Ұлт мүддесінде ұлы және кіші істер болмайды
Қаңтар қасіреті Отаным – Қазақстан, жүрегім – қазақ деп соғатын ешбір жанды бейжай қалдырған жоқ. Бұл оқиғадан дәл қазір ой түйдік деп айту қиын. Егер қандай да бір қорытынды жасаған болсақ, оның өзі де соңғы қорытынды, соңғы ой-түйін деп айту қиын. Ең бастысы, осындай сын сәтте Мемлекет басшысы батыл қадамдар жасап, ел тыныштығын сақтауға бар күш-қайратын жұмсады.
Әрине, бұл оқиғаны қорытындылап, бағасын дәл қазір не ертең беру оңай болмас. Бұған біріншіден уақыт керек. Екіншіден, терең талдау керек. Сол кезде барып біз бұл оқиғаның еліміздің болашағы үшін, еліміздің тарихы үшін маңызы қаншалықты екенін түсінетін боламыз.
Бұл оқиғалардың ар жағында тұрған саяси себептерді талдауға менің маман ретіндегі құзырым жете қоймас. Бірақ осы оқиғалардан шығатын қорытынды – біз барлығымыз бір елде тұрып жатқан соң барлығымыздың тағдырымыз бір-бірімізге тығыз байланған. Осы жағдай біздің біртұтас ел екенімізді көрсетті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы босқа кетпегенін түсіндік. Егер біз біртұтас болмасақ, онда халықтың кішкентай тобындағы әлеуметтік мәселе бүкіл елде мұндай резонанс тудырмас еді. Бұл біртұтас халықты басқару үшін де оның ұлттық санасын, ұлттық жадын, ұлттық ділін қадірлейтінін түсінетін, бағалайтын саяси элита аса қажет екенін түсіндік.
Тағы бір түсінген үлкен мәселе – Қазақстанда әлеуметтік проблемаларды ортаға қойып, әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап етіп отырған топтар қазақ тілділер екені айқын көрінді. Демек, бұл проблеманы зерттеу керек.
Әлеуметтік мәселелер неге қалаларда көтерілді? Өйткені қазақ халқы қалаланып жатыр. Қалалану, урбанизация кез келген ұлттың ұлттану үдерісінің ажырамас бөлігі. Қалаланып, үлкен мегаполистерде экономикалық жағынан үлкен қауымдастықтардың басын қосатын ірі елдімекендерде жүретін процестер ғана ұлтты шыңдайды, ұлттың басын біріктіреді, ұлттық бірегейліктің мықты катализаторы болады. Мұны адамзат тарихынан жақсы білеміз.
Ал енді Қазақсандағы қалалану үдерісі қалай жүріп жатыр? Қала мен ауылдың арасындағы теңсіздікті жою үшін мемлекет тарапынан қаншама бағдарламалар, шаралар қолданылды. Бірақ қалалану үдерісі тоқтаған жоқ. Сондықтан ішкі миграция мәселелеріне көңіл аударып, соның ішінде ауылдан лек-легімен қалаларға жақсы жағдай, жұмыс іздеп келіп жатқан біздің отандастарымыздың жағдайын жасау керек.
«Қаңтар қасіреті» сырт көзбен қарағанда бірақ күнде бұрқ ете қалған оқиғаға ұқсас болғанымен, бұл талай жылдан бергі қордаланған ұлттың мәселесі. Осы оқиғалардың қанды қақтығысқа айналуының әлеуметтік себептерімен қатар, идеологиялық себептері жоқ емес. Бұл елімізде ғылымға көңіл тиісті деңгейде бөлінбегенінің салдары болып отыр. Сарапшылар, ғалымдар қоғамдық сананың мықты бір элементі ғылыми сана екенін айтады. Ғылыми санасы жаппай дамымаған ортада сол ғылыми сананың орнын экстремистік санадағы әсіреседіншіл диструктивті бағытқа жетелейтін идеология жаулап алады. Сондықтан біз мықты мемлекет боламыз десек, ғылымды ғылыммен айналысатын зиялы қауымның ғана игілігіне жаратпай, жалпы халыққа түсінікті тілмен қажетті форматта таратып отыруымыз керек. Ол үшін не керек? Ең бірінші кезекте тіл керек. Себебі бір тілде сөйлейтін қауымдастық, коммуникацияны бір тілде жүзеге асыратын қоғам тез бірегейленеді. Мемлекеттік бірегейлік ондай қоғамда мықты болады.
Тағы бір мәселе, саяси элита өзінің қоғамды басқарудағы әрбір қадамын жасағанда, шешімін шығарғанда сарапшылық топпен әсіресе ғылыми ортадан қалыптасқан сарапшылар қауымы мен бірлестіктерде үлкен талқылаулар өткізу қажет. Кәсіби құзыреттілігі жоғары мамандармен бірлесіп талдап, солардың шешімі мен кеңесімен жүргізу керек еді.
«Тас жүрген жеріне ауыр» дегендей, біз қалай болғанда да бұл оқиғаны басымыздан өткерген соң одан өзіміздің болашағымыз дұрыс болатындай мықты қорытындылар шығаруымыз керек деп ойлаймын. Мұндайда «Бірлігі бекем елдің белін ешкім сындыра алмайтынын» ескеріп, Мемлекет басшысының айналасына топтаса білгеніміз маңызды. Ең алдымен жаман қасиеттерден арылу мен жауапкершілік туралы ойлауымыз керек. Ұлт мүддесі үшін, ел мүддесі үшін ешқандай да ұлы және кіші істер болмайды. Ұлтқа пайдалы болса, зәредей де жұмыстың мәні өте зор. Сондықтан әрқайсымыз өз саламызда үлкен жауапкершілікпен, өзімізге тиесілі істі тиянақтап, абыроймен атқаратын болсақ, менің ойымша қазіргі сәтте одан артық дұрыс шешім жоқ деп есептеймін. Сонда ғана біз жаңарған, жақсы ел боламыз деп ойлаймын.
Қазіргі жағдайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да халыққа үндеулерінде көтерілетін негізгі идея осы жауапкершілік. Сондықтан Президентіміздің осы идеясын әрқайсымыз жүрегімізбен сезінуіміз керек.
Анар ФАЗЫЛЖАН,
А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры,
филология ғылымдарының кандидаты