Ұлттық экономиканы қарқынды дамыту керек екенін айтқан Тоқаев бірқатар тапсырмалардың аяқсыз қалғанын сынады

0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында ұлттық экономиканы сапалы әрі қарқынды дамыту деген өте маңызды міндет тұрғанын терең түсінуге шақырды. Сонымен қоса ол бірқатар тапсырмалар аяқсыз қалғанын атап өтті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы дамыту үшін жасалатын маңызды қадамдарға тоқталған.

“Табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізбесек, кәсіпкерлерді табысын қалтаға баспай, бизнесін дамыту үшін жұмсауға ынталандырмасақ, арнайы салық режимдерін өзгертпесек, бұл міндетті орындай алмаймыз. Сондықтан Салық кодексі секілді стратегиялық маңызы бар құжатты әзірлеуге осы сала мамандарынан бөлек экономистер мен бизнес өкілдері жұмылдырылуы қажет. Әрине, бюджет қоржынын толтыру міндетін ұмытуға болмайды. Экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі деген қағидатты берік ұстану керек”, – дейді Тоқаев.

Мемлекет басшысы “салықты жайдан жай салмай”, “ең алдымен, салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет” екеніне баса тоқталған.

“Сондай-ақ көлеңкелі экономиканы барынша азайту керек. Яғни, салық жүйесін басқару жұмысы дұрыс жолға қойылмаса, ең озық деген салық саясатының өзі тиімсіз болып шығады.

Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге тиіс. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша жеңілдік берудің салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі. Мен салық жеңілдіктерін 20% азайту туралы тапсырма бердім. Бірақ әлі күнге дейін орындалған жоқ, тіпті, мәселені шешу жолдары да әзір емес», – деп қосты президент.

Тоқаев сондай-ақ микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бірреттік төлем жасауды енгізу ісі де аяқсыз қалғанын сынады.

“Бұл норманың енгізілгеніне бір жылдан асты. Уәкілетті органдар жұмыстың табысты атқарылғаны туралы есеп берді. Ал бизнес өкілдері бұрынғысынша салық пен жарнаны бюджеттік емес қорларға жеке-жеке төлеуді жалғастырып жатыр.

Бір жағынан, орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керек. Мысалы, көп жағдайда бизнесті қолдан ұсақтап жатады. Кәсіпкерлерді тиісті санатқа бөлу әдістемесі дұрыс жолға қойылмаған. Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет”, – дейді президент.

Тоқаев “бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек” екенін, соның ішінде “реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн” дейді.

“Тоқетерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек”, – деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Бұған дейін президент Ұлттық инфрақұрылым жоспары елімізге ауқымды инвестиция тартудың тағы бір маңызды шарты екенін айтқан.