Ұлттық код және жаңа әліпби
Әлбетте, біз ең алдымен төл дәстүріміздің өміршең тұстары дегенде, бар дәстүрімізді, жалпы мәдениетімізді, тұтас ұлтымызды сақтаушы ана тілімізді айтамыз. Жаңа жаһандану заманында тіліміздің ұлтты сақтайтын қоғамдық һәм рухани құралы ретіндегі барлық алғышарттары мен мүмкіндіктері бар. Біріншіден, ол өзінің сөздік қорынан, бейнелілігінен, стилистикалық мүмкіндіктерінен құралған үлкен әлеуетке ие. Екіншіден, қазақ тілінде сөйлеушілердің саны сан миллиондап саналады, айталық қазір әлемде 16 миллионға жуық қазақ бар десек, соның кем дегенде 11-11,5 миллионы өзінің ана тілін біледі. Яғни, бұл тілді қажет ететіндердің саны қазіргі ғаламдық өлшеммен алғанда жоғары. Үшіншіден, қазақ тілі – Конституция бойынша мемлекеттік тіл. Бұларға қосымша қазақ тілі қоғамның барлық саласында қолданылады, яғни білім мен ғылымның, қоғамдық қатынастың, бизнес пен биліктің тілі. Осындай мүмкіндігі зор тілді сол қоғамның барлық саласында жетекші тілге айналдыру мәселесі тұр.
Бұл реттен келгенде, тіліміз өз елінде әлі де осындай жетекші функцияға айналды деп айта алмасақ керек. Рухани жаңғырудың өзегі – қоғамдық сананы жаңа сапаға көтеру десек, онда тілдің осындай үлкен мақсатты шешетін әлеуетін назардан тыс қалдыруға болмайды. Тіл – тек қарым-қатынас құралы болса, онда өркениетті әлемде оған онша мән де, мақсат та үстемелемес еді. Тіл тек – қатынас құралынан да жоғары құбылыс. Тілді сақтау ұлтты сақтаудың тікелей кепілі екенін Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары, кешегі Бауыржан Момышұлы сияқты ұлт тұлғалары сан рет айтты, сол үшін күресті де.
Ахаң ХХ ғасырдың таңында: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі», десе, кеңестік ұлтсыздандыру тұсында: «Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры», деп жазған болатын. Ұлт қайраткерлерінің осы пікірлері әлі күнге дейін өзекті. Себебі тіл – қашанда ұлтты сақтаушы һәм танытушы маңызды құрал. Егер тіл осындай орасан қызметке ие болса, онда ол сол ұлттың барша болмысын танытатын да құбылыс. Бұл жөнінде Елбасы: «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған оның ғажайып тілі», деп жазды.
Жалпы, ұлтымыздың барша қасиетін, әлеуетін таныту мен ашуға күш-жігерін арнап келе жатқан Президентіміз жоғарыда аталған дәуірлік еңбегінде ұлттық код мәселесін көтерді. Осы еңбегінде: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыр-тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды бар. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу әрі дәріптеу қажет. Онсыз жаңғыру дегеніміздің құр жаңғырыққа айналуы оп оңай» – деді.
Ұлттық код дегеніміз – ұлттық қасиет, оның мәдениеті, әдебиеті. Ең бастысы, ұлтты ұлт ететін ұлттың жаны, ұлттық коды – тілі. Қазіргі қазақ қоғамында қазақ тіліне бетбұрыс өте жақсы. Ата-аналар өздері қазақша білмесе де балаларын қазақ тілді мектепке беріп жатыр. Білім беру мекемелерінде Елбасы берген тапсырма бойынша үш тілде сабақ беру жүйесі енгізіліп кетті. Президент 2006 жылы қазақстандықтардың үш тіл білуі керектігін айтқан еді. Бірақ қазақ тілі үш тілдің бірі емес, ол – негізгісі Һәм маңыздысы, ол мемлекеттік тіл екені де баса айтылды.
Дегенмен, бүгінгі таңда отбасында, балабақшада, мектепте сыныптан шыққан соң да балалар бір-бірімен орысша сөйлеседі. Бұл жағдайда орталық және жергілікті атқарушы билік бірінші қамқоршы болатын тіл мемлекеттік тіл болуы тиіс.
