Ұлттың өзін-өзі тануы мен ұлттық намыстың оянған күні

0
155

Шәріпбек ӘМІРБЕКОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор:

– Қазақ елі Тәуелсіздігін алған күн сіздің есіңізде қалай сақталып қалды?
– 1991 жыл күрделі саяси оқиғалармен есте қалғаны белгілі. Тамыз айындағы мем­­лекеттік төңкерістен кейін КСРО шең­берінде саяси шешім қабылдайтын екі ор­талық пайда болды. КСРО президенті М.Горбачев пен Ресей президенті
Б.Ельциннің саяси теке­тіресі 8 желтоқ­сандағы Беловеж келісімінің қол қо­йылуына алып келгені белгілі. Сол күні Кеңес Одағын құрушы Ресей, Украина және Белоруссия 1922 жылғы келісімнің күшін жойып, ТМД құрылғанын жария­лады. Аз ғана уақыттың ішінде кешегі дүниені уысында ұстаған «қызыл империя» құлайды деп ешкім ойлаған жоқ болатын. КСРО өмір сүруін тоқтатқаннан кейін алып империяның тұрғындары «демін ішіне алып отырған» кезеңде Қазақстан өз тәуелсіздігі туралы дек­ларациясын жа­рия­лағаны белгілі. «Тәуелсіздік парады» деп аталған одақтас және автоно­миялық рес­пуб­ликалардың тәуелсіздік туралы дек­ла­рация қабылдау үдерісі 1990 жылы бас­талғандықтан көпшілігіміз Қазақ­станның тәуелсіздік жариялағанын осы процестің жалғасы деп қабылдадық. Одақ­тас респуб­ли­калардың арасынан Ресей мен Литва 1990 жылы, Грузия 1991 жылы сәуір айында тәуел­сіздік жариялап, осы тә­уелсіздікті ең соңынан жариялаған Қа­зақ КСР болды. Бұл Қазақ­стандағы ішкі саяси жағдайға да байланысты. Казактар қо­з­ғалысы, сол­түс­тік территориялар мә­се­лесі ушығып тұрған кезең еді. Сондықтан да Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб­ликасы одақтас республикалардың ішінен ең соңғы болып тәуелсіздігін жариялады. Жасыратыны жоқ, коммунистік жүйе Қа­зақ­станды көпұлтты республикаға айнал­дыра отырып, орыс­тандыруды тым терең­детіп жіберген бо­латын. Жергілікті ұлт үле­сі республика кө­лемінде біртіндеп тө­мен­­деп, қала тұрғындары арасында тым аза­­йып кеткен еді. 1986 жылғы желтоқсан тол­­қуы сол тамырланып жайылып бара жат­қан орыстандыруға қарсы наразылық болды.
Сонымен бірге, Кремль де ұлттық респуб­ликалардағы саяси белсенділікті мүмкін­дігінше күшпен басуға ұмтылып отырды. М.Горбачев 1990 жылы Баку мен 1991 жылы Вильнюстегі бұқаралық наразылықты әскери күшпен басты. Со­нымен бірге, аймақтарда ұлтаралық жан­жалдар күшейе бастады. 1990 жылы Ош­та­ғы ұлтаралық жанжал да тәуел­сіздік ту­ралы саяси шешімнің жылдам қабыл­дануына өз әсерін тигізгені белгілі. Осы кезең ұлттың өзін-өзі тануы мен ұлттық намыстың оянған кезеңі екенін ескерсек, онда Қазақ ұлтының тәуелсіздік алуы қа­зақ­тар үшін, әсіресе шет елдерде тұрып жат­қан қазақтар үшін ерекше оқиға болды.


– Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Егемен елдің жаңа тарихы, жылнамасының жазы­луы қалай?
– Тәуелсіздік тарихын зерттеу жан-жақты жүргізіліп жатыр деуге негіз бар. Оған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар серпін берді. 2004 жылы басталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, 2013 жылғы «Халық тарих толқынында» зерттеу бағдарламасы шең­берінде кешенді жұмыстар жүргізілді. Со­нымен бірге, тәуелсіз Қазақстанның тарихын зерттеуге арналған Мемлекет тарихы инс­титутының 2008 жылы құрылуы да зерттеулерді бір жүйеге келтірді деуге болады.
