
Қазақстан мен Франция мемлекеттері арасындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығына орай мамыр айында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі «Шуақты өлкенің шаттығы» атты концертімен Париж қаласына барып, өнер көрсетті.
Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның «Мұрагер» фольклорлық ансамблі «Түрксой» түркі тілдес халықтары мәдениеті халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Әзербайжан Республикасы Шеки қаласында өтетін «Жібек жолы» халықаралық фольклорлық ансамбльдер арасындағы фестивальде өнер көрсетті, Тайвань еліндегі әлемдік байқауда қазақ елінің мәртебесін көтерді. «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі Аустрия және Түркия республикаларын концерттік іссапармен аралады, «Інжу-маржан» би ансамблінің ұжымы Италия мемлекетінде өткен халықаралық би фестивалінде өнерлерін паш етті.
– Атырау елі – тарихи, мәдени мұралары берік сақталған өңір. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына облыстан 7 нысан енді. Соның ішінде Сарайшық қалашығы да бар. Көне Сарайшықты жаңа заманға сай жаңғырту мақсатында тағы қандай жоспарлар бар?
– Ұлы даланы мекендеген халқымыздың жалпыұлттық қасиетті саналатын орындарын зерделеу бағытындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының төл тарихымызда алар орны ерекше. Сондықтан жобаға енетін нысандардың құндылығын анықтау мақсатында тарихшы, өлкетанушы, музей, архив және қоғамдық ұйым өкілдерінен облыстық жұмысшы тобы құрылды. Нәтижесінде Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі 100 қасиетті нысанының тізіміне өңірден 7 нысан енді. Олар: Сарайшық қалашығы, Махамбет Өтемісұлының жерленген жері, Ақмешіт және Ұшқан ата қорымы, Аралтөбе қорғаны, Құлшан ата жер асты мешіті, Иманқара үңгірі. Биыл республикалық маңызы бар макронысандар тізіміне Индердегі Тұзбұлақ кешені секілді 17 орынды ұсынып отырмыз. Сарайшыққа келсек, ол – қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге барша түркі жұртының, әлем жұртшылығының назары ауған ортағасырлық қалашық. Ол әлемге жоғары рухани-мәдени байлықтарымен, гүлденген экономикасымен, коммуникациялық жаңалықтарымен сол заманда-ақ белгілі болды. Ұлы Жібек жолындағы тарихи маңызы бар көне Сарайшық қалашығын сақтап қалу мақсатында Жайық өзенінің жағасын бекіту бойынша облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізіліп, 2017 жылы Атырау облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бірлескен ведомствоаралық отырысы өтіп, екіжақты меморандум жасақталды. Меморандумға сәйкес Сарайшық қалашығын Жайық өзені арнасының шайып кетуінен сақтап қалуға 1,6 млрд теңге бөлініп, жағаны бекіту жұмыстары жүргізілді. Қала орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, оған Зейнолла Самашев бастаған белгілі ғалым-археологтер тартылды. Бұл жұмысқа да жергілікті бюджеттен 40,0 млн теңге бөлінді. Ал министрлік тарапынан қазба орнын реставрациялау және консервациялау жұмыстары іске асты. Әрине аталған шаралар келер жылдары да жалғасын табады. Тарихи ескерткішті сақтаумен қатар оны жаңғырту, туризмді дамыту басты мақсаттардың бірі. Биыл «Хан Ордалы Сарайшық» музей қорығын республиканың меншігіне ұсындық. Сарайшық қазба орны мен музей-қорықтың жаңа даму концепциясы дайындалып, кәсіби мамандар тартылуда. Сонымен қатар Сарайшықта Сапар орталығын салу жоспарда тұр. Қазір Сапар орталығына жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Құжаттар аяқталып, мемлекеттік сараптамадан келісім алғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.
– Елбасы мақаласында: «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ» дей келіп, «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын дайындауды тапсырды. Атырау облысы мемлекеттік архивінде өлке тарихына қатысты құнды құжаттар бар. Алайда сол қорды сақтайтын жайлы ғимараттың болмауы біраздан бері шешілмей жүрген мәселе еді, жақында қазіргі заманға сай жабдықталған архив үйі бой көтеретінін естіп, қуанып қалдық. Осы бағыттағы жұмыстарды өзіңіз айтып өтсеңіз?
