Ұлттық банктің жаңа төрағасы Досаев мәлімдеме жасады
Қазақстанның Ұлттық банкі импортты азайтуға қатысты мәселелерді талдайтын болады
АСТАНА, 25 ақпан — Sputnik. Ұлттық банктің жаңа басшысы Ерболат Досаев сенат отырысында қаржы реттеушісі бизнестің қаржыландыру мен кредиттеуге қол жетімділігін қалай арттыратыны туралы мәлімдеді.
Сенатор Дариға Назарбаева бизнеске берілетін кредиттің пайыздық мөлшерлемесін 5-7%-ға дейін төмендетуге бола ма деп сұрады.
«Бүгін мөлшерлемені сол деңгейге дейін төмендетеміз деп айту қиын. Бірақ үкіметпен бірге тиімді құрал ұсынуға мүмкіндік бар. Мысалы, қарапайым заттар экономикасы саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінген 6 миллиардқа қатысты мемлекет басшысының берген тапсырмалары», — деді Досаев.
Импортты азайту және шектеу бағдарламаларына қатысты мәселелер талқыланатын болады, деп атап өтті ол.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені +/- 1% дәлізінде 9,25% етіп сақтауға шешім қабылдаған болатын.
Дүйсенбіде сенаттың 45 депутаты Ұлттық банктің төрағасы қызметіне Ерболат Досаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады. Досаев сенаторларға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, мойынына үлкен жауапкершілік артылғанын атап өтті.
«Бәріміз сізді құттықтаймыз, Елбасы мен сенаттың сенімін ақтайсыз деген үміттеміз. Бұл міндетті лайықты орындайтын боласыз деп сенеміз», — деді сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевты отставкаға жіберіп, қаржы реттеушісінің басшысы қызметіне Ерболат Досаевтың кандидатурасын ұсынған.
Данияр Ақышев отставкаға кетті
sputniknews.kz