ұл есімі, қыз есімі, ырымдар

0

АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақ халқы жаңа туған балаға азан шақырып ат қоюды халықтың мәдениетімен, ұлттық дүниетанымымен байланыстырады. Ертеректе қойылған есімдердің арасында төрт түліктің аты жиі кездеседі. Оған жалғанатын «бек» пен «бай» секілді тілдік антропонимдік сөздер қазір де қолданылады. 

Халықтың төрт түлікпен байланысы

Этнограф Досымбек Қатыранның айтуынша, төрт түліктің атын беру халықтың менталитетіне тығыз байланысты. Қазақ күнкөріс көзі, мінсе көлік, жесе тамақ болатын малын ардақтаған.

«Дүниетанымы төрт түлікке жақын болған соң қазақ баласына Жалқыбай, Қошқарбай, Қойшыбай есімдерін берген. Бұл тек кісі есімдерінде ғана емес, халықтың өз менталитетінде жатыр. Қазақ баласын «ботақаным», «құлыншағым», «құлыным» деп шақырады. «Мал-жан аман ба» деп жағдай сұрайды. Малын ардақтайды, сондықтан қойы аз болса, баласының есімін Қойлыбай деп қояды», — дейді этнограф.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ономастика бөлімінің меңгерушісі Қыздархан Рысбергеннің айтуынша, қошқар сөзі түркі жұртшылығында күш иесі, ержүрек, батыл деген мағынаны берген. Қазақ ұлдарын қайратты болсын деп «Қошқарбай» атаған.

«Бізде көшпелі мәдениет болғандықтан төрт түлікті ата кәсіп еткен қазақтың есімдер жүйесінде, лексикасында малға қатысты атаулармен ұғым, фразеологизм мен мақал-мәтел, мифологиялық таным-түсінік, ырым да көп кездеседі. Қошқарбай есіміндегі қошқар сөзі түркі халықтары арасында күш деге нмағынаны береді. Жылқыбай дегенде халық баланың жылқы мінезді болуын айтады. Бұл есімдер қыздарға берілмеген, осыдан-ақ ер адамға күш иесі  байқалады», — дейді Қыздархан Рысберген.

Қайта туу ырымы

Отбасында бала тоқтамай, шетіней беретін болса, Итбай, Жаманбай, Сасықбай есімі берілген. Кейде оған қарамай шетіней берсе, одан да нашар есім бере бастайды. 

«Халық үш кемпір немесе жеті кемпірдің аяғының астынан өткізіп, қайта туу ырымын жасайды. Жетікемпір, Үшкемпір деген есімдер осыдан пайда болған. Кенен Әзірбаевтың Төрткен деген қызының азан шақырып қойған есімі –Төрт кемпір бір шал. Жаңа туған шақалақты төрт кемпір мен бір шалдың аяғының астынан өткізіп алған. Осындай атпен жүргендер расында да аман қалған көрінеді», — дейді Қатыран. 

Одан басқа өз баласын басқаның асырауына беріп, бес-алты ай өткен соң сатып алу ырымы да болған.

«Жаңа туған баланы басқа біреудің асырауына беріп жібереді. Қырқынан шыққанша немесе 5-6 ай өткеннен кейін қайтадан сатып алып жатады. Ондай баланың атын Сатыбалды қояды. Орыспен қатынасқа түскеннен кейін сол ұлттың есімін беру басталды. Алдында көп бала шетінесе, соны адастыру үшін Жанықалған, Адасқан деген ат қоя бастайды. Бұл дүниенің бәрінен ежелгі наным-сенім, дүниеге көзқарас, тылсым күшке деген сенімді көреміз. Қазақта дүниетанымдық көзқарас бір ат қоюдан көрінеді», — дейді ол.

Тағы оқыңыз: Мұсылманша есімдер немесе ат қою кезінде нені ескеру керек?

Ал филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысбергеннің айтуынша, Сатыбалды мен Төлеген есімінің өз уәжі бар. 

