Ұлттық дүниетаным салтанат құрады | «Айқын» газеті
Дүниежүзіндегі 4 мыңға жуық этникалық топтың бүгінде 200-ге жуығының ғана мемлекеті болса, сол елдердің арасында қазақтар жер көлемі жөнінен тоғызыншы орында. Мемлекетіміздің әлемдік қауымдастық алдындағы абыройы биік.
Президент Н.Назарбаевтың: «Қазақ халқының тарихы кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтаған халық» деп айтуы көп жағдайды аңғартады.
Ежелгі кезеңдерде Алдыңғы Азияның Ассирия, Вавилония, Персия сияқты алып мемлекеттерін өзімен санасуға мәжбүрлеген бүгінгі қазақтардың арғы бабалары Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгеріске ұшыратты. Оның бір ғана мысалына бүкіл Батысты бағындырған құдіретті Рим империясын құлату арқылы тұтастай бір қоғамдық жүйенің екіншісімен алмасуына тікелей ықпал еткен, сондай-ақ Қытай сияқты алып империяға Батысына Ұлы қорған салуға мәжбүрлеген ғұн тарихынан ғана көз жеткізуімізге болады. Қазіргі батыстың Италия, Германия сияқты алдыңғы қатарлы мемлекеттері тарихтың бастауы ретінде Ежелгі Рим империясы мен ежелгі готтарды мақтан тұтуы біздің де өз тарихи тамырымызға терең үңіліп, оны ұлықтаудың келелігіне меңзейді. Ендеше, ежелгі сақ, көне ғұн, байырғы Түркі империяларының біздің тікелей ата-бабаларымыздың тарихы екендігін нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, әлемге жария ету – біздің бүгінгі міндетіміз.
Елбасы Н.Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңдерінен бастап-ақ ұлы дала елінде тарихи сананы және дүниетанымды қалыптастыру саясатын ұстанып келеді. Ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюға бағытталған шаралар мен тарихымызды ұлықтауға арналған мемлекеттік бағдарламалар тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап рухани құндылықтарымызды дамыту жолында қызмет жасап келеді. Осы қатарда 2004 жылдан басталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы және 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалары ұлттық тарихымызды зерделеу мен жаңғыртуды көздеп, рухани құндылығымызды дәріптеуге тікелей атсалысып отыр.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып саналатын, Елбасының күні кеше ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бүгінгі қазақ халқының тарихи бастауына, территориямызда түрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген протомемлекеттік бірлестіктердің адамзат өркениеті мен әлемдік тарихқа қосқан үлесін зерделеп, бағалауды және рухани жаңғыру үрдісін жаңа сапалық деңгейде жалғастыруды көздеп отыр.
Еуразия даласындағы саяси үрдістерде зор рөл атқаруымен бірге, ата-бабаларымыз кең-байтақ территорияда бүкіләлемдік мұраны құрайтын зор мәдени жетістіктер шоғырын жасап шығарды. Осы уақытқа дейін еліміздің аумағынан табылып келген Ұлы дала жәдігерлері бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарды игере білгенін көрсетеді. Ұлы дала мекендеушілері ойлап тапқан бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар ХІХ ғасырға дейін пайдаланылып келді. Ұлы дала халқы өз кезеңі үшін таптырмас материалдық құндылықтарды шығарумен бірге, мәдениеттің озық үлгілерін де қалыптастырды. Соның ішінде шоқтығы биік атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының Еуразиядан тарағаны тарихтан белгілі. Адамзат өркениетіне үзеңгіні ойлап тауып қосқан Ұлы дала иелері ат әбзелдерін жасап, пайдалану ісінде адамзат өркениетінің өз заманы үшін озық үлгісін қалыптастырды.
Бабаларымыздың металды игеруі тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, Еуразия даласын ғана емес, адамзат дамуына түбегейлі өзгеріс әкелді. Есік қорғанынан табылған Алтын адам сақ тайпаларының алтын өңдеу техникасын жоғары меңгергенін тұтас әлемге дәлелдеді.
Біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде қазақ тарихында ерекше орын алатын Алтай тауларының баурайында Түркі мемлекеті пайда болып, аз ғана уақыт ішінде ол алып империяға айналды. Түріктердің құрған мемлекетінде өнер мен ғылым, әлемдік сауда өркендеп, көшпелі және отырықшы мәдениеттер керемет үйлесім тапты. Түркі мемлекеті тұсында Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтиненталды желісі ретінде жұмыс істеген Ұлы Жібек жолы халық арасындағы тауар айналымы мен зияткерлік байланыстар үшін орнықты платформаға айналды.
Бұл мәселелердің барлығы ата-баба мұрасын әлі де терең зерттеп-зерделеуді, оны әлемге таныту арқылы қазақ халқының әлемдік қауымдастық алдындағы беделі мен абыройын асқақтатуды мақсат тұтады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Елбасы бірнеше ірі жоба ұсынып отыр. Алғашқысы – «Архив – 2025» жобасы. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырында өткенімізге қатысты деректерді шетелдік архивтерден іздестіріп, жинау бағытында көптеген іс атқарылды. Қытай, Иран, Мысыр, Ресей, т.б. елдердегі мұрағаттарда Қазақстан тарихына қатысты тарихи деректер, қолжазбалар, кітаптар жинау жұмыстары жүргізіліп, бір ғана Қытай елінен қазақ тарихына байланысты 5500-дей тарихи дерек әкелінді. Дегенмен ата-бабаларымыздың өмірі мен өркениетіне қатысты көптеген деректі құжаттар әлі де болса отандық және әлем архивтерінде сақтаулы, ғылыми айналымға түскен жоқ. Міне, осы маңызды деректерге іргелі зерттеулер жүргізіп, ғылыми айналымға енгізу үшін «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасының маңызы мен орны бөлек болғалы отыр. Мақалада архив деректерін жинақтап қоймай, мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін цифрлық форматқа көшіру қажеттілігі айтылды.
Сондай-ақ Елбасы қолға алып отырған мектептер мен өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру ісі қазақстандықтар бойында тарихына деген ортақ жауапкершілікті қалыптастыратыны сөзсіз.
Елбасымыз «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарих толқынында өзінің ұлттық «Мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа, қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет», – деп атап өтуінде өмір ақиқаты бар. Қазақ халқының тарихында қаншама жасампаз ұлы тұлғалардың болғаны белгілі. Өзге жұрттар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтып, дәріптейді. Қазақтың да шежірелік зердесінде жеке тұлғалар тарихтың қозғаушы күші болып келді. Ұлы даланың
әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай сынды тұлғаларының ел тарихындағы салмақты орнын бағалап-бағамдау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы ретте Елбасы ұсынып отырған «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашудың маңызы – жас ұрпақтың тарихи тұлғаларымызды ұлтымыздың баға жетпес символдық капиталы ретінде тануына үлес қосары сөзсіз.
Республикамыздың ортағасырлық Түркі империясының тікелей мұрагері ретінде түркі тарихы мен мәдениетін әлемге таныту, оны дамытып, жаңғырту жолындағы шаралары түркі өркениетін әлемге танытуға өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі жаһандану үрдісінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалудың тиімді жолы – ұлттық мәдениетіміз бен өркениетімізді сақтап, рухани байлығымызды ұлықтау болатын болса, осы бағытта түркілік түп-тамырымызды бағамдаудың орны бөлек. Ендеше, Елбасы мақаласындағы Түркі өркениетінің тарихына қатысты жобалары, халқымыздың рухани орталығы ретіндегі Түркістан қаласын көркейтіп, дамыту бағдарламалары құптарлық шаралар деп білеміз.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың сан мыңжылдық мұрасының бүгінгі цифрлық өркениеттің сұранысына толық сай келуіне мүмкіндік береді.
Елбасының халқымыздың тарихи шежіресін, этногенетикалық арқауын, рухани төлтума дәстүрін тереңдете тарата отырып, әлемге қазақ халқының адамзат өркениетіндегі орнын жаңа қырларымен танытуы ұлттық тарихымызды жаңа көзқарас тұрғысынан зерделеу арқылы болашақтың тұғыртасын берік орнатуға жасалған ұлы қадам деп түсінуіміз қажет.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының «Білім беру»
бағыты бойынша партиялық кураторы: