Ұлттық арна – ұлт мәдениетінің ұйытқысы
– Ерлан Тынымбайұлы, сіз басқарып отырған арнаны ұлт мәдениетінің ұйтқысы деуге болады. Десек те, аса қуатты ақпараттық құрылымның қазақ қоғамындағы міндет-мақсаты жайлы не айтар едіңіз?
– Расында ұлттық арна өзіңіз айтып отырғандай, ұлт мәдениетінің ұйтқысы болуымен қатар, еліміздегі іргелі мәдени шаңырақтың бірі. Әрі бұл мекемені қайраткер-зиялы тұлғалар үнін халыққа жеткізетін және қазақ өнерпаздары мен шығармашылық адамдарды көпшілікке танытатын, оларды шыңдайтын ұстахана іспеттес орын деуге болады. Демек, ұлттық арнаның әркездегі міндеті – ұлттың саяси дамуындағы басымдықтарды айқындап, қоғамды топтастыратын істерді жүйелі түрде насихаттау. Ашалап айтар болсам, ұлттық арнаның негізгі бағыты – ағартушылық. Сол сияқты ұлттық өнердің насихатталуына, төл мәдениетіміздің дамуына қолдау көрсету мәселесі де әрқашан күн тәртібінен түсіп көрген жоқ.
Екіншіден, ұлттық арна ұлттық сананың қалыптасуында үлкен рөл атқарды десек болады. Мысалы, өткен ғасырдың 80-90 жылдары халыққа рухани сілкініс берген Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» атты бағдарламалық жобасы, Шерхан Мұртаза жүргізген «Ұлт пен сана», этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбеков пен әнші Жәнібек Кәрменов бірлесіп жасаған телевизиялық хабарлар және т.б. Осы үрдістер тәуелсіздік дәуірінен кейін де жалғасын тапты.
Үшіншіден, Елбасымыздың бастамасымен соңғы кездері дүниеге келген қоғамдық-саяси маңызға ие реформалар десек, осы тарихи өзгерістерді қоғамға жеткізіп, насихаттау міндетін де ұлттық арна атқарып келеді. Қысқасы, түйіндеп айтар болсақ, ұлттық арна халыққа және мемлекеттік мүддеге жұмыс істеудің жарқын үлгісін қалыптастыра алды.
– «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы өткен жылы 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы мерекелік шара аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?
– Өткен 2018 жылы қазақ телевидениесі үшін даталы жыл болды. Бұл оқиғаны біз мерейтой деп емес, қазақ телевидениесінің дамуындағы жаңа кезең деп топшылап, мерекемізді той есебінде емес, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырудағы негізгі ұстаным ретінде өткізуді жөн көрдік. Ең әуелі, өткен жылдың басында аталмыш саланың ардагерлері мен қызметкерлері қатысқан үлкен жиын өткіздік. Осы басқосуда жыл бойы өткізілуге тиіс шаралар тізбегі мақұлданды. Атап айтқанда, бірнеше ғылыми конференциялар, жоғарыда айтып кеткендей ұрпақтар сабақтастығын орнықтыру мақсатында жас журналистер мен ардагерлердің тәжірибе алмасу үрдісін қалыптастыру бағытында бірқатар шаралар атқарылды.
Сонымен қатар бұған дейін қоғамдық сілкініс тудырған ұлттық арнаның «Алтын қорында» сақталған бағдарламаларды техникалық тұрғыдан қайта өңдеп, аптаның әр жексенбісінде эфирге шығардық. Бір қызығы, сол хабарларда көтерілген мәселелер мен сараптаулар әлі күнге дейін құнын жоймағаны, сол кезде айтылған ой-пікірлер қазіргі көрермен үшін өзектілігін жоғалтпағаны және оны бүгінгі күн үрдісімен салыстыруға мүмкіндік туды. Бұл жұмыстар мерекелік іс-шарадан кейін де тоқтап қалмай, жыл бойы жалғасын тапты.
Жоғарыдағы үрдісті әрі қарай жалғастыру жайында шығармашылық ұжымның жылдық қорытынды есебі барысында шешім қабылданды. Нәтижесінде, биыл да көрермендеріміз әр аптаның жексенбісінде «Алтын қордағы» асыл қазынамыздан сүзіп алынған сүбелі хабарларды тамашалай алатын болды. Осы арқылы біздің ұжым – ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, руханият үшін тер төккен асыл тұлғаларымыздың жарқын бейнесін жаңғыртуды көздеуде.
