Украиналық сарбазды Донбастағы италиялық журналистің өліміне кінәлі деп тапты

0

Италия соты Украина ұлттық гвардиясының сарбазы Виталий Маркивті кінәлі деп тауып, 24 жылға бас бостандығынан айырды. Прокуратура өкілдері оны 17 жылға соттауды сұраған. Сот алқасы айыптаушы тарап сұрағаннан көбірек жыл берген. Украина және Италия азаматтығы бар Виталий Маркивті полиция 2017 жылдың маусым айында Италияда ұстаған. Оны 2014 жылы Украинаның Донецк облысында қаза тапқан италиялық журналист Андреа Роккеллидің өліміне қатысы бар деп айыптаған.

Прокурорлар Роккеллиді қасақана өлтірді деп санайды. Олардың айтуынша, Маркив журналистің Донецкіге келгенін әскерилерге хабарлаған. Бірақ қорғау тарабы бұл айыпты жоққа шығарады. Олардың айтуынша, қақтығыс аймағында жүрген ақпарат құрал өкілдерінде журналист екенін көрсететін арнайы киім не жазу болмаған және оған кез келген қаңғыған оқ тиюі мүмкін.

Италия тарабы оқиға орнында тергеу амалдарын жүргізуден бас тартты және Киевтің ортақ тергеу тобын құру жайлы ұсынысын да қабылдамады Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваков Италия сотының үкімін апелляцияға беретінін мәлімдеді. «Виталий Маркивке 24 жыл беру — бұл әділетсіз, Италия сотының масқара әрекеті. Оны апелляцияға береміз» деді ол.

Azattyq