Ұлттық кеңес үмітті ақтады ма?

0

Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысында негізінен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, қыркүйектегі жолдауында айтылған «саяси модернизация жасау» жайлы уәделерінен таймайтынын айтты. Жиын кезінде ол Қазақстандағы «саяси өзгерістерге бастайтын» бірнеше ұсыныстарын жариялады.

Тоқаев Конституция талаптарына сәйкес Қазақстан митинг өткізудің «ескерту» формасына көшу керегін айтты.

Оның сөзінше, «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң жобасы жасалған, ол жақында парламентке түседі. Президенттің сөзінше, жаңа заңда «бейбіт жиындардың барлық формасы анықталады, жиынға арнайы бөлінген орынды анықтайтын мәслихаттардың құзыреті белгіленеді, ұйымдастырушылардың, қатысушылар мен бақылаушыларды мәртебесі, құқықтары мен міндеттері нақтыланады».

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.

Тоқаевтың тағы бір ұсынысы саяси партияларды тіркеу мәселесіне арналды. Қазақстан президентінің сөзіне қарағанда, «саяси партияны тіркеу үшін партия мүшелері 40 мыңнан кем болмауы тиіс» деген талап өзгеріп, 20 мың адамға дейін азаяды. Президент мұны «азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік беретін айтарлықтай маңызды өзгеріс» деп санайды.

Тоқаев «парламенттік оппозиция институты» туралы да бастама көтерді. Оның сөзінше, парламенттегі саяси азшылық жайлы заң нормасын енгізіп, мәселен, оппозициялық партия өкілдері парламенттегі комитеттердің кейбіріне төраға бола алатындай мүмкіндік жасалуы керек.

Тоқаев бұл ұсыныстардан өзге Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабын ізгілендіріп, «Жала жабу» деп аталатын 130-бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыратынын хабарлады.

Ұлттық кеңестің желтоқсанның 20-сы күнгі жиыны тікелей эфирден көрсетілген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары монитор арқылы бақылап отырды.

«КОСМЕТИКАЛЫҚ ӨЗГЕРІС»

«Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін және «партия жұмыстарына билік кедергі жасап отыр» деп мәлімдеп жүрген Жанболат Мамай мен «Республика» деп аталатын партия құру үшін облыстарды аралап келген белсенді Бэлла Орынбетованың Ұлттық кеңестің бұл отырысына көңілі толмаған сыңайлы.

— Тоқаевтың ұсыныстарының түсініксіз тұстары бар. Мәселен «митинг ұйымдастырушыларының жауапкершілігін күшейту» дегеннің не екені белгісіз. Бәлкім, ұйымдастырушыларды жауапқа тартудың тағы бір амалы шығар? Партия мүшелерін 20 мыңға дейін азайтудан да жеңілдік көрмей тұрмын. Мәселе партия мүшелерінің санында емес, партияны тіркеу процедурасында. Бізге ауыр тиіп тұрғаны әкімшілік қысым, — дейді Орынбетова.

Оның сөзінше, «партияны тіркеу үшін Ресейде 500 адам, Қырғызстанда 10 адам деген талап бар. Ал Қазақстан үшін 20 мың адам көп».

— «Сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізіп, партиялық тізімнен өзге мажоритарлы жүйеге де мүмкіндік берер деп ойладым. Саяси тұтқындарды босату туралы да ештеңе айтылмады, — дейді ол.

Саясаткер Жанболат Мамайдың сөзінше, Ұлттық кеңес «косметикалық өзгерістермен реформа жасадық» дегісі келеді. Биыл жазда Ұлттық кеңес құрылған кезде оның жұмысына күмәнмен қарайтынын айтқан Мамай «күдігіміз толығымен шындыққа айналды. Ұлттық кеңес жаздағы президент сайлауынан кейін халықтың наразы көңіл-күйін ескерген сияқтанып, уақыт үшін ғана жасалғаны белгілі болды» деп санайды.

— Бүгінгі жиын Тоқаевтың саяси реформа жасауға ерік-жігері жетпейтінін, саяси салмағы жоқ екенін, оған президенттіктен кетсе де, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мүмкіндік бермейтінін толық көрсетті. Қоғамның негізгі талаптарының бірі саяси тұтқындарды босату болатын. Тым болмағанда, келесі парламент сайлауын әділ өткізу, оппозициялық саяси партияларды сайлауға қатыстыру болатын. Ал мынадай косметикалық өзгерістерден оның бірі де орындалмайтынын көріп отырмыз. «Парламенттік оппозиция институты» туралы заң нормасы да шынайы оппозициялық партиялардың үміттендіре алмайды. Өйткені қазірдің өзінде парламентте өзін «оппозициядағы партиямыз» деп санайтындар бар. Оларды заң жүзінде бекіткеннен ештеңе өзгермейді, — дейді ол.

«Oyan, Qazaqstan» жастар қозғалысының мүшесі Димаш Әлжанов та осыған ұқсас пікір айтады.

— Ұлттық кеңестің бүгінгі шешімдері – саяси реформа емес, қазіргі жағдайды ешбір өзгертпейді. Ең маңызды мәселелерді айналып өтті. Партияларды тіркеу процедурасы сол күйі қалайын деп тұр. Қоғам партиялық тізімнен өзге мажоритарлық жүйе талап етті. Билік сайлауды толық бақылауда ұстайтын тетіктің бәрін өзінде сақтап қалғысы келеді, — дейді ол.