– Ұрпақ сабақтастығын жаңғырту жолындағы істеріңізге сәттілік серік болғай. Бірақ қордағы мұралардың сақталуы қазіргі таңда қандай күйде?
– Қордағы барлық материалдардың сақталу форматы кәсібилік деңгейде атқарылып отыр деуге болады. Сонымен қатар ескі мұраларды цифрландыру жұмысы тұрақты түрде, жүйелі жүріп жатыр. Бұл іс тек бейнежазбаларды ғана қамтып қоймай, Қазақ радиосы қорындағы аудио жазбаларды да қамтиды. Тіпті кейбір аса құнды дүниелерді қажеттілігіне байланысты мемлекеттік мұрағат қорына тапсыруды да назарымызға алып отырмыз. Жалпы, 2018 жылдың аяғына дейін 7263 бейнетаспа және 40505 аудиотаспа цифрланды.
– Жуықта «Ұлы дала сазы» атты үлкен жобаны қолға алғандарыңыз жайлы баспасөз мәслихатын өткіздіңіздер. Бұл істің негізгі ерекшелігі қандай?
– Аталмыш жоба бірнеше мақсатты топтастырып отыр. Негізгісі – ұлттық өнерді насихаттау. Яки, халқымыздың байырғы дәстүрлі өнері: жыршылық, күйшілік, әншілік, жыраулық мектептердің өңірлік ерекшеліктерін жас ұрпаққа таныстыру мақсатында, Секен Тұрысбеков, Жанғали Жүзбай, Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиев сынды 90-ға жуық дәстүрлі өнер өкілдерін жинап, мұраларын жазып алдық. Бұл бір жағынан ұлттық мұрамызды насихаттау болса, екінші жағынан өнерлі тұлғалардың ән-жыры «Алтын қорда» сақталады деген сөз. Болашақта жас өнерпаздар мен зерттеушілер қордағы өнер өкілдеріміздің бейнесін көріп қана қоймай, дәстүрлі музыканы тыңдау арқылы бой түзейді, өзін шыңдайды, рухани өсуіне септігін тигізеді. Осы жазбалар тізбегі жақында эфирге шыға бастайды. Яғни, қаңтар айынан бастап, шілденің аяғына дейін әр апта сайын бір сағаттық бағдарламаны арна көрермендері тамашалай алады.
– Жоғарыдағы жобаны «Мен Қазақпын» жобасының жалғасы іспеттес дүние деп түсінсек бола ма?
– Олай емес. «Ұлы дала сазы» жобасы «Мен Қазақпын» жобасына қарағанда бөлектеу. «Мен Қазақпын» жобасының мақсаты өңірлердегі және шетелдердегі қазақтың жас өнерпаздарын насихаттаумен бірге, салыстыру, байқау, сыналту форматында өтті. «Мен Қазақпын» жобасының алғашқысына 3000-нан астам үміткер өтініш білдіріп, аймақтық іріктеуге 700-дей адам қатысқан болатын. Бұл жоба дәстүрлі өнерімізді дәріптеп қана қоймай, жас өнерпаздардың үлкен сахнаға қадам жасауына ұйытқы болып, жол ашты. Ал «Ұлы дала сазы» жобасының өзгешелігі – дәстүрлі музыканы ұлықтаумен қатар, осы салада жүрген барлық өнерпаздардың басын қосып, бүгінде ұмыт болып бара жатқан халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын жаңаша стильмен насихаттау.
– Соңғы жылдары сіздер тарихи-деректі бірнеше фильм түсірдіңіздер, осы үрдіс болашақта жалғасын табатын болар?
