Ұлт қайраткерінің есімі ұмытылмаса екен
Тау тұлғалы ағамыздың мағыналы ғұмырын, қаламгерлік қуатын егемендігімізден бөле-жара қарауға болмайды. Өршіл рухқа толы болмыс-бітімі, ұлттық мүдде сынға түскенде ешнәрседен де тайсалмайтын жүрек жұтқан батырлығы жас буынға үлгі етілсе, тәуелсіздігімізді аспаннан жауған тегін құймақтай көретіндерге үлкен ой салар еді. Ешкімге ұқсамайтын, өзгелерден ерекшеленіп тұратын кемел күрескерлік, ұлтжандылық қасиеттері жайлы аңызға бергісіз әңгімелер ел ішінде әлі күнге дейін айтылады. Оның бір мысалы төмендегідей. Егемендігіміздің елең-алаң шағында Қызылжар өңірінде де саяси сахнадағы талас-тартыстардың қызып тұрған шағы еді. Өздерін «ұлт» ретінде санап, осы жердің егесіндей кеуде қағып жүретін казактар тәуелсіздікке қарсылық ретінде рұқсат етілмеген митинг өткізілгелі жатыр деген шұғыл хабар тиісімен ат төбеліндей ұлт жанашырлары саяси-ағарту үйіне суыт келген. Қарақұрым топтың қолдарын оңды-солды сілтеп, екілене, лепіре сөйлеулеріне қарағанда қайтсе де жеңістік бермейміз деген сияқты әумесер қылыққа әбден бой алдырғандай. Осы кезде Мәкеңнің қырағы көзі әлдебіреудің КСРО-ның қызыл туын қадай бастағанын байқап қалып, әнтек қимылмен қасына жетіп барған. Туды қолынан жұлып алып, лақтырып жіберген. Қазақ-орыс арасында беделді, өзін сыйлата да, тыңдата да білетін, күндей күркіреген даусы бар ағамыздың мысы басқан болу керек, туды жерден көтеруге ешкім тәуекел ете алмаған. Сол-ақ екен, жиыннан да береке кетіп, ұйымдастырушылар мақсаттарына жете алмаған күйі тарасып тынған.
Жарық күнде жарқ ете қалған найзағайдай әсер ететін мақалаларын қауым тағатсыздана тосатын, іздеп жүріп оқитын. Мына бір оқиға жадымда жатталып қалыпты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары облыстық «Ленин туы» (қазір «Солтүстік Қазақстан») газеті редакциясына бір бейтаныс кісі келді. Әбден шаршағаны жүзінен де, ілби басқан жүрісінен де білініп тұрды. Сөйтсе, әділдік іздеп барған емен есіктегілер допша қақпақылдап, бір-біріне сілтеп, әбден қажытқанға ұқсайды. «Маған Мәлік деген журналист керек еді» деді бәсең үнмен екі бүктетілген күйі орындыққа отыра беріп. Ұзын сөздің қысқасы, екі тілге бірдей жүйрік Мәкең қолдан жасалған небір кедергілерге қарамастан «Прокурордың келіні асылып өлді» деген мақаланы орыс тілінде де жариялап, табанынан таусылған қарияның үміт отын қайта жаққан еді. «Қазақ тілі» қоғамы жанынан қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Қызылжар» газетінің беттерінде жарияланған «Из «демократов» – в сексоты», «Разговор на чистоту с коллегой», тағы басқа мақалаларын орыс жұртшылығы іздеп жүріп оқыды. Ал «Араздықты қоздырудың тағы бір түрі» деген мақаласы менменсіген талайлардың аптығын басқан, ауыздарына құм құйған. Оның соңы «Сібір казактарының жерлестігі» ұйымын тіркеттірмеуге әкеліп соқтырған.
– Мәкеңнің азан шақырып қойған аты – Майдан. Әкесінің қарулас досы «Қызыл армия жаппай шабуылға шықты. Бұл баланың аты Майдан болсын» деген екен. Ақтық демі таусылғанша мәңгілік майдан күресінде жүрді. Көзі тірісінде екі ғана марапат бұйырыпты. Журналистер одағының сыйлығы осы саладағы қажырлы еңбегі үшін тапсырылды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталушылардың тізіміне егемендікке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шенеуніктердің, тіпті қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге қасарыса қарсы шыққандардың еніп кеткенін аймандай әшкерелеп, «Егеменнің» бетінде «сойып салған».Тәуелсіздікті нығайту жолында қаламымен қайрат көрсеткен Мәкеңнің төсіне мерекелік медальді «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығы таққан болатын.