Ал билікті сынап жүрген саясаткер Жасар Қуанышәлин Тоқаевтың Ұлттық кеңестегі бастамаларын «халық алдында ұпай жинау үшін айтылған саяси популизм» деп санайды.

— Тоқаев президент сайлауы кезінде халықтың наразылығы қандай болғанын біледі. Бірақ ол Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанына шыға алмайды. Сөйтіп екі оттың ортасында қалып отыр. Тоқаев «еститін, құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымды жариялады. Бірақ Ұлттық кеңестің бүгінгі шешіміне қарап, халықты естіп отырғанына күмәнім бар, — дейді ол.

«БӘРІ БІРДЕН БОЛМАЙДЫ»

Ал Ұлттық кеңес мүшелері бүгінгі жиыннан кейін тілшілермен тілдесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстарына көңілдері толатынын білдірді.

Қылмыстық кодекстегі аталған баптарды өзгерту туралы осыған дейін бастама көтерген Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі, адвокат Айман Омарованың айтуынша, «Жала жабу» және «Араздық қоздыру» баптары жеңілдетілсе, осы баппен жазаланғандарға рақымшылық жасалуы керек, ал іс қозғалғандар болса қысқартылуы тиіс.

Ұлттық кеңес мүшесі Ерлан Сайыров «саяси реформалар жүзеге асып жатыр» деп санайды.

— Парламенттік оппозиция деген жаңа норма енгізіледі. Оппозициялық қозғалыс деструктивті күш деген ұғымнан арылып келе жатырмыз. Митингілер туралы еуропалық тұрпаттағы жаңа заң пайда болады. Бұрынғыдай әкімдіктерден немесе басқа да мемлекеттік органдардан рұқсат сұрау процесі жойылады, — дейді ол.

Ерлан Сайыровтың сөзінше, партияны тіркеу үшін мүшесі 40 мыңнан кем болмауы тиіс» дейтін талапты «20 мыңға азайту» саяси партияларды тіркеуді жеңілдетуге арналған алғашқы қадам деп түсіну керек.

Ұлттық кеңес мүшесі Жәнібек Қожық та Тоқаевтың ұсыныстарына көңілі толатынын айтса, саясаттанушы Расул Жұмалы «саяси партиялардың парламентке өтуі үшін қойылатын жеті пайыз талапты үш пайызға дейін түсіруге талпыну қажет» деп санайды.

Мұхтар Тайжан Ұлттық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.

Мұхтар Тайжан Ұлттық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.

Ұлттық кеңес отырысынан бір күн бұрын осы ұйымның мүшесі Мұхтар Тайжан «Ертең – шешуші күн. Кімдікі дұрыс болғаны ертең белгілі болады. Егер оппозиция ондаған жылдар бойы шеше алмаған, мысалы, митингіге рұқсат алу, сөз бостандығы, саяси тұтқындар, саяси тұтқындардың бостандыққа шыққаннан кейін де жұмысқа орналасу мәселесі, партия тіркеуді жұмсарту, сайлау заңы, оппозицияның ресми мәртебесі мәселелерінің ең болмаса біреуін шеше алсақ — бізді сынаушылар, ұяты болса, ел алдында кешірім сұрар деп үміттенемін… Егер осы көтерілген мәселелердің біреуі де шешілмесе, осыған дейін уәде еткенімдей, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамынан шығамын» деп жазған еді.

Жиыннан кейін Азаттық тілшісіне пікір білдірген Мұхтар Тайжан «оппозиция 20 жылдан бері айтып келе жатқан талаптар орындала бастады. Қалай болғанда да, билік саяси партияларды тіркеуді жеңілдетіп, 40 мың адамнан 20 мың адамға түсіретінін айтып отыр. Бәрі бірден болмайды. Парламентте Жанболат Мамай, Бэлла Орынбетова секілді партия құрғысы келетін жас белсенділер отыруы керек, біз оларға осылай заң арқылы жол ашуымыз керек» деді.

Биыл маусымда, халықтың билікке деген наразылығы өршіп тұрған тұста өткен кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жеткен Тоқаев билік пен қоғам арасында диалог орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрған.

Кеңес құрылғаны жайлы Тоқаевтың жарлығы мен 44 мүшесінің тізімі шілденің 17-сі күні жарияланған. Бірінші отырыс қыркүйек айында өтіп, кеңес мүшелері өз ойларын айтқан.

Бірақ кейбір сарапшылар Тоқаевтың кеңес құру идеясын сынаған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұқсас орган бұрын да болған. Оппозициялық күштердің белсенділігінен кейін Қазақстан билігі 2002 жылы қарашада азаматтық қоғамды одан әрi демократияландыру мен дамыту жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдау жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн кеңес құрған еді. 2016 жылы жер митингілері күшейген тұста да қоғамдағы наразы топтармен мәміле жасау үшін Жер комиссиясы құрылған. Кейін бұл кеңестер тараған. Елде бұдан бөлек ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де бар.

Azattyq