«Ұлттық музейге сый тарту» акциясымен 3000 астам құнды жәдігер қабылданды
Фото: Нұржас Жақсыбай
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық музейінде «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының үш жылдық қорытындысы бойынша өткен көрмеге тарихи тұлғалардың жәдігерлері қойылды.
Бұл акция 2015 жылдың 18 наурызынан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Акцияның негізгі мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтау, көпшілік назарына ұсыну.
Осы уақытқа дейін аталмыш шара Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Петропавл, Тараз, Талдықорған қалаларында өткізілді. Үш жылға ұласқан акцияға 300 астам жеке тұлғалар қатысып, еліміздің бас музейінің қорына барлығы 3000 астам аса құнды жәдігер қабылданды.
«Акция туралы ел аузынан естіп басқа өңірлерден келген кісілер көп болды. Әр отбасында ата-бабаларынан, әжелерінен қалған заттарды айтып, оларды музейге тапсыру мәртебе саналды. Ол заттарды музейдің арнайы қызметкерлері сараптама-іріктеу комиссиясынан өткізіп, тәжірибелі мамандар шешімін айтып, реттеп, осы музейге лайықты деп қорға тапсырылды», — деді Ұлттық музейдің қорларды есепке алу бөлімінің жетекшісі Бәтеш Ақбасова.
Ол 2018 жылы акция алдықорған мен Тараз қалаларында жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтті. Аталған жерлерде 50-ден астам адам 500-ден астам затты музейге тапсырған.
«Бауыржан Момышұлына қатысты заттарды Зейнеп Ахметова өз қолымен тапсырды. Белгілі саясаткер Д.Қонаевқа тиесілі заттар келді. Жуырда дүниеден өткен жазушы Шерхан Мұртазаға қатысты көп заттар келіп түсті. Әкім Тарази заттарын өзі табыс етті. Қорытынды көрмеге арнайы дайындалып, танымал тұлға Ж.Тәшеновтің, Р.Бағланованың заттары қойылды. Сырымбет деген жерден Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным апамыздың тегенесі келді. Ұлттық музейіміз қасиетті орынға айналып отыр. Болашақ ұрпаққа көрсетер үлгіміз мол деп санаймыз», — деді ол.
Бәтеш Ақбасова акцияға үлес қосқан, музей қорын байтықан азаматтарға алғысын айтты. Оның айтуынша, кез келген адам музейге жәдігерлерді тапсыра алады.
Бүгін қорытынды көрмеге 2015 жылдан бастап бүгінгі таңға дейінгі «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы бойынша жинақталған құнды жәдігерлер қойылды.
Олардың арасында Д. Қонаевтың бас киімі мен костюм-шалбары, жеке заттары, КСРО халық әртісі С.Қожамқұловтың шапаны мен таяғы, М.Мақатаевтың жеке заттары, Ж.Ташеновтің жеке заттары бар.
Ә.Қастеевтің суреттері, плэнерде қолданған қолшатыры, К.Ақышевтың құжаттары мен жеке заттары, Ш.Мұртазаның шапаны, қолжазбасы, Ә.Мәмбетовтің қол сөмкесі, Е.Серкебаевтың жеке заттары, Ғ.Жұбанованың көзілдірік салғышы, Е.Рахмадиевтің бас киімі, әнінің нотасы, Ә.Кекілбаевтың қойын дәптері, фотосуреті бар.
Ө.Жәнібековтің аңызға айналған «цензор» қайшысы, бәкісі, Ә.Таразидің жеке заттары, жазу машинкасы, М.Ералиеваның баяны мен сахналық киімдері, М.Жарқынбековтың музыкалық аспаптары, Н.Тілендиевтің дирижер таяғы мен көзілдірігі, Ш.Қалдаяқовтың бас киімі мен пианиносы бар.
Ж.Үшкемпіровтің медалі, В.Смирновтың спорттық киімі, Р.Бағланованың сахналық киімі, М.Төлебаевтың өмірбаяны, Ғ.Қайырбеков пен Ж.Нәжімеденовтің қолжазбалары, Ы.Жақаев қолданған орақ бар.
А.Винокуровтың велосипеді және қазақстандық Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің спорт киімдері мен заттары бар.
Шараға Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың жиені Жаннета Серікбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, айтыскер ақын Надежда Лушникова келді.
Сонымен бірге, Әбілхан Қастеевтің шөбересі Айсаным Қастеева, «Әміре» фильміндегі бас кейіпкердің оөлін сомдаушы, актер Санжар Мәдиев, Мариям Жагорқызының немересі Қабиба Нұрбекова және т.б. қатысты.
Сондай-ақ, бүгін Әміре Қашаубаевтың күміс медалі мен, «Әміре» фильміне арнайы жасалған екі домбыра музейге табыс етілді.
Фото/Видео: Нұржас Жақсыбай
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