Украинада «Қырым аннексиясына төтеп беру» арнайы күн ретінде белгіленді
Украина президенті Владимир Зеленский 26 ақпанды «Қырым аннексиясына қарсы тұру» күні ретінде жариялап, бұйрық шығарды. Осыдан алты жыл бұрын наурыз айында Ресей Қырымға әскер жіберіп, Қара теңіздегі түбекті басып алған. Онда өткен референдумды кемінде жүз мемлекет заңсыз деп таныған.
Сол жылы сәуір айында Ресей Украина шығысындағы қарулы сепаратистерге қолдау көрсетті. Әлі күнге дейін жалғасып жатқан қақтығыстан 13 мыңнан астам адам қаза болған.
Украина президенті кеңсесінің таратқан мәлімдемесінде «2014 жылы 26 ақпанда Мәскеумен жылы қарым-қатынас орнатқан Виктор Янукович биліктен кетірілгеннен кейін Қырым астанасы Симферопольде украиналықтар Ресейдің жаулап алуына қарсы ірі наразылық өткізді» делінген. Зеленский мәлімдемеде мемлекет басшысы ретінде ғана емес, Украина азаматы ретінде Қырымды Украинаға қайтаруды көздейтінін айтқан. Оның айтуынша, Украинаға түбекті қайтару талпынысын халықаралық қауымдастық қолдап отыр.
“Бұл күннің келетініне де сенімдімін” деді Зеленский.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің айтуынша, Зеленскийдің айтқандары “Қырымдағы шынайы ахуалмен сәйкес келмейді” және Мәскеу Зеленскийдің бұйрығымен “толығымен” келіспейді.
Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қатысты агрессиясына байланысты бұған дейін салынған санкцияны тағы бір жылға созған.
Оқи отырыңыз: Зеленский БҰҰ жиынында әлем елдерін Украинаны қолдауға шақырды