– Қазақ телевидениесі тарихында отандық көркем немесе деректі фильм түсіру үрдісі бұрыннан келе жатқан дәстүр. Жыл сайын әртүрлі тақырыпта он шақты фильм түсіріледі. Қазір біз көрермендердің жас ерекшелігіне орай әртүрлі тақырыпты қамтыған отбасылық мелодрама, тарихи оқиғаларға байланысты фильмдер түсіріп келеміз. Мұндағы басты шарт: жұмысқа тек қазақ авторларын тартумен қатар, сценарийлердің барлығы дерлік қазақ тілінде жазылуын талап етуді қолға алдық және көркемдік кеңес құрдық. Кеңес құрамына телевидение саласында тәжірибесі мол мамандар тартылды. Көркемдік кеңес шешімімен жыл сайын халықтың рухын көтеретін, мінез-құлық сипатын әйгілейтін тарихи драма түсіру қолға алынды. Аталмыш тақырыпта түсірген алғашқы туындымыз алаш қайраткерлеріне арналған 12 бөлімдік «Тар заман» атты туындыны көрермен жақсы қабылдады. Одан кейін осы оқиғамен желілес, нақтырақ айтқанда ХХ ғасыр басындағы аласапыранның екінші беті «Кейкі мергенді» түсірдік. 16 бөлімді бұл туынды халықтың қызығушылығын оятып, қатпары қалың тарихи оқиғаны аудиторияға жеткізуге үлкен сеп болды. Мысалы, YouTube каналына жүктелген «Кейкі мерген» фильмін дәл қазіргі уақытта жарты миллионға жуық адам көріп үлгеріпті.
Осы орайда айта кететін тағы бір оқиға, өткен жылы біз шетелдегі қазақтар шоғырланған мекендерге арнайы түсірілім тобын жіберіп, 12 бөлімнен тұратын «Көшпенділер» атты деректі фильмдер циклын жасап шықтық. Бұл туындыда шетте тұрып жатқан қазақтардың тарихы мен тағдыры, бүгінгі өмір-салты, уайым-арманы сияқты дүниелер қамтылды. Фильм өткен қазан айында эфирге шығып, алғашқы кейіпкер байөлкелік бүркітші қыз Айшолпанның көрерменмен жүздескенін білесіздер. Биыл қазақ тарихында ерекше орны бар «Орбұлақ» шайқасы жайлы фильм түсіруді жоспарлап отырмыз.
– Сіздер эфирге шығатын телеөнімді өз күштеріңізбен дайындайсыздар ма, әлде…
– Көп бағдарламаларды өз күшімізбен дайындаймыз. Мысалы, «Парасат майданы», «Дара жол», «Таңшолпан», «Мінбер» т.б. Сондай-ақ біз отандық медианарықты қолдау мақсатында, жекеменшік шығармашылық компаниялардың қатысуымен де телеөнім дайындаймыз. Оларға қаржы-шығын және уақыт мәселесінде қатаң талап қоямыз. Осы мақсатта жұмыс істейтін арнайы бөлім де құрылды.
Біздің қазіргі және алдағы уақыттағы мақсатымыз – телеөнімдерді отандық аудиторияға дайындаумен қатар, еліміз жайлы танымдық-тарихи деректі ақпарларды, яғни өз өнімдерімізді шетелдік нарыққа шығаруды көздеп отырмыз. Өйткені біз бұған дейін тек тұтынушылық қабілетке ие болып келдік. Осыдан құтылу үшін шетелдік өнімдерді азайтуды жөн көрдік. Қазіргі таңда эфирден көрсетіліп жатқан шығарылымдардың 80 пайызы өзіміздің өнім, ал өткен жылы біз жеті фильмді шетелге саттық.
Телевидениемен қатар арнаның әлеуметтік желілердегі насихатын жетілдіру жұмысы да қолға алынуда. Сайтымыз бар, одан басқа өткен жылы шыққан «Qazaqstan tv» мобильді қосымшамызды аз ғана уақыт аралығында 492 036-дан астам қолданушы жүктеп үлгерді. Осы қосымша арқылы сайтқа салынған қызықты контентті тегін жүктеп алуға толық мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ YouTube-тағы «Qazaqstan tv» арнасының көрсетілім саны 132 млн-ға жетті. Корпорациямыздың құрамына кіретін медиаактивтердің ресми аккаунттарында да оң өзгерістер байқалады. Фейсбук, инстаграмм және т.б әлеуметтік желілердегі аккаунттарға жазылғандардың саны бір жыл ішінде 9% өскен. Сонымен қатар министрліктің тапсырмасымен «Balapan» арнасын көршілес республикаларда, нақтырақ айтқанда, шекаралық аймақтарда өмір сүріп жатқан қандастарымызға тарату жұмыстары тиянақталды.
– Өткен жылдың соңында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланып, тарихи сананы қалыптастырудың жолдары айқындалды. Осы мақсатта қандай шаралар жоспарлануда?