«Сатыбалды мен Төлеген қарапайым етістік болып көрінуі мүмкін, алайда астарында этномәдени ақпарат, халықтар білімінің жүйесі жатыр. Халықтың рухани, мәдени коды бар. Сатыбалды деген өзім алған жоқпын, Құдайдан сатып алдым деген астар жатыр. Төлеген есімінде бұл баланың құны төленген деген жасырын ақпарат бар», — дейді филолог.

Қырқынан шыққан соң азан шақырған

Этнографтың айтуынша, адам есімінің де жаны болады. Сонымен қатар бала дүниеге келгенде жаратушы екеуінің арасында байланыс орнату үшін екі-үш күннің ішінде сәбиге ат қою керек.

«Адам есімінің де жаны бар. Тіпті баланың дүниеге жылап келуінің өзі, шырылдап дауыс шығаруы өзінің бар екенін көрсету болып саналады. Ал оған азан шақырып ат қою есімін әйгілеу деп аталады. Жаны бар бала туғанда дауыс шығармаса, оны өлі туды деп санайды. Себебі ол өзін әйгілеген жоқ, жылаған жоқ. Тірі туса да, дауыс шығаруына қарайды», — дейді Досымбек Қатыран.  

Айтуынша, сәбиге қырқынан шыққан соң да азан шақырып есімін қоя береді. Ол да тіл мен көзден сақтанудың бір жолы. 

«Бала туған кезде бір есім береді, бірақ азан шақырмайды. Қырқынан шыққаннан кейін ғана өз атын қойып, азан шақырады. Есейіп, ер жеткенде тағы бір атқа ие болады. Ол тілмен көзден сақтау үшін жасалады. Қазір де атты кейін қою үрдісі бар», — дейді ол.

Пайғамбардың аты балаға ауыр тие ме?

Араб, парсылар пайғамбарлардың есімін жиі қояды. Ал қазақтың сенімінде ол балаға ауыр тиеді деп, қысқартылып қолданылады. Оған ақын Мақатаевтың азан шақырып қойған есімі Мұхамедқали болғаны, әжесінің қысқартып Мұқағали атап кеткені мысал бола алады.

«Қазақ Мұхамеджан, Дінмұхамед деп баласына есім бергенімен, оны басқаша атап кетеді. Бізде ұлы тұлғаның есімін бала көтере алмай қалады, ауыр болады деген сенім бар. Сол себепті қазір батырлар мен хан-сұлтандардың есімі сирек кездеседі», — дейді этнограф.

Қазақ баласына қандай есім қоймады?

Халық адамзат бойында үрей тудыратын есімді баласына бермейтін болған. 
«Халық сескеніп, үрей тудыратын болмысты балаға қоймайды. Пері мен жын-шайтанның бізге көрінбегені болмаса, олар да тіршілік иесі. Ислам дінінде бәрін жын-шайтан деп айтады, ал қазақ оның отызға тарта түрін тарқатып береді: пері, жетек, обыр. Қазақ адамға қарсы қаскөй күштердің атын баласына қоймайды», — дейді Досымбек Қатыран.

Қыздардың есімі қандай болған?

Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ономастика бөлімінің меңгерушісі Қыздархан Рысбергеннің айтуынша, қыз баланың есімінде поэтика көбірек байқалады.

«Қызға гүлдің, асыл тастың аты, табиғатқа байланысты есімдер берілген. Раушан, Самал деп ат қойған. Қыз баланың есімінде апта күндері де жиі кездеседі», — дейді филолог.

Қыз көп дүниеге келген отбасыда Ұлжалғас, Қызқойсын, Ұлболсын деген есім қояды. Отбасыда сол қыздан кейін ұл баланың дүниеге келуі де есімнің  айрықша рөлін көрсетеді.

«Бек» пен «бай» секілді тілдік антропонимдік маркер сөздер халықтың бай болсын, бақуатты, берік болсын деген ниетінен туған. Сонымен қатар баласына «хан» сөзінің жалғанған есім беріп, оның биік, қаған, патша болуын қалаған.



sputniknews.kz