Ұлт тарихы туралы толғаныс
Ұлт тарихы туралы толғаныс
Тәуелсіздіктің арқасында бүгінде қазақ халқы өзінің терең тарихын, рухани құндылықтары мен мұраларын қалпына келтіруде. Себебі отарлық езгі заманында қазақты тұқырту, қорлап, бағындыру мақсатында ел тарихының шындығы бұрмаланды, көп тақырыптар мүлдем жабық болды. Еуроцентристік ойлау жүйесі қазаққа барша білім, мәдениет пен өнер белгілері орыстар мен Батыс халықтарынан келді деген қағиданы мойындатуға тырысты.
Алайда, тарихи шындық мүлдем басқаша болатын. Елбасы өз мақаласында осы олқылықтың орнын толтыруды тарихшылар қауымына тапсырды. Халықты тарихи шындықпен тәрбиелеу, ұлт тарихын мифтендірмей, ақты — ақ, қараны — қара деп бағалау арқылы ғана халықтың тарихи коды жаңғырады, мәдени-саяси санасы қалыптасады. Қазақ халқының ұлттық топтасуының, бірегейленуінің нығаю процесі де оның тарихи санасының жаңғыруына тәуелді. Халықтың руханилығының күшеюі түптің түбінде мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің нығаюына, халықтың әлеуметтік белсенділігінің артуына және экономикалық реформалардың баянды жүруіне оң ықпалын тигізетіні даусыз. Сондықтан Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласында көтерген мәселеленің, айтылған идеялардың бүкіл Қазақстан қоғамы үшін маңызы зор. Мақалада көрсетілген міндеттерді шешу ел тарихшыларынан, әдебиетшілерінен, өнертанушылары мен киногерлерінен жаңа ізденістерді, маңдайтерді талап етеді. Олар Ұлы даланың орны мен рөлі туралы тарихи шындықты әлемдік тарихта, мәдени-ақпараттық кеңістікте қалпына келтіруге міндетті. Ұлы даланың халқы туралы тарихи шындықтың қалыптасуы әлемдік тарихи ойдың дамуына өзгерістер мен жаңалықтар әкелетіні ақиқат.
Бүгінгі қазақ халқының бабалары ықылым замандардан бермен қарай осы ұлан-байтақ жерді мекен етті. Қаншама жаулап алушы мемлекеттер биліктерін жүргізбек болды. Олармен азаттық жолындағы күрестер бір сәт те толастаған жоқ. Протоқазақтардың мемлекеттілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасты. Алғашында көне тайпалық одақтар сақ, скиф, массагет, ғұн, сармат, үйсін, қаңлы тайпалық одақтары негізінде Кангю (Қаңлы) мемлекеттік бірлестігі пайда болды. Бұл мемлекет жартылай отырықшы ел еді. Осымен қатар Құшан патшалығы, Ғұн империясы сияқты қуатты мемлекеттер құрылды. Б.з.д. V-III ғасырларда және б.з. V-III ғасырларында қазақ халқының негізін қалаған тайпалық одақтар өз мемлекеттерін құрып ешкімге дес бермеді. Ал VI ғасырда олар қуатты Түрік қағанаты құрамына еніп жарты әлемді бағындырды. Орта ғасырларда қазіргі Қазақстан жерінде көптеген мемлекеттер болып, XIII ғасырда қазақ жері Ұлы Моңғол империясының құрамына енді. XV-XVIII ғасырлар арасында жеке Қазақ хандығы өмір сүрді. Бүгінгі қазақ ұлтының этногенетикалық тегінің, тілінің, салт-дәстүрлерінің, діні мен төл мәдениетінің қалыптасу үдерісі іске асты.
Қазіргі бар қазақ ұлтының негізгі құндылықтары мен ұстанымдары Қазақ хандығы деп аталған мемлекеттің болуының нәтижесі екендігі бұлтартпас шындық. Демек қазақ халқының табиғи даму процесі сан ғасырлар бойы үзілмей, өзге ұлттармен қатарласа дамып отырды. Оның түрлі мемлекеттік құрылымдары болды. Болған мемлекеттер көрші елдермен тең дәрежеде қарым-қатынастар орнатты. Әлем халықтарына өзінің материалдық және мәдени үлгілерімен ықпалын тигізді. Өкінішке қарай, осындай эволюциялық үдеріс Ресейдің отарлық езгісіне түсумен тоқтап қалды. Қазақ халқы әлемдік өркениеттер дамуының соңында қалып қойды. Отарлық қанау қазақты демографиялық, рухани, мәдени дағдарысқа түсірді, жерінен және дәстүрлі өмір сүру мәдениетінен айырды. Қазақ тарихы империя тарихының көлеңкесінде қалды. Қазақ ұлты екінші сортты, барлық жақсылықтарды отарлаушылардан үйренген жабайы халық болған деген пікір қоғамдық санада басымдыққа ие болды. Қазақ халқының өз тарихын, рухани құндылықтарын зерттеуде және ұлықтауда кенжелеп қалды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты 2017 жылы сәуір айында жарық көрген мақаласынан басталған Қазақстан қоғамын рухани жаңғырту үдерісі сананы, тарихты, мәдениетті, білім мен өнер салаларын отарсыздандыру процесіне жол ашты деп айтуымызға болады. Қазақ тарихын отарсыздандыру ісін Елбасының «Егемен Қазақстанда» жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы тереңдете түседі. Мақалада қазақ халқы өзі жүріп өткен тарихи жолда әлемдік өркениетке қомақты үлес қосып келгендігі нақты мысалдармен дәлелденеді.
