ҰЛТТЫҚ КОД – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ

0
458

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өмірмәнділік мәселелерді қозғайтын, қоғамдағы мәдени-рухани саланы жаңғыртуға негізделген нақты ұсыныстарын ортаға салды. Елбасы бұл еңбегінде рухани дамудың беталысын саралауда заманауи әлеуметтік болмысты екшей отырып, қоғамның қондырмасына (рухани келбетіне) да баса назар аударды. Біз осы мақаланың ауқымында  «Ұлттық код» ұғымын  ой талқысына салып, философиялық, терминологиялық, герменевтикалық, семантикалық талдау жасауды мақсат етіп отырмыз.  Себебі, «Ұлттық код» ұғымы қоғамдық сана үшін арнайы түсіндіруді қажет ететін кәсіби философиялық термин санатына енеді. Біздіңше, бұл ұғым философиялық дискурс аясында ғана терең де мағыналы түсініктемесін ала алады деп ойлаймыз.  

Ұлттық код – біздің пайымда­уы­мызша, әлдебір халықтың ге­незисін, тілі мен ділін, діні мен тарихи жадын, демек тұтас бол­мысын қамтитын биосоцио­гене­тикалық ұғым. Ұлттық кодтың негізгі атрибуттарының қыр-сы­рын аша отырып, оның мынадай сипаттарын атап өтуімізге болады. Біріншіден, тылсымды, құпия­­лықты қамтитын сакральді фе­номен. Екіншіден, енжар, «өлі» немесе бейтарап емес, өзінен-өзі оралымдық пен белсенділікті қа­жет ететін эрос. Үшіншіден, әрбір халықтың, ұлттың, этностың өзін­дік ерекшеліктерінен туындайтын, тек өзіне ғана тән қай­таланбайтын даралық, монадо. Төр­тіншіден, ұлт­тық рухтың субстанциясы, ұлт­тық идеяның субстраты, ұлттық сананың базисі, ұлттың рухани болмысының ядросы.
Мәселен, уақыт пен кеңістік ая­сын­дағы халықтың бірегей­ле­нуінің негізі – ұлттық код. Егер де өзінің бол­мысы­нан алшақтап бара жатқан халық қай­та­дан бірегей­ленуге бет түзеген жағ­дайда, «Енді қай жаққа бет алу ке­рек» деген сауалға, «Ұлттық кодқа қа­рай» деп нақты жауап бере аламыз, бас­қаша болуы мүмкін емес. Міне, тә­уел­сіздік алғаннан кейінгі біздің елі­мізде жүр­гізіліп жатқан қайта қазақ­та­нудың бет түзер нысаны – Ұлттық код.
Ұлттық кодты ашу тәсілдерінің бі­рі – тарихи жадыны жаңғырту. Бей­­нелі, рәміздік түрде айтқанда, хал­қымыздың тарихының әрбір кезеңінде «өмір сүру», сол кеңістік пен уақыт аясында «болып қайту», сонда ғана сол заманның шынайы келбеті ашылады. Бұл дегеніміз – Робинзон Крузо секілді, өзін-өзі алдаусыратып рыцарлық қоғамға еніп кету фанатизмі емес, сол дәуірді рационалды-эмоционалды қабылдау, тарих тұңғиығының сырын «көңіл көзімен көре білу», өткенмен нұрлану ләззатына түсу, архетиптік алаңның «есігін» ашып, оған ену. Өткен тарихты білмей, қазіргі заман тарихын түсіну мүм­кін емес екендігі белгілі жайт. Бас­қаша айтқанда, қазіргі заман тарихын терең түсінудің алғы­шарты осы заманға дейінгі халқы­мыздың өткен өмір жолын ой елегінен қайта өткізу.
Биыл маусым айында Елба­сымыз Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Облыс орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Бұл қадам да «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясындағы құнды шешімдердің бірегейі деуге болады. Міне, сол
6 ай­дай уақыт ішінде Түркістан қаласында ел руханиятына оң серпіліс әкелген ауқымды жиындар өтіп үлгерді. Мә­селен, «Киелі Түр­кістан және Түркі дүниесінің ру­хани жаңғыруы» атты ғылыми-тео­риялық конференциясына елі­мізден бөлек Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Тәжікстан, Үндістан мемле­кет­терінен түркологтар мен ға­лым­дар қатысты. Түркістанды түлету жөніндегі ойларын ортаға салды.
«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында ұйымдастырылған маңызды жиында Түркістан об­лысының әкімі Жансейіт Түй­мебаев Түркістан қаласы қазақ халқының ғана емес, түркі ел­де­рінің де рухани орталығына ай­налатынын айтты. Сонымен бірге, Яссауи кесенесі маңында жер­лен­ген қазақтың ұлы қайраткерлері­нің өмірі, ерліктері мен еңбектері дәріптеліп, нақты жұмыстар қолға алынатын болды. Бұл да ұлттық тарихқа тамыр жіберу, ұлттық кодты іздеу жолындағы қадам екені даусыз. Түркістан облы­сында «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында шығарылған көптеген көр­кем және анимациялық фильмдер мен өлке тархынан сыр шертетін кітаптар да қоғамдық сананы жаңғыртуға серпін беретіні анық.
Әлемнің, қоғамның және адам дамуының жалпылама заңды­лық­тарын зерттейтін диалектика ілі­міне сүйенсек, жалпы, даму қара­ма-қайшылықсыз мүмкін емес екендігі туралы ойла­рымызды пайымдай келе, біз сананың ашық­тығы мен ұлттық кодты қа­рама-қарсылық ретінде қарастырамыз. Де­мек, ұлттық код пен сананың ашық­тығы даму қайшылықтары, оның ішін­де, Қазақстан қоға­мының ішкі-сыртқы саясатындағы стратегияға сәй­кес құбылыс. Са­наның ашықтығы – ақпарат ағы­нының сахнасы іспет­ті, ал ұлттық код – әрбір адамның ішкі сыры іспетті. Міне, қайшы­лықты даму дегеніміз – осы.

Әміреқұл ӘБУОВ,
Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
«Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы

Дереккөз: Айқын