«Украинадағы сайлау – Қазақстан билігі үшін қорқынышты түс»

0

Украинада бюллетеньдердің 99 пайызы саналғаннан кейін шоумен Владимир Зеленскийдің 73 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткені белгілі болды. Сайлаудың екінші кезеңінде елді осыған дейін басқарған Петр Порошенко дауыс берушілердің 25 пайызының қолдауына ие болған.

Порошенко жеңілісінің себептерін талдаған қазақстандық сарапшылар Украинада болған сайлау Қазақстан билігі үшін «қорқынышты түспен тең» деп бағалады. Азаттық тілдескен сарапшылардың пікірінше, Порошенко әкімшілік ресурстарды пайдаланып, сайлау нәтижесіне ықпал етуге тырыспады. Сарапшылардың бірі саяси ұйқыдағы Қазақстан қоғамы Украинадағы өзгерістерге қарап оянуы керек десе, басқалары «Қазақстанда сайлауға жүйеден тыс кандидаттың қатысуы мүмкін емес» деген пікір айтты.

«ПОРОШЕНКО ДЕМОКРАТИЯНЫ ҚҰРМЕТТЕЙТІНІН ДӘЛЕЛДЕДІ»

18 сәуірден бері Украинада болып, президент сайлауын бақылаған «Либерти» қоғамдық қорының президенті Ғалым Ағелеуов украиналықтардың таңдауы қазақстандықтарға сабақ болуы керек деп есептейді.

– Украинадағы сайлау бәрі де мүмкін екенін көрсетті. Сайлауды лайықты өткізу үшін бар болғаны саяси ерік-жігер керек. Бұл бүкіл Қазақстан халқы мен билікке байланысты. Мысалы, Петр Порошенко ешқандай әкімшілік құрал пайдаланған жоқ. Порошенко туралы кері пікір көп айталды. Бірақ бұл сайлауда ол демократия ережелерін құрметтейтінін дәлелдеді, – дейді ол.

Ағелеуовтің айтуынша, сайлау учаскелеріне елде елеулі өзгерістер болғанын қалайтын жастар көп келген.

– Сайлаушылар өз қалауын халық мүддесінен жоғары қоятын олигархтар билігінен шаршағанын айтады. Олар Зеленский халықты жарқын болашаққа бастайды деп үміттенеді, – дейді украиналық электоратпен тілдескен Ағелеуов.

Петр Порошенко.

Петр Порошенко.

Журналист және құқық қорғаушы, Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның ақпараттық мониторинг орталығының жетекшісі Сергей Дуванов «қазақстандықтар Украинадағы өзгерістен «Бәрі де мүмкін» деген қорытынды шығара алады» дейді.

Оның ойынша, әділ сайлауға тыйым болса, оның түп-тамырын бірінші кезекте қоғамдық санадан іздеу керек.

– [Еркін әрі әділ президенттік сайлауды] жасауға болады. Қандай Порошенко болғаны маңызды емес. Бұған дейін Армениядағы, енді міне Украинадағы сайлаудан кейін біз әділ сайлау өткізу жеңіл екеніне көз жеткіздік. Бұл үшін адамдардың өз ойын іркілмей айтып, қалаған кандидатына дауыс беретін батылдығы керек. Біздің жағдайда, айтылғанның бәрін жүзеге асыру қиын болғанымен, байқап көруге болады деп ойлаймын. Олар (украиналықтар – ред.) байқап көрді және қолдарынан келді. Ал біз әлі талпынған да жоқпыз. Бұл талпыныстан қандай нәтиже шығатыны – екінші мәселе. Бұл үшін 15 тәулік түрмеде отыру керек болса да, байқап көру керек, – дейді Дуванов.

Журналист және құқық қорғаушы Андрей Свиридов Қазақстанда Украинадағыдай сайлау болады дегенге сенбейді.

– Украина мен Қазақстандағы жағдайды салыстырсақ, екі елдің бағытын не параллель, не өзара қиылысатын сызықтар деуге келмейді. Өйткені олар әртүрлі жазықтықта жатыр. Украина – батысқа, Ресей – Азияға, оның ішінде Қытайға бет алса, Қазақстанда Владимир Высоцкийдің «Бег на месте» (Бір орында жүгіру) деген әніндегідей қозғалыс бағыты байқалмайды, – дейді Андрей Свиридов.

«Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық ұйымының жетекшісі, бұрынғы депутат және оппозициядағы саясаткер Зәуреш Батталованың сөзінше, «Қазақстан мен Украинадағы қоғамдық көңіл-күй екі түрлі. Бірақ аз ғана ұқсастықтар бар, Украина мен Қазақстан халқы демократия ережелеріне сай еркін сайлау болғанын қалайды».

– Украинада мұндай сайлау өткізуге әбден болады. Өйткені онда билік ауысу процесі заңды түрде реттелген. Украинада барлық кандидаттарға үгіт-насихат жүргізіп, биліктегі президентпен тікелей пікірталасқа түсуге, өз бағдарламасы бойынша халықпен еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазақстанда бәріне толықтай тыйым салынған. Жекелеген кандидаттар өз-өзін ұсыну арқылы сайлауға қатыса алмайды. Сайлау бюллетеньдерін ашық әрі әділ жолмен санау Қазақстан билігіне жат. Қазақстан президенті әділ сайлау өткізуге кепіл бергеніне қарамастан, іс жүзінде азаматтар осы сөз үшін 15 тәулікке абақтыға жабылды, – дейді Алматы марафонында ұсталған белсенділерді мысалға келтірген Зәуреш Батталова.

21 сәуірде Алматы марафонында «От правды не убежишь. У меня есть выбор. #adilsailayuzhin» (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар. Әділ сайлау үшін) деген жазуы бар баннерді жол бойына ілгені үшін екі жас Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаев 15 тәулікке қамалған. Сот үш белсендіге 50 мың теңге айыппұл салған.

Батталованың пікірінше, Қазақстан билігі Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қалай болды, сол күйі қалады.

— Назарбаевтан кейінгі билік те демократия реформаларына дайын емес. Бұл реформалар халыққа керек. Демек халықтан басқа ешкім оны жүзеге асырмайды, – дейді ол.

«ШАРШАТҚАН ШЕНЕУНІКТЕРГЕ» ҚАРСЫ КАНДАДИТ

Үкіметте де, оппозицияда да болып көрген 71 жастағы экономист Петр Своик «Қазақстан қоғамында Украинадағы сияқты көпполярлы көзқарас бар. Украинада бір топ батыстың даму моделін, екінші топ жеке дербестікті, тағы бір топ бұрынғы Совет одағын, қазір Еуразиялық одақты қайта жаңғыртуды қолдайды. Халық елде АҚШ-тың да, Ресейдің де күштері бар екенін біледі. Украинадағы сайлау халықтың саясаткерлер мен олардың идеологиясынан шаршағанын көрсетті. Сондықтан халық оларға қарсы Зеленскийге дауыс берді. Ал Қазақстанда мұндай ашық саясат жоқ» дейді.

«Ұлттық зерттеулер институты» үкіметтік емес ұйымының директоры Бөріхан Нұрмұхамедовтің сөзінше, Порошенконың жеңілісі қоғамда жаңа саяси күштердің пайда болуына деген қажеттілікті, халықтың жүйеде бұрыннан бар саясаткерлерден шаршағанын, мемлекет басшысынан көңілі қалғанын көрсетті.

— Порошенконың олигархтармен күресу туралы орындалмаған уәдесін халық әжуаға айналдырды. Өйткені оның өзі олигарх екенін бәрі біледі. Саясаткердің шынайы бейнесі саяси технологтар жасаған образдан бөлек екені байқала бастағанда, ол күлкіге айналады. Сайлау кезінде бұл өліммен тең. Украинада осылай болды. Салмақты, тәжірибелі саясаткер Порошенко әзілкешке айналып, сайлаудан жеңілді. Ал шынайы әзілкеш Зеленский президент болды, – дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Украинадағы сайлау. 21 сәуір 2019 жыл.

Украинадағы сайлау. 21 сәуір 2019 жыл.

Зеленский сайлауалды науқан кезінде өзін «жүйені өзгертуге келген қарапайым адам» ретінде таныстырды. Ол өзінің халықтан шыққан азамат екенін бірнеше рет айтты. Экзитпол нәтижесі бойынша Зеленскийдің жеңісі анық болған кезде, ол жақтастарына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Посткеңестік елдердің халқына қарата айтқан сөзінде Зеленский «Бізге қараңдар, бәрі де мүмкін» деген үндеу жолдады.

Ал Петр Порошенко жеңілісін мойындады. Ол президент қызметінен кеткенімен, саясатта қалатынын мәлімдеді. Порошенко билік пен оппозициядағы шенеуніктер Украинаның «дамыған, еуропалық мемлекет» болғанын қалайтынын айтты.

Azattyq