Ал енді Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жалпы тәуелсіз Қазақстандағы модернизациялау процесінің философиясын тұжырымдап берді. Жақында жарияланған «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» мақаласын тарихшы­лардың және гуманитарлық саланы зерттеушілердің зерт­теу жоспарының негізгі бағыттары деп атауға болады. Әрине, зерттеулердің барлы­ғының деңгейі жоғары деу қиын шығар. Себебі, бізде зерттеу методологиясын жетілдіру мәселесі толық шешіле қойған жоқ.
– Елбасы Н.На­зар­баев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жа­риялағаннан бергі уақытта осы бағытта қандай іс тын­ды­рып, не атқара алдық? Не ескерілмей қалды?
– Бұл мақала жоғарыда айтқанымдай, қазақ қоғамын модернизациялаудың филосо­фиясын тұжырымдады. Мақалада Н.На­зар­баев «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды то­лықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсеткен болатын. Негізі Президент Жолдауларында бәсе­келес әлемдегі барлық өзекті тақырыптар күн тәртібіне қойылып, оның шешу жолдары көрсетіліп келеді. Міне, осы өзекті мәселелердің арасынан Қазақ­стан жағдайында сананы өзгерту мә­селесін күн тәртібіне қоя отырып, оның кешенді зерттелуіне ерекше мән берілді. Осындай мәселенің қойылуына үш нәрсе әсер етті деп ойлаймын.
Бірінші, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ақпараттық төңкеріс жүзеге асуда. Екінші, қоғамды ақпарат­тандырудың жоғары деңгейге жетуі. Үшінші, осындай өзгерістер жоғары бі­лімнің болуына қарамастан, азаматтың не қызметкердің кәсіби немесе әлеуметтік функциясын атқара алмауына алып келуде. Бұл құбылысты «функционалдық сауатсыз­дық» деп атайды. Сонымен бірге, «функцио­налдық сауатсыздық» күшеюіне байланысты бірте-бірте дүниеде екі полюстің, жаңа технологияларды игере алатын және игере алмайтын елдердің то­бы қалыптасады деген болжамдар айты­луда. Мысалы, АҚШ-тың беделді «РЭНД Корпорейшн» зерттеу орта­лығы жасаған дүниедегі елдердің даму тенденциясын анықтауға арналған картада осындай бөлініс негізге алынған.
30 дамыған мемлекеттің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстанның үшінші модер­низациясы қазақстандық қоғамның жаңа менталдық моделін жасаумен қатар жүргізілуі тиіс. Модер­ни­зацияның негізгі мақсаты дамы­ған елдерде пайда болған үлгі­лерді қабылдау екендігі белгілі. Ағылшын ғалымы З.Бауманның пікірінше «дамыған қоғамдар жағдайында қа­лыптасқан жаңа ұғымдар мен когнитивті фреймдер дамушы қоғам­дағы жаппай еліктеушілікті тудырды. Алайда бұл жаңалық­тар «интел­лек­туалдық асси­ми­ля­цияны» талап етті. «Интел­лектуалдық асси­миляция» жоғары интеллектуалдық деңгейді талап етеді. Елік­теушілік пен көшіру өтпелі қоғамға тән құбылыс. Сон­дықтан тал­дамай,­бе­­йім­демей, түсінбей кө­ші­ру, көп жағ­дайда, сәтсіздікке алып келеді. Со­ны­мен бірге, модернизацияның кері жақтары да бар. Мақалада Елбасы осы факторға да ерекше көңіл бөлген. «ХХ ғасырдағы ба­тыстық жаң­ғыру үлгісінің бүгінгі заман­ның бол­мысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олар­дың өздеріне ғана тән қа­лыбы мен тәжі­рибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тари­хының тереңінен бастау алатын рухани коды болады» деп атап өткен еді.