Біздің бабаларымыздың әлем халықтарына ұсынған үлкен жетістіктерінің бірі жылқыны қолға үйрету, оның ер-тұрманын жасау болғандығын бүгінгі этнология ғылымы дәлелдеп отыр. Бұл құбылыс шамамен 6,5 мың жыл бұрын іске асырылған. Атта отыру мәдениеті жетіліп, бабаларымыз үзеңгіні пайдаланған. Осы жаңалық оларға атқа мініп алыс сапарларға шығуға, жылқыны соғыстарда жылдам қозғалыс құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік берген. Жаугершілік замандарда соғыс өнерін жетілдіруде протоқазақтар қайқы қылышты да жасап пайдаланған. Өмілдірік пен құйысқанның жасалуы жылқы мінген адамды нағыз мығым, қылышты, садақты, найзаны, шоқпарды еркін ұстап, соғыса алатын жеңімпаз жауынгерге айналдырды. Басқа халықтар біздің бабалардың осындай жаңалықтарын түрлі өзгерістер енгізіп, жетілдіріп сан ғасыр пайдаланды.
Президент Ұлы даланың бір қырының ғана әлемдік өркениетке берген үлесінің қаншалықты пайдалы және маңызды болғандығын айтып отыр. Ұлы дала жай дала емес, оны мекен еткен қазақ халқы жай халық емес, ол ешкімнен артық та, кем де емес деген қағидаттық ойды Елбасы жан-жақты негіздейді. Тіптен қазіргі металлургияның басталуы ежелгі түркі халықтарының жаңашылдығына байланысты екен. Осының барлығы сөзбен емес, қолымызға ұстаған археологиялық артефактілер арқылы дәлелденіп отыр. Ұлы даламыздың үшінші қыры «аң стилі». Көне түркілер табиғат, қоршаған орта әлемімен тамаша үндестікте өмір сүре білген. Олардың жоғары деңгейдегі экологиялық мәдениеті қалыптасқан. Әлемдік экологиялық сананың отаны түркі халықтары деп айтсақ та мақтанып кетпейміз. Төртінші қырымыз – «Алтын адам». 1969 жылы Есік қорғанынан алтындалған киім киген жас патшаның табылуы әлем ғалымдарына сенсация болды. Содан бері Шығыс Қазақстандағы Шіліктіден, Тарбағатайдан, Орталық Қазақстандағы Қарқаралыдан, Батыстағы Атыраудан осындай таңғажайып алтындалған киімдермен патшалар қорымдары ашылды. Демек ғасырлар бойында, мыңжылдықтардың алмасуы кезеңінде қазіргі Қазақстан жерінде басқа көне халықтардың даму деңгейі жетпеген мемлекеттер болғаны шындық. «Алтын адаммен» бірге қойылған заттардың, құрбандық ретінде жерленген жылқылардың ер-тұрмандарының безендірілуі, табыттарда салынған суреттер мен бейнелердің терең мағыналылығы бүгінгі зерттеушілерді таңдандыруда. Осы археологиялық жаңалықтар өркениет тек Батыстан басталады деген тезистің жаңсақтығын нақты дәлелдейді. Дұрысы, өркениеттердің ықпалдасуы тезисі болса керек. Біз Батысқа көп нәрсе бердік, үйреттік, соңғы ғасырларда Батыстан көп нәрсені алып, үйреніп жатырмыз. «Түркі – әлемнің бесігі» деп Елбасы Ұлы даланың алтыншы қыры туралы осы ойды айтып отыр. Қазақ жерінің геосаяси, геоэкономикалық орнын Президент Ұлы далаға «Жібек жолының» ықпал етуімен сипаттайды. Өркениеттер мен ірі мемлекеттердің мүдделерінің қиылысында тұру түркі халықтарына, одан кейінгі қазақ халқына аса зор жауапкершілікпен қатар, түрлі қайшылықтар мен қиыншылықтар әкелді. Бүгін өткен тарихтан сабақ алып ел дамуындағы осы ерекшеліктердің барлығын пайдамызға асыруымыз керек. Ұлы даланың жетінші қырын «Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны» деп көрсетіпті Елбасы. Қазақ елінің табиғат әлеуеті үлкен. Бүгінгі ұрпақ соны іске жарата алса әлемдік нарыққа ұсынарымыз көбейеді, ел халқының өмір сүрген ортасы неғұрлым қолайлы бола түседі.
Елбасы Ұлы даланың жеті қырын жарқыратудың нақты жолдарын көрсетіп, ғалымдар қауымына тапсырмалар береді. Бұл жұмыстар ел халқының тарихи санасын жаңғыртуға, қоғамның рухани жаңғыруының тереңдеуіне, тәрбиенің, білімнің, мәдениеттің жақсаруына игі ықпал ететіндігіне сенім зор.
Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/