Украинада парламент сайлауы өтіп жатыр (Тікелей эфир)

0

Жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8-ден бастап ашылған сайлау учаскелері кешкі 20.00-ге дейін істейді. Экзит-полдың алдын ала қорытындысы сайлау учаскелері жабылған соң бірден дайын болады.

«Настоящее время» телеарнасы Украинадағы сайлау учаскелерінен тікелей эфирде хабар таратып жатыр:

2014 жылғы парламент сайлауы сияқты бұл жолы да Украинада пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесімен дауыс беріп жатыр.

Бір палаталы Жоғарғы Рададағы 450 орынның жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы – мажоритарлық (бір мандаттық) жүйе бойынша сайланады. Бірақ ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Донецк мен Луганск облыстарындағы кейбір аудандарда, сонымен бірге 2014 жылы Ресей өзіне қосып алған Қырым түбегінде дауыс беру өтпейтіндіктен бұл жолы Радаға 424 депутат сайланады.

Бұл орындардан шамамен алты мың кандидат үмітті: 225 депутат – партиялық тізім бойынша, 199-ы округтерден сайланады. Украинада 225 мажоритарлы округ (Украина шығысындағы барлық округті қосқанда) бар. Әрқайсысынан бір депутат қана парламентке өтеді.

Сайлауға елдегі 22 партия түсіп жатыр. Олар парламентке өтуі үшін сайлаушылардың кемінде бес пайыз дауысын алуы тиіс. Көбірек дауыс жинаған партияға парламенттен көбірек орын тиеді.

18 шілдеде жарияланған «Рейтинг» тобының әлеуметтік сауалнама қорытындысына сәйкес, бес пайыздық межеден бес партия өте алады: «Халық қызметшісі», «Өмір үшін оппозициялық платформасы», «Еуропамен ынтымақтастық», «Батькивщина» жалпыукраиналық бірлестік» партиясы және «Дауыс». Бұдан бөлек, тағы екі партияның парламентке өтуге мүмкіндігі бар. Сайлаушылардың елу пайызына жуығы Зеленскийдің «Халық қызметшісі» партиясына дауыс беруі мүмкін.

«Рейтинг» тобының зерттеу қорытындысы бойынша:

  • 49,5% – «Халық қызметшісі»;
  • 10,5% – «Өмір үшін оппозициялық платформасы»;
  • 7,7% – «Еуропамен ынтымақтастық»;
  • 6,9% – «Батькивщина» жалпыукраиналық бірлестік» партиясы;
  • 5,9% – «Дауыс» партиясы.

Елде мажоритарлық жүйе бойынша парламентке өткен кандидаттарды «сайлаушыларды сатып алды» деп жиі сынайды. Сайлау алдында олар әдетте «қайырымдылық шараларымен жиі көзге түсіп», тұрғындарға азық-түлік, ақша таратады, балаларға арналған ойын алаңдарын салады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай әрекеттің жазаланбауы жағдайды ушықтырып жіберген.

«Настоящее время» телеарнасының хабарлауынша, бұл осы аралас жүйемен өтіп жатқан соңғы сайлау болуы мүмкін. 2023 жылдан бастап, ел мажоритарлық және жабық партиялық тізімнен бас тартып, дауыс беруді неғұрлым ашық қылмақ.

Владимир Зеленский мамыр айында президент ретінде қызметіне кірісе сала Жоғарғы Раданы тарататынын мәлімдеген. Ол украиналықтардың парламентке сенімі жоғалғанын айтқан еді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз