Үлескерлер, борышкерлер мен сот шешіміне наразылар бірікпек

0

14 ақпанда Нұр-Сұлтанда үйге ақша салып баспанаға қолы жетпей жүрген үлескерлер, ипотекалық қарыздарын төлей алмай жүрген борышкерлер мен сот шешіміне наразылар жиын өткізіп, бірігетіндерін жариялады. Баспасөз жиыны белсенді Санавар Закированың тіркелмеген, әлі құрылмаған «Наше право» партиясының штаб-пәтеріндегі «Халық дауысы» баспасөз орталығында өтті.

Жиналғандардың бірі құнын толық төлеген коммерциялық ғимаратын ала алмай жүргендерін, енді бірі баспанасыз қаңғып жүргенін айтты.

Үлескерлер, борышкерлер және сот шешімімен келіспейтіндер мәселелерін тек президент Қасым-Жомарт Тоқаев шеше алады деп санайды. Мәселелерін шешу үшін бірігіп әрекет етуді ұйғарған олар президентке хат тапсыру үшін 17 ақпанда үкімет үйіне баруға келісті.

Ақпанның 10-13 күндері Қазақстанның әр өңірінен келген қырықтан астам сот шешіміне наразы адам «Нұр Отан» партиясының Нұр-Сұлтандағы орталық аппараты кеңсесіне, жоғары сотқа барып мәселені шешетін комиссия құруды талап еткен болатын. Бірақ ол талаптарына әзірге жауап жоқ.

Cот шешіміне адамдардың топтасып наразылық білдіруі былтыр да бірнеше айға жалғасқан. 2019 жылдың 9 мамырында және 4 маусымда «сот шешімін заңсыз» деп санаған ондаған адам «Нұр Отан» партиясының астанадағы бас ғимаратына жиналған еді. Олар сол кездегі президентке кандидаттыққа түсіп жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етіп, мәселелерін шешетін арнайы комиссия құруды сұраған. Кейбірі партияның ғимаратында қонып қалған еді. Ол кезде Тоқаевтың басқа өңірде жүргені хабарланып, наразылармен «Нұр Отан» партиясы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кездескен. Ол «мәселелерін қарау үшін арнайы комиссия құрылады» деп уәде еткен. Алайда сот шешіміне наразылар президент сайлауы өткен соң мұның бәрі «бос әңгіме» болып қалғанын айтады.

Azattyq