Ұлттық банк төрағасы бизнесмендерге берілген кредиттер туралы айтты

0

Соңғы девальвацияға дейін 250 миллиард теңгенің кредиті кәсіпкерлерге доллармен берілген

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев девальвацияға дейін валюталық кредит алған кәсіпкерлерге көмек көрсету туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас банкирдің айтуынша, 2014-2015 жылдардан бері жиналған сұрақтар көп. Содан бері екінші деңгейлі банктердің көбісі валюталық қарыздарын ауыстырып алды.

«Бүгінде кіші және орта бизнеске валютамен берілген несиелердің саны 20 проценттен аспай отыр. Шынын айтайын, оның ішінде айыппұлдар мен өсімақылар, төлемеген «интерестер» бар. Бірақ бәрін бірдей амнистияға өткіземіз бе, басқаша істейміз бе, ондай мүмкіндіктің жолы дұрыс болмайтын шығар деп ойлап отырмыз», — деді Досаев сенат отырысында.

Тағы оқыңыз: Досаев девальвация туралы қауесетке түсініктеме берді

Ұлттық банк төрағасының сөзіне сүйенсек, қарыздардың мерзімін ұзарту мәселесі қаралып жатыр. Бұл мәселе екінші деңгейлі банктермен пысықталады екен.

«Бірақ бір кредит екіншісіне ұқсамайды. Оны өздеріңіз білесіздер. Біреулер ақшасын жеп қойды, біреулер шынымен банктерге төлей алмай отыр. Дайындап жатқан комплексіміз бар. Осы жылдың соңына дейін…  күзге дейін дайын болатын шығар. Енді механизмдерін дайындауымыз қажет. Өйткені банктердің бізге қоятын өз сұрақтары бар. Қандай көмек береміз? Теңгемен береміз бе? Доллармен береміз бе? Соның бәрін қарап жатырмыз», — деп атап өтті Досаев.

Бас банкирдің пікірінше, бұл проблеманы ипотекалық қарыздар сияқты шешуге болады. Дегенмен, қазір соманың мөлшері аз емес.

Тағы оқыңыз: «4 триллион теңге қарыз»: Ұлттық банк кредит алғандарға көмек береді

«Мысалы, бүгінде портфелімізде 12 триллион 700 миллиард болса, соның 20 процентін санаңыз. Сонда бізде 250 миллиард теңгедей кіші және орта кәсіпкерлерге валютамен берілген кредит шығады. Бұл мәселені бүгін-ертең шеше алмаймыз. Бірақ алдағы үш ай ішінде банктермен сөйлесіп, күзге шейін қандай мүмкіндік болатынын, қандай көмек бере алатынымызды айтатын боламыз», — дейді Досаев.



sputniknews.kz