Ең зор ілтипат – халықтың құрметі. Дегенмен ұлт мүддесі үшін сіңірген ұшан-теңіз игі істерін жергілікті биліктің ескермей келе жатқаны қынжылтады. Аласапыран уақытта елім, жерім деп жүректері лүпілдей соққан қызылжарлық патриоттардың алдыңғы легінде Мәкеңнің көш бастап жүргенін олардың білмеуі мүмкін емес. «Алуа – менің айдыным» жинағына топтастырылған естеліктер бөлімінде ол жөнінде тайға таңба басқандай етіп жазылған. Кейбірін келтірейік.
Қуат Есімханов, қоғам қайраткері:
– Қандай мәселені көтерсе де одан нәтиже шығармайынша, жеріне жеткізбей қоймайынша табандылық көрсететін адам еді. Ана тілі мен рухымыздың жоқшысы, жанашыры ретінде де теріскей өңіріндегі қазақ тілінің жағдайы мен халықтық намыс, ұлттық рух жағы көш кейін қалып қойды деп ашық айтып жүрді.
Сабыр Сеңкібаев, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты:
– Бір сессияда облыстың сол кездегі әкімі В.Гартман есеп беріп: «Жылу жоқ, газ жоқ, көмір жоқ, ақша жоқ, қайдан алуды білмейміз» деп жылаңқылана бастап еді, Мәлік орнынан атып тұрып: «Онда сіз бұл жерде не қылып тұрсыз, бұл сөзді сол ТЭЦ-тің кочегары да айтып береді. Халықты қараңғылықта тоңдырып-жауратып отырған, қолынан түк келмейтін сіздердей басшыларды соттау керек», деп үнін өшіріп еді.
Жақсыбай Самрат, жазушы:
– Солтүстіктегі жілігінде намысы, қанында ұлттық сезімі бар қазақ атаулының бәрі Мәкеңнің төңірегіне топтасқан еді еліміз тәуелсіздік алған жылдары…Табанды күрес жүргізе білген Мәкең аты бүкіл республикаға белгілі болған арандатушы Супрунюк дегенді де екі жылға соттатып тынған болатын. Сөздері мен дәлелдері судьяны бұлтартпай тастаған. «Егер Супрунюк осы жолы әділ жазасын алмаса, онда оның айтып жүргендері сіздіңше дұрыс болғаны. Сіз де соны мойындағаныңыз. Сіз де «қазақтың тілі жабайылардың тілі, өздері нас, надан» деп санағаныңыз» деген еді. Сөйтіп, бұған дейін екі рет сотқа тартылса да аман кеткен жәдігөй ақыры темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан.
Осы айтылған пікірлер орны бөлек, білімі жан-жақты тұлғаның кесек мінезін айғақтап тұрғаны анық.
Өкінішке қарай, білікті де кәсіби қаламгердің шығармашылығын айтпағанда ел мүддесі жолындағы қаһармандыққа толы жанкешті күресін жас буынның білмеуіне қарағанда аты ұмытылып, есімі көмескілене бастағандай күй кешетініміз рас. Сондықтан да көшеге есімін беру, ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнату, басқа да ұлықтау шараларына бірінші кезекте халық қалаулылары араласып, бастамашы болғаны жөн. Облыстық мәслихаттың депутаттығына екі рет сайланған әріптестерінің халық аманатын қалтқысыз атқарған игі істерін насихаттап, тәжірибеге айналдырса, көрсетілген көп құрметтің бірі емес пе? Өздеріне берілген құзыреттер аясында жергілікті билікті де иілтіп, дегеніне көндірер еді. Екіншіден, жас қаламгерлер үшін Мәлік Мұқанов атындағы арнайы сыйлық белгіленіп, баспасөз мерекесі қарсаңында тапсырылса, қандай ғанибет. Білім ошақтарына мәліктану дәрісін енгізу, артында қалған мол шығармашылық мұрасын зерделеу, арнайы тақырып ретінде зерттеу, жинақ етіп бастыру – келешектің ісі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/