Украинаның Қазақстандағы Елшісімен сұхбат: Ресей неге Украинаға басып кірді?

0
79
Фото inbusiness.kz сайтынан алынды

«Таразы» жобасының қонағы – Украинаның Қазақстандағы Елшісі Петр Врублевский. 

— Петр Юрьевич, қалай ойлайсыз, орыстар не үшін Қырым мен Донецкке басып кірді?

— Бұл жерде Қырымды түсінуге болатын сияқты. Қырым батып кетпейтін «әуе кемесі» сияқты, себебі НАТО-ның барлық елдеріне сол жерден қауіп төнеді, ол жерде флот орналасқан. Себебі Севастополь қандай да бір себептермен орыс теңізшілері қаласы деп саналады. Соңғы жүз жылда оны екі рет басып алды. Дегенмен кеңес әскері мен орыс әскері ауыр жеңіліске ұшырады.

Біріншіден, 50-54 жылдарда болған Қырым соғысындағы, содан кейін екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Севастопольді берді, сол жерде жараланғандар мен тұтқындарды қалдырды, содан кейін олар тұтқынға алынды. Ал басшылық Севастопольден қашып кетті. Олардың бірі сүңгуір қайықпен, енді бірі су кемесімен кетті. Содан ол жерде, әдетте, бұрын сол өңірге барған кеңес офицерлері қалып қойды. Олар негізі өте мықты, бұрынғы кеңес офицерлері болатын. Жазда бұл өңірге орыс халқы келіп, концерт қойып, өздерін насихаттаған, орындаушылар көптеп өнер көрсетуге келді. Сәйкесінше, әрине, үлкен бесінші колонна болды. Дегенмен бесінші колонна елдің шығысында да болды. Бұл жерде украиндықтар да бар. Шындыққа тура қарасақ, ол жерде теледидар тоңазытқышты «жеңді». Адамдар орыс үгіт-насихатына қанықты, содан кейін басып алу басталды, алдымен Қырымды, содан кейін Донецк және Луганск облыстарын.

Айта кету керек, сол мезетте Донецк, Луганск облыстарын кезіндегі ДНР-дің Қорғаныс министрі болған «жеккөрінішті» Гиркин басқарды. Ол Ресей азаматы және ФСБ қызметкері еді. Ресей Федерациясының әскери барлауында болған. Ол кезеңде ешқандай азаматтық соғыс туралы жақ ашу, сөйлеу мүмкін емес еді. Қазір қателеспесем, Пушилин болу керек, ол Донецк Халық Республикасының басшысы болып отыр. Біз бұл өңірді Халық Республикасы деп атамаймыз, бізше бұл ОРДЛО, яғни Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандары. Бұл аудандарды Ресей Федерациясы уақытша басып алған.

Сондықтан жалпы бұл екі халықтың тарихында өте жағымсыз «қара жамылған беттер» көп. Оның бірі Украинадағы аштық және қазақ халқының тарихындағы ашаршылық қасіреті. Ол Қазақстанда әлі мойындалған жоқ. Ал Украинада оны «геноцид» деп таныды. Бұл «геноцид» туралы әлдеқашан-ақ елде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әр түрлі құрбандарға арналған ескерткіштер ашылды. Яғни бұл бір қаралы оқиға. Негізінен бұл қасіретті оқиға бірігіп зерттеуді қажет етеді, біз үнемі қазақстандық ғалымдарды шақырамыз, мұрағаттарды қарауға мүмкіндік береміз.

Біз бүгінгі күні де ғалымдарға Украинадағы соғыс аяқталған соң келіп, материалдар жинақтап, зерттеу жұмыстарын жалғастыруды ұсынып жатырмыз. Мынаны айта кеткім келеді, мәселен, Қырымды басып алғаннан кейін Украинада көптеген ресейлік арналарды алып тастады және жастар арасында украин тілінде сөйлеу сәнге айнала бастады, шынымен де! Негізі қанша тіл білетін болсаңыз да сіз тұлғасыз, адамсыз. Мен бұл жерде орыс тілін алып тастауға шақырмаймын, бұл — ақымақтық. Себебі бұл тіл сіздердің елдеріңізде ресми түрде бекітілген. Бірақ құрметті қазақстандық қыз-жігіттер, студенттер, колледждер мен мектеп оқушылары, қазақ тілін үйреніңдер, бұл сәнді, стильді және ол өте қажет.  Қазақ тілін білу және сөйлеу бұл қазақ қоғамын біріктіретін жетекші факторлардың бірі, бұл қазақ мәдениетін дамытатын құрал.

— Ресей жауынгерлерін соғысқа қажетті құралдарсыз жіберіп жатыр. Соның салдарынан Украинада тонау деректері тіркелуде. Бұған не дейсіз?