– Соңғы жылдары жергілікті мамандар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань, Орынбор, Қазан, Уфа қалаларындағы белгілі архив және кітапхана қорларынан археографиялық және архивтік экспедициялар ұйымдастырып, облыстың тарихи-мәдени мұрасына қатысты деректер жинақтады. Нәтижесінде «История и культура Атырау в русских источниках» атты бес томдық деректер жинағы, ХХ ғасырдың 20-жылдары Каспий маңын мекендеген қазақтардың этнографиясына қатысты «Каспий маңы қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы: ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы фотоқұжаттарда» кітап-альбомы шығарылды. Альбомда 200-ден астам бірегей архивтік фотосуреттер жарияланған. Оның ішінде 150-ден астамы бұрын-соңды мүлде жарыққа шықпаған. Басылым ХХ ғасырдың 20-жылдарында Каспий маңындағы көшпелі қазақтардың тарихы мен этнографиясына қатысты жарық көрген алғашқы фотоальбом. Әрине Елбасының архив саласына үлкен мән беруі бұл саладағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсуге мүмкіндік сыйлап отыр. Облыстағы архив мекемелері қоймаларының толтырымдылығы 100%-дан асуына және ғимараттардың ескіруіне байланысты жаңа нысанның қажеттілігі анықталды. Қазір облыстық және қалалық мемлекеттік архив ұйымдары орналасатын ғимарат салуды жоспарлап отырмыз. Ол соңғы үлгідегі, заман талабына сай технологиямен жабдықталған ғимарат болады деп күтілуде. Ғимаратқа бөлінетін жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр. Ішкі жабдықтары да білікті мамандармен келісілді. Жаңа архив ғимараты 1 млн сақтау бірлігіндегі құжаттарға дейін қамтитын болады.
– Президент мақаласында айтылған тағы бір жайт – Ұлы даланың ұлы есімдері. Тәуелсіздік жылдарында Атырау облысының атауы өзгеріп, облыс орталығында ғана емес, аудандар мен ауылдарда ұлт қайраткерлерінің ескерткіштері бой көтерді. Осы бағыттағы шаралар алға қарай да жалғасын табатын шығар…
– Алаш қайраткері Әлихaн Бөкeйхaнοвтың «Ұлтынa, жұpтынa қызмeт қылу білімнeн eмec, мінeздeн», деген жақсы сөзі бар. Әр өлке үшін суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері мәңгі мақтаныш. Ал оны өскелең ұрпақ біліп өсуі керек десек, осы бағытта атқарылатын шаралардың маңызы өте зор. Облыс көлемінде көптеген тарихи тұлғаларға, ұлт қайраткерлеріне ескерткіштер мен монументтер салынды және салынады. Биыл Махамбет ауданында Махамбет Өтемісұлының ескерткіші бой көтерді. Жыл аяғына дейін Атырау қаласының «Алмагүл» ықшам ауданындағы саябақта аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевқа және «Қазақстан» қонақ үйі жанынан Қазақстанның халық әртісі, күйші-домбырашы Қаршыға Ахмедияровқа ескерткіш тұрғызылады. Келер жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті маңынан поэзия тарланы, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиевке арналған ескерткіш бой көтереді. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлына, Әйтеке биге арналған ескерткіштер, «Ана құдіреті» монументі, Исатай ауданының Аққыстау ауылында Исатай Тайманұлына, Қызылқоға ауданының Миялы ауылында Алаш қозғалысының қайраткері Халел Досмұхамедовке, Индер ауданының орталығы Индербор кентінде ақын Мұрат Мөңкеұлына ескерткіш және Малайсары би Тілеукеұлының бюсті, Құрманғазы ауданының орталығы Құрманғазы ауылында күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлына ескерткіш орнату жоспарда тұр. Аталған ұсыныстар Қазақстанда монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия отырысында қаралып, оң шешім алды.
– Әңгімемізді «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы жайында жалғастырсақ. Елбасы мақаласында «Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс» дей келіп, фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге экспедиция ұйымдастыруды тапсырды. Мұнайлы өңір бұл мақсатта қандай үлес қосады?