Қазір ғылыми әдебиетте «рухани код» мә­селесі кеңінен зерттелуде. Мәдени және ру­хани код мәселесіне молекулярлық биоло­гиямен, генетикамен, семиотикамен айна­лысатын ғалымдар көп көңіл бөліп отыр. Мысалы, генетик Р.О.Солганик музыка­лық, гене­тикалық және тілдік кодтың бірлігі туралы идея ұсынды. Соған қара­ғанда белгілі бір ұлт өкілдерінің орга­низмінде ғасырлар бойы қалыптасқан ақпарат оны қоршаған ортамен байла­нысқа түсіре отырып, оның тіліне әсер етеді. Осы тұрғыдан келетін болсақ, онда қазаққа ғана тән «рухани кодтың мазмұны қандай?» деген сұрақ туады. Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан «рухани кодтың» маз­мұны жалпы қазақ ұлтының тәжірибесінің жиын­тығы және оның құрамдас бөлігі болып есептелетін әрбір ұғым-концепттің мазмұны мен құрылымынан құралады деп есептеуге болады. Тілді зерттеуші белгілі ғалымдардың бірі Гай Дойчер осыған байланысты мынадай мысал келтіреді. Ол «мәдениет» ұғымын түсіну өз мәдение­тіңізге байланысты дейді, яғни өз тіліңізде тұжырымдалған әрбір ұғымға байланысты анықтамалардың жиынтығы сол ұлттың мәдениетін көрсетеді және оның іс-әрекетіне бағыт береді деп есептейді.
Г.Дойчер ағылшындар мәдениетті «жақ­сарту, культи­вациялаудың нәтижесі» деп түсінсе, не­містер – «интеллектуалдық және көркем өнер саласындағы жетіс­тіктер», ал француздар «адамның білімін, ақыл-ойын дамытуға арналған құралдар жиынтығы» деген анықтамасын талдай отырып, әрбір ұлттың ғылым мен тех­никадағы, өнердегі жетістіктерін осы түсініктердің нәтижесі деп есептейді.
Екінші үлкен мәселе, жаңғырудың озық дәстүрлерге негізделуі. Мақалада «жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сы­нынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарт­тарына айналдыра білу қажет. Егер жаң­ғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп тұжырым жасалған.
Осыған орай, қазіргі кезеңдегі басты мәселе озық дәстүрлеріміздің жүйесі жа­салып, олар кеңінен насихатталуы қажет. Мысалы, үнемшілдік, қайырымдылық, үлкенге құрмет, отбасылық жауапкершілік және тағы бас­қалар. Нарықтық қатынастар мен жаңа құн­дылықтар адамдар қарым-қатынасында қа­талдықты қалыптастыра бастады. Бір отбасы мүшелері бір-біріне жаны ашымайтын құбылыстар көрініс бере бастады. Сондықтан құндылықтар жүйесі қайта қаралып, таразы­ланған құндылықтар қағидаға айналуы қажет.
Зерттеушілердің көпшілігі жапон қоға­мын­дағы жаңғырудың нәтижелі болуына оларға тән үнемшілдік пен әр адамның өз жеке тәртібін бақылаудың жоғары деңгейде болуы ерекше әсер етті деп есептейді. Ал енді «жапон менеджменті» деген атаумен эко­номикалық ілімге енген ұғымның астарында еңбек барысында дәстүрге негізделген сапаға ұжымдық бақылау жатыр.
Үшінші мәселе, тілдің ойлау жүйесіне әсері. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің ресми тілге айналу мәселесі күн тәртібіне қойылды және ол мәселе әлі күнге өзекті болып отыр. Алайда ескерілмей келе жат­қан мәселе: қаншалықты тіл ойлау жүйесіне, ал ойлау жүйесі іс-әрекетке негіз бола алады? Ғылыми жоба бойынша жүр­гі­зілген зерттеуде қазақ жастарында фраг­мен­тарлы немесе клиптік ойлау жүйесі күшейіп келе жатқанын байқадық. Фрагментарлы ойлау, яғни бөлшектелген ой, технологиялық секіріс­ке, экономи­калық дамуға, ұлттық сананың қалып­тасуына кедергі жасайтын фактор. Сондықтан бұл мәселе тілшілердің ғана мәселесі емес, бұл жалпы гумани­тар­лық ғылымдардың бірлесіп шешетін мәселесі.