— Орыстың бір атақты жазушысы кезінде «Менен жүз жылдан кейін Ресейде не болып жатыр деп сұраса, ұрлық жасап жатыр деуші едім» деген екен. Шынында да, бұл елде ұрлық, соның ішінде жымқыру деп айтайын, мемлекеттік «дәрежеге» көтерілген. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің үйлерін алып қарасаңыз, прокурорлардың дәретханасы алтын жалатылған болса, ал қарапайым жол полицейінің ауласында ондаған көлігі бар. Әрине, әскерде де дәл сондай жағдай. Мысалы, Сердюков пен Васильев арасындағы жанжалды еске түсіріңіз. Оның ақыры қайта түрмеге отырумен аяқталған жоқ. Яғни, олардың өздерінен ұрлауы мен үшін аса маңызды емес, бірақ мен сізге мынадай кеңес берер едім. Мәселен, Googlе-ден іздеңіз, Белорусь қалаларындағы пошта бөлімшесінің бірінде түсірілген камералардан олардың Украинадан ұрлаған дүниелерді үйлеріне жіберіп жатқанын көресіз. Жауынгерлер үйлерге кіріп, блендер мен кілемдерді, кір жуғыш машиналарды, спорттық киімдерді ұрлаған. Қазір Белорусьте нарық бар, олар оны жүк көліктерімен алып кетеді, сол жақта сатады. Сонда нарықта оны кім сатып алады? Беларусь халқы украиналықтардан  ұрланған заттарды сатып алуға арланбай ма деп ойлаймын. Бұл деген барып тұрған оңбағандық қой. Мен мұны көріп, біліп, қатты қапаландым.

Міне, тағы таңғалдырды, Ресей әскерлері Украинада зергерлік бұйымдарды ғана емес, сонымен қатар азық-түлік пен алкогольді де ұрлауда. Украиналық сарбаздар басқыншылардың тонаған заттарының фотолары мен бейнелерін жариялап жатыр.

— Сіздің сарбаздарыңыз қару-жарақ пен жаңа технологияларға тез бейімделуде. Олар мұны қалай меңгеріп жатыр?

—  Украинада осыған дейін де ақылды, ұсынықты қыздар мен жігіттер болды және бар. Екіншіден, бізде жоғары білім берудің қалыпты жүйесі қалыптасқан. Үшіншіден, бізде кәсіби армия жаңа технологияны игеріп жатыр. Сондықтан соғыс кезінде олар өздерін тек жақсы жағынан көрсете алды.

— Олар қазірдің өзінде соғысқа бейімделіп, өздерін сенімдірек сезінуде дейсіз ғой?

— Әрине, шок алу соғыстың алғашқы күндерінде өткеніне сенімдімін. Басында күйзеліс болды, дегенмен адамдар  бұйрықты орындауды түсіне бастады. Ресей әскері қанша тырысса да біздің әуе қорғанысымызды жоя алған жоқ, біз жаңасын тағы аламыз. Әуе қорғанысын және кеме қорғанысы жүйесін қайта қалыптастырамыз. Біз қазірдің өзінде бірнеше облысты азат еттік, алдағы уақытта тағы жалғасын табады деп үміттенемін.

— Бұл жағдайдан Қазақстан қандай сабақ алуы керек?

Менің түсінуімше, ең алдымен, Қазақстан өзінің экономикасын нығайтуы керек. Бұл тұрғыда Қазақстан экономикалық құрылымын нығайтуда бір елге, не Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа қол жаймауы қажет. Әрине, әскерді күшейту керек, ұлтын сүйетін азаматтарды тәрбиелеу керек. Қазақстан – бұл көп ұлт тұратын ел. Сондықтан өзге елдермен достық қарым-қатынасты ұстана отырып, қазақтар өз идеологиясын дамытып, өзін алып шығатындай елге айналуы керек. Ең бастысы, экономика және армия.

— Сондай-ақ идеологиялық жағын да дамыту керек демексіз ғой. Мысалы, үгіт-насихат ұрандарына еріп кетпеу үшін ұлттық идеяны біріктіруге тиіс.

— Әрине, қазір Қазақстанда сөз еркіндігі бар. Украинада да солай. Мәселен, мен Елші ретінде ортаға келіп, үстелді ұрып, ресейлік арналардың жұмыс істеуіне тыйым сала алмаймын. Шынымды айтсам, мен соны шынымен де қалап тұрсам да жасай алмаймын.

Бұл жерде noblesse oblige позициясы міндеттейді, дегенмен бұл сіздердің ішкі саясатыңыз, мен оған араласып, ішкі істерге кірісе алмаймын. Қараңыз, 2014 жылы Қырымды тұтқынға алынғаннан кейін біз барлық ресейлік арналарды лақтырып тастадық.

Содан кейін украиндық шығаратын телевидение контентінің сапасы көтерілді. Сіздерге де не кедергі? Мен бұл жерде мұны тек ұсыныс ретінде айтты делік. Мазмұнды саяси шоудың орнына бұл өз контентіңді қою керек. Жай ғана фильм,не бағдарлама болуы мүмкін. Бұл Қазақстанға көмектеседі.

— Насихат күші сезілетін сияқты, иә? Мысалы, ресейлік БАҚ-тың айтқанына барлық адам сенеді.