Ұлттық кодтың жиналатын, сақталатын, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қоры да, қазынасы да, тасымалдаушысы да оның осы тілі. Ендеше, тіл – біздің барымыз. Сондықтан жаһандану тұсында ақпаратпен, киномен, тұтынатын тауармен, музыкамен, біліммен, қазақ еліне келіп жатқан барлық құбылыстар мен құралдардың баршасында тілдік деректер бар дейтін болсақ, онда олар қазақтың санасына орнығып та жатыр. Әлбетте, шетелден келген дүниелер тартымдылығы, қызықтылығы жағынан елімізде өндірілетін сондай заттардан немесе басқа да ақпараттық дүниелерден артық болуы мүмкін. Бұл, әсіресе, жастарымызды баулиды. Ол біздің санамызға, сезімімізге күн сайын мысқалдап енеді. Содан күндердің күнінде өзінікінен айнитын, өзгенікін жоғары қоятын ұрпақ қалыптасады.
Оның бастапқы жемістері қазір де көрініп жатыр. Жаңа жаңғыру дәуірі қай халықтан болса да дамуды һәм сақтана отырып дамуды қажетсінеді. Бұл – сол әр халықтың келешегінің қамы. Ол бүгіннен басталады. Қазақтың жері, тілі өзінікі. Тұрмысымызда, жалпы өмірімізде өзгелердің жасаған дүниесін көбірек қолданатын заманда тұрмыз. Дүние бүтіндей араласты, тұтастай сабақтасып, ол үрдіс осылай қарай жүре де беретіні байқалады. Елбасы мақаласы – осындай әлемдегі қазақтың, Қазақстанның алдымен өзін сақтау, содан барып өркендеу барысын көрсету ниетінен туған еңбек. Одан сабақ алу, оның міндеттерін жүзеге асыру баршамыздың міндетіміз десек, жалпылап кетер едік, дұрысы – ел басқарған, әсіресе жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудің басында тұрған азаматтардың парызы. Осындай елдік борыш – қазақ ата-анасының да ең басты әрі маңызды міндеті.
Тілдің осындай ерекше маңызын ұғынған Елбасы мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді бірінші міндет ретінде қойды. Өйткені бүгінгі нағыз халықаралық таңбалар жүйесіне айналған латын әліпбиі елімізді, халқымызды қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа биіктерге бастайтын қадам болмақ екендігін мына деректерден анық аңғарамыз.
Әлем халықтарының 80 пайызы латын графикасын меңгеріп, игілігіне пайдаланып, әлемдік ақпараттың 70 пайызын осы таңбамен таратуда. Қазіргі таңда әлем халықтарының ішінде латын әліпбиін пайдаланатын халықтар саны 1,5-2 миллиардқа жуық. Кириллицаны ұстанып отырғандар 300 миллионды құрайды. Сондықтан Қазақ елі білімнің, ғылымның, IT технологияның төріне, өркениеттің өріне жетелейтін төте жолға түсуі керек. Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланса, қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің 22-сі латын әліпбиін пайдаланады, ең мықты экономикасы бар 10 мемлекеттің – 7-еуі, әлемдегі ең бай 20 мемлекеттің 18-і латын әліпбиін тұтынады. Дүние жүзінде бизнес жүргізуге ең қолайлы 30 мемлекеттің 25-і де латын әліпбиін қолданушы елдер.
Тағы бір дәйек, 2005-2015 жылдары 12,5 миллион мақала шыққан екен, соның 55-75%-ы латын қарпінде жазылыпты. Ең көп сілтеме жасалатын ғылыми мәтіндердің 61 пайызы латын, 2,7 пайызы кирилл қарпінде екенін ғалымдар мен сарапшылар алға тартып отырғаны қай-қайсымызды да ойландырса керек. Сонымен бірге физикадағы бірліктер жүйесі, химиядағы элементтердің периодтық жүйесі, математикадағы, географиядағы, биологиядағы және тағы да басқа ғылымдардағы таңбалар, шартты белгілер осы латын әліпбиінде. Ендеше, қазір оқып жүрген оқушылар мен студенттер бұл әліпбиді жақсы біледі. Мектептің өзінде оқушыға латын әліпбиінің таңбалары күнделікті бірнеше пәнде кездеседі. Ересектерге келсек, біз де химияны, физиканы, математиканы оқыдық, яғни бұл әліпби бізге де бейтаныс емес.
