Ұлт руханиятының бағдары
Осыдан он төрт жыл бұрын Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру Қазақстан тарихындағы шын мәнінде жемісті гуманитарлық акция болды. Отандық мәдениет пен ғылымды жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін жаңа құнды тәжірибе жасалды. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, айрықша маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Өңірде Абылай хан резиденциясы музейінің ашылуы, өлкетану музейінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, «Қызылжар» орталық мешіті мен Вознесение храмының салынуы айтарлықтай оқиға болды. Ұлттық мәдениет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесін қорыту, әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын құру жөнінде кешенді шаралар атқарылды. Жергілікті ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар алыс және жақын шетел архивтерінде болып, құнды деректер жинастырды. Нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты көптеген мәлімет әкелінді. Яғни, бұрын белгісіз болып келген архив деректері елімізге жеткізілді. Оның бір мысалына М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың профессоры Зарқын Тайшыбайдың «Қазақтың ханы Абылай» атты екі томдық жинақ құрастырғанын айтуға болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері» интерактивті картасы жасалып, кең көлемді зерттеулер жүргізілді. Бүгінде оның құрамына жиырмаға жуық тарихи ескерткіштер енгізілсе, алдағы уақытта ауқымы ұлғая түсері сөзсіз. Халқымыздың баршаға ортақ қасиетті жерлерінің біртұтас желісін жасау арқылы өскелең ұрпақ бойына ұлттық мақтаныш сезімін ояту міндеті Елбасымыздың ұлт руханиятының басты бағдары іспеттес «Ұлы даланың жеті қыры» атты мағынасы зор, мазмұны терең мақаласында ерекше атап өтілді. Бүгінде жұртшылықтың үлкен қолдауы мен айрықша ілтипатына ие болған мақала ата-бабамыздан мирас ретінде қалған өшпес рухани мұраларымызды қайта жаңғырту бағдарламаларын ұсынумен айрықша маңызға ие.
Осы орайда зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Дала өркениетінің құдіреті» атты өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәдени-тарихи мұраның мәні, түркі өркениеті, Ұлы даланың қаһармандары, тағы басқа келелі мәселелер бойынша тағылымды ой-пікірлер бөліскенін айта кеткен жөн. Оның ішінде «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын жүзеге асыру және оның шеңберінде тарихи құнды жәдігерлерді цифрландыру жайын жиналғандар мақұлдады. Жоғарыда айтып өткенімдей аймақтағы киелі нысандардың ең көнесі – Ботай қонысы. Онда жүргізілген қазба жұмыстары жылқының алғаш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін өркениетті елдер түгел мойындаған. Осы аралықта қамтылатын арғы, бергі өркениетімізді жас буын біліп өсуі тиіс. Өйткені, тарих қойнауында әлі беймәлім жатқан құнды дүниелерді айтпағанда барды бағалай білудің өзі – үлкен ерлікке пара-пар. Қаншамасы архив сөрелерінде зерттеушілерін күтіп, шаңға көмілген күйі жатыр десеңші! Оларды айналымға түсіруге, біріздендіруге, көпшілікке ұсынуға қазірден бастап қам жасауымыз керек. Ол үшін озық технологияларға арқа сүйеуден ұтарымыз көп болмақ. Бұған дейін 2740 тарихи құжат цифрландыру жүйесіне көшірілсе, «электронды архив» қатарына тағы 1484 жәдігер қосылды. Олардың қатарында Абылайханның резиденциясы, Сырымбет усадьбасы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Байқара қорғаны, тағы басқа еңселі ескерткіштер бар.
Ел тарихында бүгінгі ұрпақ мақтана алатын қасиетті де киелі жерлер көп. Сонау қадым заманнан бастау алатын санғасырлық мұраларымыз әлемдік бірегей өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқаны талассыз. Мұның бәрі ой елегінен өткізуді, терең зерделеуді қажет етеді. Құнды жәдігерлеріміздің қолжетімділігін қалыптастыру, архив қызметкерлері алдына келелі міндет жүктеп отыр.
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивтің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты
Петропавл
Дереккөз: http://egemen.kz/