Ал енді не атқара алдық, не ескерілмей қалды дегенге токталайық. Атқарылған шаруа жеткілікті. Жоспарлар жасалды, есеп берілуде. Жақсы бастамалар жет­кі­лікті. Алайда оның көпшілігінде форма­лизм басым. Сондықтан сананы өзгертуге арналған нақты қадам жүйесін қалып­тастыру қажет. Білім саласында шетелдік тәжірибені көшіруге машықтанып алдық. Алайда мазмұнды көшіре алмадық. Себебі, санадағы жаңғырусыз оны қабылдау қиындау. Телеарналар бұрынғы қалпында, жалпы өзекті мәселе БАҚ тарапынан көте­ріліп, талданып, шешімі ұсынылып жат­қаны шамалы. Өнер саласында да осындай жағдай. Жалпы қазіргі қазақ қоғамында жақсы идеялар көп, алайда оны жүзеге асырудың нақты жолдары терең талданып, мазмұны ашылып, ұсынылмай отыр. Қаржыландыру да сондай.


– Өткенсіз бүгін жоқ. Елбасы Н.Назар­баевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласының заңды жалғасы. Ендеше таяуда ғана жарияланған осы мақалаға тоқталсақ.
– Жалпы соңғы жылдарда жаңа қазақ­стандық идеологияның жаңа концепция­сын қалыптастыруға ұмтылып жатқа­нымыз байқалады. «Мәңгілік ел», «Ұлы дала» идея­лары да осыған мысал бола алады. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы сол «Ұлы дала» концептінің мазмұнын ашуға арналған. Ең басты түйін – Дала өркениетінің әлемдік мәдениетке қосқан үлесін анықтау және со­ның негізінде қазақ қоғамының бірегейлігін қалыптастыру және патриотизмді күшейту. Сонымен бірге, мақалада мәдени кодтың мазмұны ашылып отыр. Атқа міну, көне метал­лур­гия, ежелгі өнер мен музыка – бұл далалық мәдени кодтың құрамдас бөліктері. Се­бебі, мәдени кодты Р.Барт «ұжымның мә­дени тәжірибесінің, мәдени мотивте­рінің жиынтығы» деп есептейді.
Мақалада осы тарихи жетістіктердің заман талабына сай сұранысқа ие болуы туралы нақты тапсырма берілді және «тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қо­йылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» деген тұжырым жасалды. Мақалада тарихтың кино мен телеви­дениедегі көрінісін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген.
– Мемлекет басшысы «Рухани жаң­ғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді» деген болатын. Тарихи мол мұрамыз цифрлық өркениеттен қаншалықты орын алып отыр?
– Қазір шет елге шығу әдеттегі жағдайға айналды. Бірақ қай елге барсаңыз да өз та­рихын ашып көрсететін тарихи ескерт­кіштерін алға тартады. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласында тарихи мұраның түсі­нік­ті және сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету туралы тап­сырма берілген болатын. Министрліктер мен аймақтар бұл тапсырманы орындауға кірісіп кетті деп айтуға болады. Жақында Алматы қаласының әкімі Б.Байбек Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының оңтүстік аста­надағы өкілдігінің ашылуына орай жасаған кездесуінде тарихы мол мұраны цифр­ландыру арқылы туризмді дамытуға байланысты қала жоспарымен таныс­тырды. Бұл жоспарда Сақ қорғандары, Этноленд кешені мен Сақ музейі Алма­тыны әлемдік туристік орталықтарға ғана айналдырып қоймай, көне жәдігерлерді ұлттық мақтаны­шымызға көтеруге болатынын көрсетті. Менің ойымша, бұл жоспар тарихы мол мұрамыздың цифрлық өркениеттен өз орнын таба алатынын көрсетеді. Осындай жобалар Қазақ­станның бірталай тарихи орындарында, яғни Тараз, Түркістан қалаларында қолға алынып жатқаны белгілі. Сонымен бірге, Мәдениет және спорт министрлігі де кешенді шараларды жоспарлап отыр. Жалпы шетелдіктерді бүгінгі таңда әрбір ұлттың ерекшелігі қызықтырады. Біртектес қала мәдениетінен шаршаған адамдар із­дегенін дала мәдениетінен тапқысы келеді.