— Иә, солай екені рас. Ресейлік телеарналар соңғы он жылда еш қымсынбастан ресейліктердің басын айналдырды. Өкінішке қарай, бұған күмән келтіре алмаймыз. Қазір де Ресей Федерациясы азаматтарының жартысынан астамы бұл соғысқа қолдау білдіріп жатыр. Олардың теледидар тоңазытқышты «жеңіп шықты».

— Ресейліктер бұл жағдайды соғыс емес, әскери операция дейді. Бұған не дейсіз?

—   Мен олардың  сөздерінде негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл орыстардың қалауына байланысты емес, бұл соғыс олар үшін қазірдің өзінде фетиш сияқты. Олар соғыстан қорқады, олар соғысты соғыс деуден қорқады. Егер сіз әскери азап шеккен болсаңыз, қандай да бір өтемақы алуыңыз керек. Бұл жерде олар Украинада өлтірілген азаматтардың отбасына өтемақы төлегісі келмейді. Осындай да нұсқа болуы мүмкін. Олар өз әрекеттерімен 9 мамыр оқиғасында барлық адамды мезі етті. Шынымен де өткен жылы 9 мамырда Мәскеудегі парадқа келген адамдарды қараңыз. Міне, сол жерден не үшін керек екенін көруге болады.

— Кезінде Ресей империясы Кеңес Одағына дейін адамдарды құрал ретінде пайдаланды. Олардың осы саясаты әлі де жалғасып жатқан сияқты ма?

— Әрине, оларда қалыптасқан «Әйел тағы да босанады» дегендей мәтел бар. Олар соғыс қазанына жастарды, әскерге шақырылмағандарды тастап жатыр. Мен, әрине, орыс әскерінің күшін бағалағым келмейді. Олар соңғы бірнеше жылда ғана жаттықты. Ресей Шешенстанда, Приднестровьеде, Грузияда соғысты. Қазір де көтерілді, Украинада көптеген жерлерді алды, тістерін батырды. Бірақ мен Украинаның жеңісіне сенемін.

Біз әлгі сөз еткен үгіт-насихатқа келсек, ол екі бағытқа жұмыс істейді. Яғни халыққа да, биліктегілерге де қызмет етеді. Олар қандай да бір себептермен Украина бірікпейтініне сенді. Батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстіктегі көп адамдар Ресей Федерациясын қолдайды деп ойлады. Адамдар жақсы инвестиция «құйды». Мәселен, Қазақстан территориясында жұмыс істейтін Ресейдің ынтымақтастық ұйымы не істейтінін қараңыз. Мысалы, Отанын сатқан бұрынғы Қырым прокуроры Наталья Поклонскаяны Кабо-Верде елшісі қылып тағайындауға қорықты, өйткені біздің Украинаға жасаған опасыздығы үшін жүгінетінімізді білді. Қазір ол — Ресейдің ынтымақтастық ұйымы басшының орынбасары. Туған жеріне опасыздық жасаған адамның басқалар үшін басын ауыртатынана кім сенеді? Олар көп ақша жұмсаса да ештеңе шығара алмады. Біз бәріміз жиналып, өз Президентіміздің айналасына топтастық. Және тәуелсіздігіміз үшін күресеміз.

— Украинаның одақтық шоғырлануы соншалықты күтпеген іс болды. Біз, Қазақстан, өкінішке қарай, әртүрлі діндерге, басқа да көптеген топтарға бөлінеміз, трайбализм бар. Біз де өзара бірігуіміз үшін соғыс болу керек пе? Қалай ойлайсыз, қандай жағдай біріктіруі мүмкін?

—   Мен Қазақстанның ішкі саясатына, жағдайына араласа алмаймын. Себебі Вена конвенциясы Қазақстанның ісіне араласуға тыйым салған. Мен тек дипломатпын. Мен өз елімнің мүддесін ғана ойлаймын. Меніңше, Қазақстан халқы қиын кезеңде емес, қазірден-ақ біріксе екен деймін. Бұл тұрғыда идея іздеу керек. Бұл орайда маған Президент Тоқаевтың реформалар туралы айтқаны ерекше ұнады. Сіздерге қандай да бір маңызды дүниеге назар аударуларыңыз керек. Жаңа гүлденген Қазақстан құру жолында бәріңіз бірігіп, жұмыс істесеңіз, сонда барлығы жақсы болады. Өз армияңызды құрыңыз, экономикаңызды дамытыңыз. Яғни, сізге шабуыл жасағанын күтпей, бірігіп, әрекет ету керек. Бар болғаны осы.

— Қазір тек Қазақстан емес, бүкіл әлем Украинаның жеңісін күтуде деуге болады. Бұйырса, алдағы уақытта жеңісті бірге тойлаймыз деп сенемін. Айтар соңғы тілегіңіз болса?!

— Алға Қазақстан! Біз біргеміз!

Сұхбаттасқан: Арман ӘУБӘКІР,

Kznews.kz ақпараттық порталы