Үлескерлер салынбаған үйге құйған ақшаны қайтарып беруді талап етті

0

16 қаңтарда Нұр-Сұлтанда «Тельман парк» тұрғын үй кешенінің үйсіз қалған үлескерлері баспасөз мәслихатын өткізіп, биліктен проблемаларына назар аударуды талап етті. Үлескерлердің айтуынша, алты жылдан бері қаланың сырт жағындағы аумаққа бір қабырға да тұрғызылмаған.

Үлескерлердің бірі Дәурен Ғабдулланың айтуынша, соңғы екі-үш жыл ішінде жиналған 23 үлескер салынбаған үй құрылысы үшін төлеген 380 миллион теңгесін қайтара алмай жүр. Оның сөзіне қарағанда үлескерлердің «Сұңқар 777» құрылыс компаниясының үстінен топ болып түсірген арыздарына құқық қорғау орындары назар аудармай келеді. Былтыр бірнеше рет қозғалған қылмыстық істер де жабылып қалған.

Үлескерлер көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Е.Өтегенов берген жауапта «қылмыс құрамы болмағандықтан істің 4 желтоқсанда тоқтатылып, қайта тергеуге жіберілгені» айтылған. Бірақ үлескерлер қылмыстық істің тоқтатылғанын айтады.

Ақшаны қайтаруды талап еткен үлескерлер тұрғын үй кешенінің 2014 жылы «Турин кварталы» деген атпен сатылып, кейін арыз шағым көбейген кезде «Тельман парк» тұрғын үй кешеніне айналғанын айтады.

— Неге бұл кешен проблемалық деп танылмайды? Оған әкімдік те араласпай отыр. Алаяқтық жасады деген айыппен қаншама құрылыс компанияларының иелері тұтқындалса да, «Сұңқар 777» компаниясының басшылығы кез келген жазадан құтылып кетеді, — деді үлескерлердің бірі Сағындық Бекбауов.

Үлескерлер митингіге шығуға арыз бергенімен жергілікті билік төрт рет рұқсат беруден бас тартқан. Олар баспасөз жиынына қатысқан Нұр-Сұлтан қалалық сәулет құрылыс бөлімінің қызметкері Дәулет Рысқұловтан көмек сұрады.

— Тұрғын үй кооперативін құрып мәселені шешу керек. Әкімдік бұл құрылыс компаниясын проблемалық деп тани алмайды, себебі ол аз қабатты үй салуды жоспарлаған. Бұл құрылыс компаниясы мен үлескерлердің мәселесі, — деді Дәулет Рысқұлов.

Азаттық тілшісі «Сұңқар 777» компаниясының басшылығына хабарласқанмен нақты жауап ала алмады.

Нұр-Сұлтанда тұрғын үй құрылысы көптеп салынғанымен мәселе әлі күнге дейін түбегейлі шешілген жоқ. Жергілікті биліктің дерегінше, қазір Нұр-Сұлтанда билік «проблемалық» деп таныған құрылысы аяқталмаған 45 тұрғын үй кешені бар. Қаражат салып, не баспанасыз, не ақшасыз қалған үлескерлер проблемасы 2010 жылдан бері көтеріліп келеді.

Қарай отырыңыз: Нұр-Сұлтанда ондаған наразы үлескер жоғарғы сот алдына жиналды (Шілде айы, 2019 жыл).

Azattyq