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты бастамалары шығармашылық ұжымдарға тыңнан шабыт бергені шындық. Тіпті кейбір ойда жүрген идеяларымыз осы рухани бағдардан көрініс тауып жатқаны бізді ерекше қуантып отыр. Осы орайда, біздің ұжым тағы бір шығармашылық жұмысты бастап кетті. Атап айсам, бір жарым жыл бұрын канадалық танымал компаниямен келісімшарт жасасып, әйгілі канадалық режиссер, антрополог Найоби Томпсонның кірісуімен әрқайсысы 50 минуттық «EQUUS» («Жылқы тарихы») атты деректі трилогиясын қолға алған болатынбыз. Қазақстан жылқыны алғаш қолға үйреткен және атбегілік өнердің негізін қалыптасырған ел екені белгілі. Соңғы жылдары табылған археологиялық жәдігерлер, жылқыны қолға үйреткен алғашқы адамдар қазақ жерінде өмір сүргенін айқындай түсті. «EQUUS» деректі трилогиясы жылқы жануарының адамзат тарихындағы рөлін ашып, Орталық Азияда жылқының шығу тегі жайлы баяндайды. Бұл фильм болжам бойынша әлемнің 50-ден астам елінде миллиондаған аудитория жинайды деп күтілуде. Туынды ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде дайындалды.
– Сіздер қазақ тіліндегі бірден бір арнасыздар. Сол себепті тіл тазалығы жайлы айтпасқа болмас, соның ішінде «Qazsport» арнасында спорттық шараларды жүргізіп отырған журналистердің, әсіресе ұлттық спорт түрлерін тәпсірлеуші азаматтардың тіл жұтаңдығы мен ұлттық-спорттық атауларды білмейтіндігі қынжылтады. Екіншіден, әлеуметтік желілерде ұлттық арна эфирінде сатиралық жеңіл-желпі дүниелер көп берілуде деген сын-пікірлерді де көзіміз шалып қалады. Осыған не айтасыз?
– Коментаторлармен жұмысты қолға алып жатырмыз. Бірнеше рет кастинг те жарияладық. Бұл жерде мына бір жайтты ерекше айтсам деймін, себебі, журналист-коментаторларды дайындайтын біз емес, жоғары оқу орындары. Дейтұрғанмен ұлттық арна сіз айтып отырған мәселені назардан тыс қалдырмайды. Тележүргізуші немесе спорттық ойындарды жүргізетін коментаторларды сынақтан өткізіп, қабылдайтын болдық. Таңдау барысында ең бірінші талаптардың бірі – комментаторлардың тіл байлығы мен спорттық білімі.
«Qazsport» арнасында өткен жылы «Qazaqstan FIGHTER» көп бөлімді телевизиялық реалити-шоу эфирге шыққан болатын. Бұл жобада жас спортшылар «Аралас жекпе-жектен Қазақстанның ең мықты спортшысы» атағы үшін сынға түсті. Сондай-ақ спорттық арна бүкіләлемдік UFC спорт ұйымының жекпе-жектерін Қазақстан аумағында бір жарым жыл бойы көрсету құқығына ие болғанын білесіздер. UFC жекпе-жектері көрермендер арасында үлкен қызығушылық оятып, көрсетілім бойынша ең жоғарғы рейтингке жетті.
Ал келесі сұраққа келетін болсақ, ұлттық арнада бұрындары көрсетіліп жүрген әзіл-сықақ жобалары едәуір азайды. Біздің арна мейлінше барлық жанрды қамтуы керек, себебі көрермендеріміздің талғамын да ескеруіміз қажет. Әрине ұлттық арна көшбасшы арна болғандықтан, біз әрқашан да ел аузында, халық назарында бола береміз. Сондықтан сын-пікірлердің болуы да заңдылық, онсыз өзгеріс болмайды. Қазіргі кезде эфирге тек кәсіби, маман журналистерді шығару жолға қойылды. Осы ретте бағдарламалардың жанрлық үлесі жайында да айта кеткенім жөн болар, бағдарламалардың 19%-ға жуығы гуманитарлық бағытта, 10,1% – қоғамдық-саяси, 8,1% – жаңалықтар болса, 8,7% ғана өзіңіз айтып отырған ойын-сауық жанрындағы жобаларды құрайды.
Ұлттық арна қашанда көрермендеріне сапалы да, қызықты жобаларды ұсынуды көздейді. Сондықтан біз үнемі ізденіс үстіндеміз, болашақта да көрермендерімізді сапалы дүниелермен, қызықты туындылармен қуантамыз деген ойдамыз.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/