– Тәуелсіздіктің тұғыры биік болуы үшін ел егемендігін алғалы көптеген іс тынды­рылды. Жетістіктеріміз де аз емес. Тарихқа айналған 27 жылдағы басты жетістіктерімізге тоқталсақ. Немен мақтана аламыз? Алдағы уақытта неге мән беру керек?
– Тәуелсіздік ұғымының мазмұны мен құрылымы күрделі. Бірінші, тәуелсіз шешім қабылдау негізінде басқарылатын территория. Н.Назарбаевтың шебер сая­сатының нәти­жесінде бүгінде Қазақстан шекарасы анық белгіленіп, әлемдік саяси кеңістікте танылған, даулы жерлері жоқ мемлекет. Яғни осы нақты белгіленген тер­риториядағы жоғары билік өз қолымызда.
Екінші, жоғары билікті жүзеге асы­рушы билік тармақтарының дербес, шет елдерге тәуелсіз қызметі, яғни заң шы­ға­рушы, атқа­рушы және сот билігінің дер­бестігі. Үшінші, тұрақты әскер. Төртінші, өзінің валютасы бар дербес экономикалық жүйе. Көріп отыр­ға­нымыздай, тәуелсіз мемлекеттің барлық бел­гілеріне қол жеткіздік. Ал енді алдағы уақыт­тағы басты міндет, менің ойымша, білім жү­йе­сінің сапасын көтеріп, жоғары білікті ма­мандар санын арттыру. Екі алып держа­ваның ортасында орналасқан Қазақстан Син­гапур, Оңтүстік Корея сияқты тек эко­но­микалық жетістіктерімен ғана әлемдік қауымдастықтың толыққанды, беделді мүшесі бола алады. Бедел мен танымал­дықтың астарында үлкен сыр бар. Ол – ұлттың қауіпсіздігі.
Ғаламдастыру қазір екі бағытта жүзеге асуда. Біріншісі, экономикалық шаралар арқылы ассимиляциялау. Қазіргі әлемде экономикалық экспансияның нәтиже­сінде көптеген мемлекеттер трансұлттық корпо­рациялар мен кредит берген ел­дер­дің ық­палынан шыға алмай отыр. Ал, екін­шісі тіл арқылы. Ағылшын тілін жақ­сы меңгеру – көп­теген елдердің аза­мат­тарын «әлем аза­матына» айналдыра бас­тады. Ғылыми және қаржы элитасының шет елдерге кетуі де мемлекеттің әлеуетіне әсер ететіні белгілі. Заман ағымы асау өзен секілді, байқамасаң батырады, жолды білмесең шатқалға соғады.
– Қазіргі таңда Қазақстан үлкен саяси мәселелерді талқылау алаңына айналып отыр. Бұған соңғы жылдары Астанада өткен жиындар дәлел. Осы ретте Қазақстанның әлем алдындағы беделіне, орнына тоқтала кетсек.
– Әлемге танымал болудың мақса­ты – халықаралық жүйеде өз орнын табу ғана емес, сонымен бірге, өз мүддесін қорғай білу. Қа­зақ­станның бастамасымен жүйелі түрде өткі­зіліп келе жатқан Әлемдік діндер съезі, Си­риядағы азамат соғысын тоқ­татуға бай­ла­нысты Астана келіссөзде­рі – бұл шаралардың барлығы тәуелсіздіктің жемісі. Сонымен бірге, бұл шаралар жас мемлекетті әлемдік жұртшылыққа таныс­тыруға да мүмкіндік беріп отыр. Қазақ­стан­ның бітім­герлік саясаты бір­тіндеп онымен санасатын деңгейге жетіп қал­ды. Ресей мен Түркия арасындағы жан­жалға бітімгерлік жасаған Астана ұтпаса, ұтылған жоқ.
Бүгінгі таңда Қазақстан әлемге таны­мал, халықаралық аренада белсенді БҰҰ мүшесі.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Дереккөз: Айқын