Оған қоса, латын әліпбиі көшелер мен дүкендердегі жарнамаларда, тауарларда тұр. Қалтамыздағы құжатымыз да, телефонымызға күнделікті дерлік келіп жатқан ауа райы туралы мәліметтер де тағы тұр. Тұрмысымызда тұтынатын техникалық заттардың барлығы шетелдікі, ендеше оларда да латын жазуы – негізгі жазу. Айналып келгенде, латын таңбалары біздің тұрмыстық және қоғамдық өмірімізге әлдеқашан енген. Сондықтан ол қазаққа жат, тосын жазу емес.
Қазір әлемдегі түркі халықтарының саны шамамен 200 млн дейтін болсақ, солардың 55,5 пайызы латын әліпбиінде, 25 пайызы араб жазуында, 17 пайызы ғана кирилл таңбасында, қалғандары әртүрлі әліпбилерді қолданады екен. Өз алдына дербес Әзербайжан, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан сияқты мемлекеттер болса, соның екеуі ғана, яғни біз бен Қырғызстаннан басқасы латын әліпбиінде. Алтай, Башқұртстан, Қабарда-Балқар, Қарашай-Шеркеш, Татарстан, Тыва, Хақас, Чуваш, Якут сияқты автономияларға кінә қоя алмайсыз, өйткені олар Ресейдің ішінде. Қалған түркі халықтарының автономиялық құрылымдары жоқ, олар әртүрлі мемлекеттердің ішінде жүр. Молдованың құрамындағы Ғағауыз автономиясы латын әліпбиіне көшкен.
Енді жаңа әліпбиді үйренуге келейік. Әлбетте, қоғамдағы мемлекет тарапынан жасалатын реформаның қайсысы болсын көпшілікті ойландырады. Бұл – табиғи, қалыпты жағдай. Елбасы бекіткен әліпбиде 32 әріп бар. Солардың жиырмаға жуығы бәрімізге белгілі әріптер. Белгісізі үштен бірі ғана. Ендеше, осынша әріпті үйреніп алуға әбден болады ғой. Бұл арада мәселе ниетте және оған үлкен мән берушілікте. Мұндай мән берушілік әр қазақтың елшіл санасымен тікелей байланысты. Себебі жаңа әліпбиге көшу – Қазақстанның болашағымен сабақтас. Егер Елбасы бастамасы болашақпен сабақтас болатын болса, онда біз неге 10-15 әріпті үйренуге уақытымызды бөліп, шын ниеттеніп, келешегіміздің қамын ойламасқа?! Барлығы санамызды даярлауда. Бабамыз әл- Фарабидің: «Дүниені өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер», деген даналық сөзінің мәнісі де осы емес пе?!
Елбасы латын әліпбиіне өту қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетініне сенім білдіреді. Егер олай болмаса, латын әліпбиіне өтудің қажеттілігі туындамас еді. Алдымен әліпби арқылы, оның емле ережелері арқылы кезінде бұрмаланған тіл табиғатына тән қажеттіліктер қалпына келтіріледі. Әліпбимен бірге жазу реформасы жасалады. Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытында «Қазақ жазуын жетілдіру» деп көрсетілген. Мұндай жетілдіру жұмыстары санаға серпіліс береді. Осындай серпіліс қазақтардың ана тіліне деген қажеттілігін арттырады. Жаңа әліпби таңбалардың жай жиынтығы емес, өмірді танудың һәм оны бағалаудың жаңаша қатынасы деп ұғынамын. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», деді Мемлекет басшысы.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосады. Бұған мысалды әлемдік тәжірибелерден күнделікті жақсы аңғарып жүрміз. Оның мемлекетіміздің елдігін сипаттауға, ешкімге еліктемей, ұлттық кодымызды одан әрі нық қалыптастыруға да септігін тигізері кәміл.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ,
Мемлекет және қоғам қайраткері
Дереккөз: http://egemen.kz/