ұлттық аспапты әлемге кімдер танытты

0

Мәдениет

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Бүгін Қазақстанда – Ұлттық домбыра күні

НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, халық мұрасы. Қазақ қашанда домбыраны қадір тұтып, төрге іліп, бағалаған. Киелі аспаптың құрметіне былтыр Елбасының жарлығымен Ұлттық домбыра күні бекітілді. Шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтетін бұл мейрам биыл 7 шілдеге тұспа-тұс келіп отыр. Sputnik Қазақстан мереке құрметіне қазақтың қара домбырасын әлемге танытқан қазақстандық әртістер жайлы әңгімелейді.

Домбыраны Еуропа төрінде күмбірлеткен қазақ

Қазақтың ұлттық брендіне айналған домбыраны төрткүл дүниеге танытқан қазақ дегенде, ең алдымен, ойға Әміре Қашаубаев оралады.  

Осыдан 94 жыл бұрын қазақтың ұлы әншісі Париж төрінде домбырамен ән салып, Еуропа халқына ұлттық аспапты паш еткен еді. ЭКСПО аясында өткен бүкіләлемдік байқауда зор даусымен көрермендерді тәнті еткен Әміре екінші орын алып, күміс медаль иеленді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы Әміренің сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған.

Әміре Қашаубаев Парих сахнасында «Ағаш аяқ, «Қанапия», «Үш дос»,  Қос балапан» және тағы басқа әндерді орындады.

Асылбек Еңсепов

XXI ғасырда киелі аспапты әлемге танытып жүрген талантты қазақтың бірі – Асылбек Еңсепов. Күйшінің алғашқы ұстазы – әкесі, сазгер Жасарал Еңсепов. 1999 жылдан бері жеке өнер көрсетеді. Әкесі негізін қалаған ДЭККО (Д – домбыра, Э – эстрада, К – күй, К – компьютер, О – орындаушы) стилін дамытып келеді.

Франция, Қырғызстан, Түркия елдерінде өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Осылайша қазақтың қара домбырасын әлемге танытты.

2011 жылы Беларусьте Асылбек Еңсеповтің жеке концерті өтті. Қазақ әртісі Минск қаласының сахнасында домбыраның қоңыр үнін күмбірлетті.

«Нағыз қазақ – домбыра»

Димаш Құдайберген миллиондаған тыңдарманның жүрегін ерекше даусымен ғана емес, түрлі аспапта ойнай алатын талантымен де жаулап алды.

Қазақстандық әнші домбыраны әлемдік сахнаға алғаш рет Қытайда өткен «I am Singer» байқауында алып шыққан еді. Сол жолы жас талант Құрманғазының «Адай» күйін шертіп, халық аспаптарының сүйемелдеуімен «Дайдидауды» әнін орындады.

Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания және Қытайда өткен жеке ән кештерінде де Димаш сахнаға киелі домбырамен шықты.

Жуырда елордада өткен жеке концертте Димаш көрермендерді тағы бір мәрте тәнті етті. Әнші інісі Әбілмансұрмен бірге әйгілі «Адай» күйін орындап, зор қошеметке бөленді.

Әлем таныған «Ұлытау»

Халықаралық аренада домбыраның мерейін асқақтатқан топтың бірі – «Ұлытау». Этно-рок бағытында өнер көрсететін музыканттар әлемнің бірқатар елінде концерт беріп үлгерді. Топ 2001 жылы белгілі продюсер Қыдырәлі Болмановтың жетекшілігімен құрылған болатын.

2001 жылы «Ұлытау» тобы Голливудта өткен музыкалық чемпионатта Құрманғазының «Адай күйін» күмбірлетіп, бас жүлдені иеленді.



sputniknews.kz