Ұлттық бюро мемқызметшілерге сыйлық бергендер жазаланатынын ескертті
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Енді мемлекеттік қызметшілерге сыйлық бергендер, ұялы телефонына бірлік салғандар жазаланады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Тюлебаев мәлім етті.
Алдымен директор ұлттық бюроның негізгі мақсаты елдегі тұрмыстық жемқорлықты азайту екенін айтты. Осы орайда ол агенттік заңда көрсетілген талаптарды сақтау мақсатында мемлекеттік қызметшілерге берілген сыйлықтарды тексеру жұмыстары үнемі жүргізіліп отырғанын жеткізді.
Оның айтуынша, мереке кезеңінде мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беру деректері жиілеп кетеді екен.
«Әсіресе, мереке қарасаңында ұйымдастырылады. Мәселен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің белсенді қатысуымен 800-ден астам мемлекеттік мекемелерде рейдтер өткізілді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге жеке және заңды тұлғалардың сыйлықтарын болдырмау мақсатында шаралар қабылданды», — деді ол.
Осы орайда Равиль Тюлебаев мемлекеттік қызметшілерге міндеттерін орындаған үшін кез келген сыйлықты алуға тыйым салынғанын атап өтті.
«Егер сыйлықтың құны 2 АЕК (2405 теңге) жоғары болса, сыйлық беруші үшін 200 АЕК көлемінде, ал алушыға 600 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Одан жоғары соммалар пара ретінде есептелінеді, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деді директор.
Оның айтуынша, заңсыз сыйлықтарды ұсыну фактілері үшін биыл 28 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
«Ал оларды алғаны үшін 5 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Салынған әкімшілік жазаның жалпы соммасы 16 млн 115 мың теңгені құрады. Мысалы, ағымдағы жылдың қыркүйек айында кәсіпкер зертханалық зерттеуді жүргізбей, фитосанитарлық сертификатты алу үшін ҚР АШМ Мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша инспекторының ұялы телефонындағы балансын 3 мың теңге толтырған. Ол туралы инспектор агенттікке хабарлап, нәтижесінде Астана қаласының мамандырылыған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен аталған азаматшаға 336 мың 700 теңгеге көлемінде айыппұл салынды», — деді ол.
Сөз соңында Равиль Тюлебаев сыбайлас жемқорлық фактісіне куә болғандар агенттік жанында тәулік бойы жұмыс істейтін 1420 Сall орталығына хабарласа алатынын жеткізді.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