Украина тұтқындағы Путиннің өкіл әкесін Ресейге қайтарып берді

0

Киев ресейшіл саясаткер Виктор Медведчук пен ресейлік 55 әскери қызметкерді Мәскеуге тапсырды.

Бұл туралы Украина қауіпсіздік қызметі хабарлайды.

Украина президентінің кеңсе меңгерушісі Андрей Ермактың айтуынша, Виктор Медвечук 215 украиндық сарбазға, оның ішінде Мариуполь Азовсталь зауытының қорғаушылары мен Азов полкінің қолбасшылығына айырбасталған. Сондай-ақ, Украина жағында соғысып, тұтқынға түскен 10 шетелдік қайтарылды.

СБУ Медведчукпен алмасу оның істерін сотта қарауға кедергі келтірмейтінін атап өтті.

«Бұл қиын процесс болды. Шығарылған 215 әскер – бұл Украина Қарулы Күштерінің алдыңғы шептегі жұмысының нәтижелерін қоса, күш позициясын қолдана отырып, дұрыс тактиканың маңызды нәтижесі» деп жазды Ермак.

Владимир Зеленский Азов командасымен бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Ол алмасу шарты бойынша бес полк командирі соғыс біткенше Түркияда болатынын айтты. Әскерилер президент Режеп Тайып Ердоғанның жеке қорғауында болады.

 Біз өз адамдарымызды үйге әкеле жатырмыз. Бұл мемлекетіміздің, бүкіл қоғамның жеңісі екені сөзсіз. Ең бастысы, жақындарын қауіпсіз жерде көре алатын 215 отбасы үшін,- деді Зеленский.

Ердоған өз кезегінде Мәскеу мен Киев арасындағы тұтқындар алмасуы Анкараның арағайындығымен өткенін және соғысты тоқтату жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Азов 2014 жылы Донбастағы қақтығыс кезінде еріктілер батальоны ретінде құрылған. Кейіннен ол полк болып қайта құрылып, тұрақты Украина армиясының құрамына кірді.

«Оппозициялық платформа – Өмір үшін» партиясының жетекшісі Медведчукті «Владимир Путиннің өкіл әкесі» деп атайды. Украинада оған екі бап бойынша мемлекетке опасыздық жасады және Қырымда тау-кен ісімен айналысқаны үшін «ұлттық ресурстарды талан-таражға салды» деген айып тағылды. Медведчук үйқамаққа алынды. Ол Ресей Украинаға басып кірген алғашқы күндері қашып кеткен. 12 сәуірде Украина билігі Медведчуктің ұсталғанын хабарлады.