Ұлттық компанияларда мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 50 процентке де жетпеген
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы қаласы мен Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тілдерді оқыту мемлекеттік орталықтары жоқ екенін мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, еліміздің тіл саясаты «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы және Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы орайда Ақтоты Райымқұлова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруді түсіндіру жұмыстарын жүргізу, орфографияны жетілдіру, оның көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеттерімен толықтырылғанын, әрі ҚР Конституциясына енгізілген түзетулерге сәйкес Үкімет қаулысымен бекітілгенін атап өтті.
«Елімізде 88 аймақтық және 1 республикалық тілдерді оқытудың мемлекеттік орталықтары жұмыс істейді. Оқыту орталықтары «Тіл туралы» заңға сәйкес тiлдi оқыту курстарын ұйымдастырады. Осы мақсатта 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында 42 мыңнан астам адам курстардан өтті. Алайда, Алматы қаласы, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тілдерді оқыту мемлекеттік орталықтары жоқ болса, кейбір облыстарда бір ғана орталық бар», — деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 93%-ке жеткенін мәлім етті.
«Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында 2018 жылдың 7 айында тестілеуден өткендердің жалпы саны — 52 мың 245 адамды құрады. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны – 20 057 адам. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі жалпы құжат айналымның үлесі 93% құрады. Оның ішінде орталық атқарушы органдарда – 91, жергілікті атқарушы органдарда – 95, ал ұлттық компанияларда 46% құрады», — деді ол.
Осы ретте вице-министр мемлекеттік органдар негізінен «Қазтест» жүйесі бойынша сынақ тапсыру, оқыту курстарына қатысу, құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу және уәкілетті орган тарапынан ұйымдастырылатын шараларға қатысумен шектелетінін айтты.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