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихи сананы жаңғырту мақсатында қандай жұмыстар атқару қажет екенін нақты анықтап берді. «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында жоспарлаған іс-шараларымыз да бар. Атап айтар болсақ, ұлттық фольклорымыздың тарихи құндылығын ұлықтау мақсатында «Аталар сөзі – ақылдың көзі» жинағын шығару, жастарды қазақтың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен таныстыру, тілін дамыту, сөздік қорын молайту мақсатында тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі – бесік жырларынан «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» жинағын дайындау, дискілер шығару, Атырау өңіріндегі Сейтек, Еспай, Қаршыға Ахмедияров, Әзидолла Есқалиев, Тоқсанбай Құлтумиев, Шамшиден Шарипов, Рысбай Ғабдиев және т.б. күйшілердің «Күй – әфсана, күй – ғұмыр» композициялық шығармаларын жинақтау, шығару, аудио-видеотаспаларын дайындау, «Қазақ халқының мәдени құндылықтары және өнері» ұмыт бола бастаған ән, күй жәрмеңкесін ұйымдастыру (байқау, фестиваль), «Дәстүрлі өнер – ұлт байлығы» көне және жаңа фольклорлы инструменталдық шығармалар іздеу, зерттеу, экспедициялар құрып, аудан және басқа облыстарға шығу, облыс шеңберінде «Дала фольклорын жаңғырту» фестивалін өткізу. Міне осындай жобаларды жүзеге асыру арқылы халықтың санасын жаңғыртып, өркениетті қоғам құруды көздеп отырмыз.
– Музей ісін, мәдени туризмді дамыту бойынша да аталған мақалада жүктелген міндеттер бар. Атыраудағы Аралтөбе қорғанынан табылған сармат тайпасының көсемі алтын киімді адам облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде көлемді археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Миялы қорғандары, Сарайшық және Ақтөбе-Лаэти ортағасырлық қалашықтарына ғылыми археологиялық зерделеу жұмыстары жүзеге асты. Ендігі бағыт қандай?
– Елбасы мақаласы музейлердің ертеңгі болашаққа нық әрі сенімді қадам жасауы үшін ерекше бағыт-бағдар беріп отыр. Себебі көне замандардан жеткен аса бағалы мұраларды жинақтау, сақтау, оларды тарихтың куәсі әрі көзі ретінде жас ұрпаққа жеткізу – музейлердің басты міндеті. Атырау облысының Жылыой ауданындағы Аралтөбе қорғанынан сармат заманындағы Алтын киімді адамның табылғанына келесі жылы 20 жыл болады. Осынау құнды жәдігерімізді насихаттау мақсатында әлемдік тур жасалады деп жоспарлап отырмыз. Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти қалашықтарына, Миялы қорғанына және т.б. археологиялық ескерткіштерімізге жүргізілген археологиялық экспедициялардың нәтижесінде музей қоры құнды жәдігерлермен толықтырылды. Ал Қызылқоға ауданындағы мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, ғалым Халел Досмұхамедовтың ставкасына жүргізілген тарихи-этноархеологиялық экспедиция жұмыстары, Мәскеу қаласынан архивтік деректердің алынуы және осы құжаттар негізінде жасақталған жобаны, яғни Халел ставкасын аспан астындағы музейге айналдыру да басты мақсатымыз. Ол біз үшін үлкен мәртебе. Күні кеше Халел Досмұхамедовтың 135 жылдығына орай «Х.Досмұхамедов – ұлы мұрат жолында» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінің, республикамыз бойынша алаштанушы, Халелтанушы ғалымдардың баяндамаларымен қатынасуы, облыс көлеміндегі оқу орындарында өткізілген Халелтану курстарында баяндамалар оқуы біз үшін үлкен жетістік.
Алдағы 2019-2020 жылдары жоспарымызда Ақтөбе-Лаэти қалашығына кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу және Ақтөбе-Лаэти қалашығын аспан асты музейіне айналдыру бар. Одан бөлек, келер жылы өңіріміздегі Құрманғазы және Исатай аудандарындағы археологиялық нысандарды және көне құнды дүниелерімізді анықтау мақсатында этноархеологялық экспедициялар ұйымдастырылады. Биыл желтоқсан айында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласына Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ортағасырлық Сарайшық қалашығының тарихы мен одан табылған құнды жәдігерлерден жылжымалы көрме ұйымдастырылады. Ежелгі өнер және технологиялар музейін біздің өлкемізде ашуға толық мүмкіндік бар және ол музейдің ғимараты келесі жылы басталады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратын салудың алғашқы қадамдары жүргізілуде. Музейде жаңа технологиялармен жабдықталған экспозициялық залдармен қатар оқу кабинеттері, қор сақтау орындары, кино залы да болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